Кейінгі он жыл көлемінде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда қандала көбейіп кеткені туралы мәселеге тоқталарда алдымен қандалаға қатысты өз басымыздан өткенді баяндап көрелік. Өйткені түнгі ұйқының тыныштығын кетіріп, төсегіңізді қып-қызыл қан қылатын қансорғыштың қайдан пайда болатыны туралы негізгі сценарийдің сұлбасы шығады.
Қалың ұйқыға кеттік-ау деген шамада ұлымыз түн ортасында ыршып тұрып, қасына бастайды. Жарықты жақсаң, ештеңе көрінбейді, ызыңдаған бір үн естілмейді. Уақыт өте келе ақжаймада қып-қызыл дақтар пайда бола бастады. Басында көзге көрінбейтін жұмбақ жәндік өзімізді талай бастағанда жарықты жағып жіберсең, көз ілеспес жылдамдықтан жым-жылас жоқ болады. Ұстап та, ұрып та өлтіре алмайсың. Сөйтсек, ол көзге тек қанға бөгіп алған кезде ғана көрінеді екен. Қысқасы, түн ұйқымызды қашырып, төсегімізді қандала қылып жүрген қанішер жәндіктің аты да қандала екенін білдік те, оның қайдан пайда болғанын зерттей бастағанда бәрі де түсінікті болды.
Біріншіден, біздің тоғыз қабатты үйдің басым бөлігінде пәтер жалдаушылар тұратын. Екіншіден, қандала пайда болмай тұрып ленинградтық жобамен салынған үйіміздің кіреберісіне көршілердің жап-жаңа дивандарын шығарып тастағанын көргенбіз. Отағасы да, үйге келген кісілер де дайын тұрған сол диванға отырып, темекі тартып келетін. Жау қайдан келгені белгілі болған кезде көрші апай да үйімізде қандала бар-жоғын өзі сұрастырғаны. Қысқасы, ол кісілер үйін улаған кезде қандалалар басқа пәтерлерге тұра қашқан. Мұнан да бөлек, бұл жәндік қанын соратын тіршілік иесі табылмаған кезде аштықтан да көше беретінін білдік.
Ең қызығы, көршіміз зейнетке шыққанға дейін кеміргіш, улы, зиянды жәндіктерді улайтын мекемеде қызмет істеген екен, қандаладан құтылудың жолын да өзі көрсетті. Себебі біз әркімнің айтқан кеңесімен қандаламен күресіп, құтылғандай болғанда қайта пайда болып, амалымыз құрып жүрген едік. Тіпті таныстардан ыстық бумен тазалайтын шаңсорғыш сұрап әкелген әрекетіміз де зая болды. Осылай жүргенде көршіміз қандала өлтіретін арнайы препаратты өзі әкеліп, тұмшаланып, төсек-орын, жиһаздардың бүкіл қуысына түгел шашып, есік-терезені тас қылып қымтап, бізді үш күнге көлге аттандырды. Бір жағынан диванын сыртқа шығарып тастауға мәжбүр болған көршіміз біздің пәтерде қандала қаптап кеткеніне өзінің де қатысы бар екенін сезетін. Сонымен, көлден келгеннен кейін үйге бірден кірмей, алдымен бір ересек адам үйді желдетіп алған соң ғана бала-шағаны кіргізуге болатынын көршіміз ескерткен. Мұның бәрін егжей-тегжейлі баяндауымыздың да сыры бар. Өйткені әркімнің ақылымен қандаладан өз бетіңізше құтылу мүмкін емес. Екіншіден, арнайы мамандар мен қандала улайтын қызметке жүгінбесеңіз, уланап қалу қиын емес, тіпті қайғылы жағдайға душар болуыңыз да ғажап емес.
