Президент • 23 Қараша, 2023

ҰҚШҰ: Келесі жылы төрағалық тізгін бізге тимек

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Минскіде (Беларусь) өтіп жатқан ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік  кеңесінің сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі, қару-жарақ айналымы, трансшекаралық қылмыс және заңсыз миграцияның өсуіне Қазақстан да бей-жай қарамайтынын жеткізді деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сүйеніп.

ҰҚШҰ: Келесі жылы төрағалық тізгін бізге тимек

aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір екенін жеткізді.  

«Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның әлеуетін дамыту және сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимыл тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бір жыл ішінде жүзеге асқан ауқымды жұмыстарды да атап өтті.  Президент 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Ұйымға төрағалық ететінін және осы кезеңде басымдық берілетін бағыттарды кеңейтілген құрамдағы жиын барысында жеткізетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ұйымды қарқынды әрі теңгерімді дамытуға, барлық мүше мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екенінен құлағдар етті.