Құқық • 24 Қараша, 2023

Қауіпсіздік – ортақ іс

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қылмыс пен құқық бұзушылықты азайту, олардың алдын алу – бүгінгі күні қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл ретте өңір­де тәртіп сақшылары мен тұр­ғындардың бірлескен қимылы ар­қасында атқарылған жұмыс нә­тижесі айқын көрініп отыр.

Қауіпсіздік – ортақ іс

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қызылорда қазір қауіпсіз өңірлер қатарында тұр. Жал­пы қылмыс – 4, аса ауыр қыл­мыс – 19, онша ауыр емес және ауырлығы орташа түрі – 16, ұрлық – 16, мал ұрлығы 49 пайызға төмен­деген. Қоғамдық орындар мен көшелерде мас күйінде қылмыс жасайтындар қата­ры сиреген.

– Бүгінде есірткімен күрес маңызды бағыттардың біріне айналғаны рас. Министр­ліктің кеңейтілген алқа оты­рысын­да Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тасы­ма­лы­ның жолын кесіп, оған байланысты қыл­мыстардың алдын алуға байланысты нақты тапсырма берді. Бұл бағыттағы департамент қыз­меткерлері жұмысын мына цифрлар дәйек­теп тұр. Жыл басынан 241 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан 2 тонна 304 кг есірткі заты тәркіленді. По­лицейлер облыс аума­ғынан есірткі өндіретін 2 фито-зертхананы анықтап, әлеу­меттік желілерде мо­ни­торинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақ­параттық жүйесіне синте­ти­калық есірткі жарнамалайтын 70 сайт енгізіліп, оның 42-сі бұғатталса, қалғаны тек­серіліп жатыр, – дейді об­лыстық полиция депар­та­ментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақ­сұтхан Әбләзімов.

Биылғы 1 маусым – 31 қа­зан аралы­ғында өткен рес­пуб­­ли­калық «Қара­сора» жедел про­филак­ти­калық іс-ша­ра­сы аясында полицейлер 163 құ­қық бұзу­шылықты анық­­тады. Осы ара­лықта есірт­кі өсі­румен айналысқан 61 адам ұста­лып, 24-і қамауға алынған. Талайларға қасірет әкел­ген қарасораның 17 мың 828 түбі жойылды.

Жыл басынан бері өңірде жол жүру ережесін бұзудың 171 мыңнан аса дерегі анық­талып отыр. Осының 95 мың­нан астамы жылдамдық асыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көлік тізгінінде ұя­лы телефон қолдану, ма­саң күйде көлік айдау секілді жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзу­шылықтар. Осыдан да жол-көлік оқиғасы, одан жа­р­ақат алғандар саны өскен. Сон­дықтан осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында күн­делікті талдау жасалып, «Қа­уіп­сіз жол», «Заңсыз жо­лау­шы тасымалдау­шы», «Ба­­­лалардың жолдағы қа­уіпсіздігі», «Автобус», «Құ­қық­­­тық тәртіп» секілді жедел про­фи­лактикалық іс-шаралар тұ­рақ­ты жүргізіліп келеді. Елді мекен­дерге мобильді кешен­дер жұ­мыл­­дырылып отыр. Аппа­рат­­тық кешендер мен зият­­­керлік қиылыс­тар «МегаКамҚорғау» мобильді бағдар­ламасына қосыл­ған.

Департамент басшысы бү­гінде балаларының немен айналысып жат­қанына мән бермейтін жұмысбасты ата-аналардың бар екендігін де атап өтті. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын бала­лардың жақсы тәлім-тәрбие алып, жан-жақты азамат болып жетілуі жеке адам­ның ғана емес, күллі қо­ғамның алдында тұрған міндет. Өйткені кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне көңіл бөлмеу олардың құ­қық бұзушылыққа қарай қадам басуына жол ашады. Сондықтан полиция департаментінің қыз­мет­керлері жасөспірімдер тәр­­­биесіне мүдделі мем­ле­кет­тік органдармен бірлесіп, кәмелетке толма­ған­дар жа­­сайтын құқық бұ­зу­шы­лықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес тиім­ділігін арт­тырудың түрлі шарасын жүзеге асырып келеді. Осы бағытта «Жасөспірім – Көше», «Заң – Бала – Қа­уіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі қала», «Жас­­­өспірім» атты жедел про­филактикалық іс-ша­ра­лар тұрақты өткізіледі. Биыл бала­лар қолымен жа­салған 46 қылмыс тір­келіп, 58 жас­өспірім қылмыстық жауап­­кершілікке тартылды. Олардың қата­рынан 20 мектеп оқушысы, 33 колледж студенті табылуы ойлан­тар­лық жағдай.

Бүгінде ішкі істер ор­ган­дарын­дағы жұмысты автомат­тандыру, цифр­лан­дыру­ жә­не оңтайландыру шарала­ры қабылданып келеді. «Элек­­­трон­дық қыл­­мыстық іс жүйесі» ая­­сында жеке құрам 100 пайы­з қамтылып, қазіргі уа­қытта қылмыстық істер электрондық форматта тер­геліп жатыр. Бұл жүйе аза­­маттарға тергеп-тексеру барысын қада­ғалауға мүм­кіндік береді. Қоғамдық орын­­дарда, мектептерде, сау­­да және ойын-сауық ор­та­лық­тарында шұғыл ша­қыру жүйелеріне «Дабыл батырмалары» орнатылды. Олардан түскен дабыл дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі.

– Полиция өз ар-ожда­нының алдында таза болуды басты ұстаным еткенде ғана қоғамның да заң­нан мәртебелі ештеңе жоқ­тығына көзі жете түседі. Әді­летті Қазақ­станның өзегі заң мен тәртіп үс­темдігі еке­нін атап айтқан Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұрт мәселелерін терең зер­­делеп, оны түбегейлі ше­шу үшін олар­мен біте қай­насып жұмыс істеуіміз қа­жет. Осылай еткенде ғана тұ­­рақтылық пен келі­сімді қор­ғайтын, ты­­ныш­­тық күзе­тіндегі полиция жұмысы нәтижелі болмақ. Біздің қа­зіргі мақсат-мүддеміз осы. Дегенмен, әр саланың өз кем-кетіктері болатыны ай­қын. Бар ісіміздің сыншысы – халық. Тұрғындар талап-тілегі мен ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қандай да бір кемшіліктерді жоюға ты­рысып келеміз. Яғни айтылар сынға да, көпшілік тарапынан түсетін ұтқырлы ұсы­нысқа да ашықпыз, – дейді департамент басшысы.

 

ҚЫЗЫЛОРДА