Үкімет басшысы атап өткендей, 2009 жылы елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң қабылданды. Қазақстан – ТМД-да осындай Заң қабылданған алғашқы ел. Кейінгі жылдары заңнамаға жауапкершілікті күшейту жағына қарай бірнеше рет өзгеріс енгізілді.
«Биыл соңғы өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін ұзартылды. Сонымен қатар қайтадан татуласу мүмкіндігі алынып тасталды және тұрмыстық жанжал барысында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтірілсе, ол адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», деді Ә.Смайылов.
Сонымен бірге ол бұрын қабылданған нормалар өз нәтижесін беріп жатқанын айтты. Кейінгі 4 айда жауапқа тартылған отбасының шырқын бұзушылардың саны өсті. Егер осы жылдың ІІ тоқсанында 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, ІІІ тоқсанда олардың саны 27 мың адамды құрады.
«Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді жәбірленуші тараптың міндетті мәлімдемесі талап етілмейді. Куәгерлердің айғақтары немесе бейнекамералардан алынған жазбалар жеткілікті. Көбінесе жәбірленуші тарап арыз жазбайды, не оны қайтарып алады. Енді бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Біз құқық қорғау органдарының статистикасынан оң динамика көріп отырмыз», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған бағыттағы жұмыс жалғасып келеді. Қазан айының ортасында Үкіметке әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы ұсынылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулердің саны 90-нан асып түседі. Олардың басым бөлігі қолдау тауып, жақын арада заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілмек.
«Өз басым әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын. Мен де қыз тәрбиелеп отырмын, олардың елімізде өздерін қауіпсіз сезінгенін қалаймын», деді Премьер-министр.
Премьер-министр сондай-ақ брифинг барысында заңсыз иемденген және елден шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.
Премьер-министр активтерді қайтару жөніндегі жұмыс қабылданған заңға сәйкес жүріп жатқанын және ол Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларының қисынды жалғасы екенін атап өтті. Негізгі міндет – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, активтерді қайтару және оларды республика экономикасына жұмыс істеуге бағдарлау.
«Екі жолы бар – ерікті және мәжбүрлі түрде, олар сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Заңның күші жүретін адамдар тобы анықталған. Бұл – әкімшілік ресурстарды пайдаланып, активтерді заңсыз иемденген адамдар. Адал бизнеске алаңдауға негіз жоқ», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, қайтарылған қаражат әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыруға бағытталады.
«Бүгінгі таңда шамамен 1 трлн теңгенің активтері қайтарылды. Оның ішінде шамамен 600 млрд доллары шетелден қайтарылып отыр. Бұл жұмыс жалғасып келеді», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов брифинг барысында Мемлекет басшысының республикадағы инфляцияны екі есе төмендету туралы тапсырмасының орындалу барысын да баяндады.
Премьер-министр жылдық инфляция ақпан айында шарықтау шегіне жетіп, қазан айының қорытындысы бойынша 10,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда инфляцияның екі есе төмендегенін байқап отырмыз. Жыл соңына дейін оның деңгейі 10%-дан төмен болады деп болжаймыз. Бұл Үкімет пен Ұлттық банк жүзеге асырып жатқан тиісті шаралар кешені нәтиже бере бастағанын көрсетеді», деді Ә.Смайылов.
Мәселен, тұрақтандыру қорларының қызметі қайта ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға басымдық берілді, бұл отандық өндірісті қолдауға, экономиканың осы секторын дамытуға және нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етті. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенциялар жүзеге асырылып келеді.
Оған қоса өңірлік комиссиялардың бақылау қызметі жолға қойылды. Жалпы, мыңға жуық делдалдық схема анықталды.
Сонымен қатар халықты арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірінде апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Ұн мен әлеуметтік нан бағасының өсуін тежеу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» қорларынан өңірлерге арзандатылған астықты жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Премьер-министр ортамерзімді перспективада инфляцияны тағы 2 есеге, яғни 2026 жылы 5%-ға дейін төмендету жөніндегі жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Премьер-министр елімізде мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды одан әрі іске асыру туралы сұраққа да жауап берді.
Үкімет басшысы азаматтарды, әсіресе көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз «Бақытты отбасы» (2-10-20) және «Шаңырақ» (5-10-20) сияқты бағдарламаларды іске асырып жатырмыз. Кейінгі үш жылда аталған бағдарламалардың арқасында 43 мыңға жуық отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Біз бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір сұранысқа ие бағдарлама – «7-20-25». Алайда Ұлттық банк белгілеген қаржыландыру шектеулеріне байланысты бұл бағдарлама халықтың сұранысын толығымен өтей алмайды.
Осыған байланысты «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі «9-20-25» жаңа бағдарламасын әзірлеуді бастады. Бұл ретте оны іске асыру үшін бюджет қаражаты пайдаланылмайды.
«Біз қазір есептеп жатырмыз. Жыл сайын 150 млрд теңге сомасына бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір бағдарламаның шарттары пысықталып жатыр. Ол жақын арада іске қосылады, кем дегенде бір ай уақыт қажет. Жұмыс келесі жылы басталады», деді Ә.Смайылов.