Сөзіміз айғақты болсын, егер оқырман есінде болса, биыл 21 қазанда Ақтау қаласында өз бетінше қандаладан құтылмақ болған көршінің кесірінен 7 бірдей адам уланып, 2 бүлдіршін көз жұмғанын білеміз. Ересектері Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілсе, өкінішке қарай, Балалар ауруханасына жатқызылған екі балдырған есін жимаған күйі қайтыс болғаны аян. Жоғарыда айтып отырғанымыздай, Ақтаудағы №7 шағын ауданындағы пәтер иелерінің бірі арнаулы мамандардың қызметінен айналып өтіп, өз бетінше қандаланы улауы орны толмас қасіретке ұласып, соңы көршілердің соттасуына жеткізіп отыр. Ал мұндай қайғылы мысалдар басқа аймақтардан да табылады.
Мәселен, 2019 жылы Алматы қалалық шұғыл медициналық көмек ауруханасында осы жәндіктің дәрісінен уланған 67 жастағы әйел есін жимаған күйі өмірден озғанын қала тұрғындары ұмыта қоймаған болар. Сол кезде Алматы қалалық Тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті: «Биыл 1 желтоқсан күні қалалық ауруханаға тыныс жолдары жәндіктерді өлтіретін препараттардан уланған 1952 жылы туған әйел мен 1987 жылы туған ұлы жеткізілді. Диагнозы – уытты энцефалопатия. Қазіргі таңда пациенттер жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Тиісті ем-шара жүргізіліп жатыр», деген мәлімет бергені есімізде. Марқұм 30 қарашада базардан «Палач» атты қандала улайтын инсектицид сатып алып, пәтеріне сепкен.
Осы орайда Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Дезинфекция орталығының сарапшы-эпидемиологтері біраз мәліметті алға тартып, дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізуге қатысты құнды кеңес берді. Мамандар табиғатта қандаланың 50 шақты тұқымнан тарайтын 40 мыңдай түрі кездессе, Қазақстанда содан тараған 1 500 түрі бар екенін айтады. Тек адам қанымен қоректенетін қандала бір рет шаққан кезде өз салмағынан 2 есе көп қан сорады екен.
«Қала тұрғындары, әсіресе төсек, үй қандаласына жиі шағымданады. Олар түнгі уақытта жорыққа шығады. Қандала 4 айға дейін өмір сүреді және тек адам бар жерде болады. Қандалалар қырық күн ішінде өсіп жетіледі де, бір мезетте үш жүзге дейін жұмыртқа салады. Олар үшін қолайлы мекен – әдетте ескі ағаш жиһаздары, одан қалса еден жарықтарында, еден жиектеріндегі қуыстарда өмір сүреді. Қандала үшін жаңа бетон-монолитті үйлер жайсыз деп есептелінгенімен, адам жүрген жердің бәріне қандала тез бейімделеді», дейді Алматы қалалық Дезинфекция орталығы директорының орынбасары Вахит Сейдуалиев.
Мамандар қандала қаптаған үйлерді улаған кезде қаперде ұстайтын негізгі қағидалар туралы былай дейді: «Қандалаға қарсы дәрі сепкен кезде алдымен шашылып жатқан қоқыстың көзін құрту керек. Содан кейін жиһаздарды артқа жылжытып, барлық қуысқа оңай өтуді, саңылауларды өңдеу ыңғайлы әрі кедергісіз болуын қарастырып алу қажет. Азық-түлік, ыдыс-аяқ пен киімдерді жинап, ескі, қажет емес жиһаздарды шығарып тастаған жөн. Төсек-орынды қағып, сілкіп, далада кептіріп алу керек. Улап жатқан кезде басқа адамдар мен үй жануарларын пәтерде қалдырмаңыз! Үй-жайды дезинфекциялық өңдеу 2-3 сағат бойы жүргізіледі. Улау препаратты қуыс қалдырмай мұқият себу, сүрту әдісімен жүзеге асырылады. Пәтер немесе жер үй қандалаға қарсы өңдеуден өткеннен кейін кемі бір тәулікке жабық қалдырылады. Өңдеу жүргізілгеннен кейін қалған-құтқаны қайта бас көтермеуі үшін бір айдан кейін сол үйге дезинсекциялық өңдеуді қайталаған жөн».
Дегенмен мамандар дезинфекциялық препараттар еркін сатылатынына, қолжетімді екеніне қарамастан, қандаланы өз бетінше улауға болмайтынын ескертіп отыр. Яғни бұл істі оның жайын білетін арнаулы қызмет өкілдері атқаруға тиіс.
Тағы бір тоқтала кететін жайт, жәндіктерді улайтын дезинсекциялық компанияны таңдағанда, ең алдымен, оның бұл нарықта бар-жоғын тексеріп алған жөн. Оған қоса бұл компанияда оқудан өткені туралы куәліктері бар тәжірибелі мамандардың болуы. Үшіншіден, мамандар өз жұмысында қандай жабдықтар мен препараттар қолданатынына мән беру маңызды. Қысқасы, қандала пайда болғалы бері одан құтқарамыз дейтін алаяқтар да қоса пайда болған.
«Дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтері өзара бәсекелес. Мәселен, Алматы қаласындағы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының бақылауында препараттарды сақтайтын 36 нысан мен дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын дайындап, сатылымға шығаратын 24 нысан бар», дейді Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова.
Г.Қаткенова да қандалаларды өңдеу барасында адамдардың улануы болмағанымен, жоғарыда атап өткендей, 2019, 2021 жылдары қайғылы оқиғалар тіркелгенін еске салды. Себебі пәтерлер пестицидтермен, бірінші дәрежелі қауіпті препараттармен өңделген. Мұндай препараттар ауыл шаруашылығында арамшөптерді жою үшін қолданылады. Кейбір тұрғындар осы препараттарды таңбасыз және нұсқаулықсыз сатып алып, көршілеріне ескертпей өз бетінше қолданғандықтан, жұртты қоса улайтын жағдайлар орын алып жатады.
В.Сейдуалиев қандаланы жоюға өтініш түскен кезде мамандар алдымен пәтерді тексеріп алып, содан кейін өңдеу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін айтады. Клиенттердің қалауы бойынша олар киім мен төсек-орын жабдықтарын камералық өңдеуден өткізуді ұсынады. Апта сайын дезинфекция орталығына қала тұрғындарынан 1-2 шағым келіп түссе, алдымен олар жаңа жиһаз алғанын немесе секонд хендтен киім сатып алғанын алға тартатын көрінеді. Бұрын мұндай жағдайлар әлдеқайда аз болатын. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана тұрғындар тарапынан айына бір-екі өтініш келсе, қазір апта сайын пәтерлерін улап беруге сұраныс түсіп жатыр.
«Кеше ғана төрт қабатты үйдің тұрғыны үйінде қандаланың пайда болғаны туралы хабарлап, мамандармыз өңдеу жұмыстарын бастады», деді В.Сейдуалиев.
Мамандар қанға тойып алған қандала үш күннен бастап бірнеше аптаға дейін ұйқыға кететіндіктен, бірден құтылу мүмкін еместігін, сондықтан ел көзіне түскен бір-екі қандаланы өлтірген соң, құтылдым деп ойлайтынын, есесіне қаншама қандаланың ұйқыда жатқанын білмейді дейді. Қысқасы, денеде жәндік шаққаннан кейінгі қызарған белгі пайда болса, қандала да пайда болды деп біліңіз. Бір қызығы, айлап қандалаға таланса да, «аллергиядан емделумен» уақытын өткізген адамдар да бар.
Бұл жәндік суық пен аптапқа шыдамайтындықтан, аязды яки болмаса шіліңгір шілдеде төсек-орынды cыртқа жайып алудың да септігі мол. Бірақ қандаланың апталап, айлап ұйқыға кететін, тіпті тұқымы жылдар бойы сақталатын қабілеті болғандықтан, бұл әрекеттер де қандаладан құтылуға толық кепілдік бере алмайды. Сондықтан қандаламен күресті мамандардың өзіне тапсырған жөн. Сол сияқты су жаңа жиһаздарынан арзан бағаға болса да құтылығысы келіп яки болмаса қымбат жиһаздарын жаппай сатылымға шығарған дүкендердің әрекеті де ойлантуға тиіс.
АЛМАТЫ