Мемлекеттік басқару жүйесіне шығармашыл және бастамашыл жастарды тартуға бағытталған жобаның резервіне іріктеу алты кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық есептерді шешу, құзыреттерді бағалау (бағалау орталығы және құзыреттілік сұхбаты), сарапшылық комиссиямен әңгімелесу және Ұлттық комиссия отырысы.
Ассессмент-орталық – кәсіби құзыреттердің даму деңгейін анықтау және нақты жұмыс жағдайына жақын іскерлік ойындарға тарту арқылы әлеуетті анықтау, кандидаттар қызметінің негізгі элементтерін модельдеуге негізделген жеке және топтық жағдайларды шешуде құзыреттерді кешенді бағалау әдісі. Оған 244 үміткер қатысып, оның қорытындысы бойынша «Құзыреттерді бағалау» кезеңінің екінші блогі «Құзыреттілік бойынша сұхбатқа» 2,22 және одан жоғары балл жинаған 170 кандидат жіберілген.
«Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасында бас маман қызметіндемін. Жоба туралы әлеуметтік желіден көріп, бағымды сынау үшін қатысудамын. Құжат тапсыру онлайн форматта ұйымдастырылды. Қазір төртінші кезеңге өттім. Мұнда да тәжірибе жинақтап жатырмын. Ең мықтысы кадрлық резервке өтіп, ел үшін қызмет етсін», деді қатысушы Қайрат Айдосұлы.
Құзыреттерді бағалау үшін арнайы сертификатталған бағалаушылар мен супервизорлар тартылған. Құзыреттілік бойынша сұхбат 20-24 қараша аралығында онлайн форматта ұйымдастырылмақшы. Жеке тереңдетілген әңгіме жүргізу үшін кәсіби HR-сарапшылар тартылады деп жоспарланып отыр. Бұл – кандидаттың құндылықтар бағдарын көрсететін құзыреттерін және ішкі ынта-жігерін анықтауға, белгілі бір жағдайларда кандидаттың мінез-құлық үлгілерін болжауға бағытталған.
Іріктеу тәртібіне сәйкес, ең жақсы нәтиже көрсеткен 170 үміткер үшін сұхбатқа тіркелу алдыңғы блокке ұқсас онлайн платформада жүзеге асырылады. Нәтижелері бойынша келесі кезең – «Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге» 150-ден аспайтын кандидат жіберілетін болады.
Айта кетейік, биыл жеңімпаздардың есімі желтоқсан айында жарияланады. Қорытындысы бойынша резервке 50 адам қабылданбақшы.
Дариға ҚҰРМАНӘЛІ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті