Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Мәселен, бүгінде қазақтың мәдени құндылықтары күллі әлемге аян. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұл салаға ерекше назар аударылып, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, дамыту, насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілгені белгілі. Мұны халықаралық деңгейде жүзеге асыру мақсатында әлемдік конвенцияларға қосылып, нәтижесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін өз мұраларымызбен толықтырып келеміз.
Айталық, осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне елімізден оннан аса тарихи ескерткіш және Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне де бірқатар рухани мұра енгізілді.
Қазіргі таңда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бойынша жұмыс жүргізуді басты назарда ұстап отыр. Осы орайда күні кеше ғана Парижден «жыл құсындай жаңалық» жеткенін де айта кетейік. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, еліміз 2023-2027 жылдарға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды.
«ЮНЕСКО Бас конференциясы жұмысының соңғы күні Қазақстан 2023-2027 жылдарға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды. Құрамына 21 мемлекет кіретін Дүниежүзілік мұралар комитеті ─ ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы. Бұл комитеттің нысандарды Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге және алып тастауға айрықша құқығы бар», делінген жазбада.
Еліміздің Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайлануы, ең алдымен, бірегей мәдени және табиғи мұраларымызды сақтауға қатысты белсенді жұмысымызды халықаралық қауымдастықтың мойындайтынын көрсетеді. Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесіне Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Ауғанстан, Пәкістан және Иран мемлекеттерін қамтитын Көпсекторлы аймақтық кеңсе (Бюро) мәртебесін беру туралы шешім қабылданған болатын.
Әлқисса
Уақыт арнасынан сәл кейінге шегінсек, сонау 1972 жылы ЮНЕСКО ұйымы дүниежүзіндегі мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы қарар қабылдаған болатын. 2010 жылы бұл қарарды БҰҰ-ға мүше 187 мемлекет ратификациялады. Соның ішінде Қазақстан да бар. Содан бері жыл сайын тұрақты түрде Әлемдік мұра комитеті сессиясы өтіп, «әлемдік мұра мәртебесін беру» мәселесі талқыға салынады. Негізгі тізім аясында Әлемдік мұра ретінде жоғалу қаупіндегі ескерткіштер бар. Еліміз бұл ұйымға ТМД елдерінің (Балтық бойы елдерін есептемегенде) арасынан бірінші болып енді. Яғни 1992 жылы 22 мамырда мүше болып, ЮНЕСКО-мен белсенді әріптестікке қол қойды. 1993 жылы ұйыммен өзара қарым-қатынаста негізгі бағыттарды анықтайтын СІМ жанынан ЮНЕСКО ісі бойынша Ұлттық комиссия құрылғанын да білеміз.
Осы ретте халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құрды. Бұл орталық жұмысы ұлттық мұраны сақтау және пайдалану саласындағы жобаларды, қолданбалы және ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
«Әлем естелігіне» нелер енді?
Сонымен, ЮНЕСКО-ның «Әлем естелігі» халықаралық құжаттық мұра реестерінде Қазақстаннан Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттерінің қолжазбасы, «Невада-Семей» ядроға қарсы халықаралық қозғалысының архивтік материалдары, сондай-ақ «Арал теңізінің архивтік қорлары» бар. 2012 жылы А.Фирдоусидің «Шахнама» қолжазбасының түрік нұсқасы ұсынылды. Қазақстанның ұсынысымен ұйым «Мәдениеттердің 2013-2022 жылдарға арналған халықаралық онжылдығы» атты жоспарын қабылдады. Елімізде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолының» қазақстандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақтарындағы Қойлық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек секілді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көлдері жалпы атауының ішінде Қорғалжын және Наурызым қорықтары да тізімге кірді. Ал материалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күйлер, қазақ пен қырғыздың киіз үйлерін тігу шеберліктері қосылған еді. Әлемдік ауқымдағы тарихи құндылықтарға Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен «Халықтардың алғашқы ұлы көшкіні» конференциялар тізімі енгізіліп, ол адамдардың ғаламшардағы қазіргі қоныстану ерекшеліктеріне дейінгі кезеңді қамтитын болды. 2014 жылғы қарашада Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне алғашқы ұлттық өтінім «Домбыра күйін орындау өнері» және Қырғызстанмен бірлескен «Киіз үйді жасау машықтары» аталымы енді. 2015 жылғы 2 желтоқсанда Репрезентативтік тізіміне қазақ-қырғыз бірлескен «Айтыс/Айтыш, суырып салма өнері» аталымы кірді. Одан бөлек, елімізде ЮНЕСКО-ның қорғалуына алынған материалдық емес құндылықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» мерекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері, асық ату ойыны және басқа да ұлттық нақыштар енді.
Осыдан бірер жыл бұрын «Қорқыт ата» түркі эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қосылғаны да мәлім. Бұл шешім Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі үкіметаралық комитетінің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласында өткізген отырысында қабылданды. Ал биыл Алтын Емел мен Барсакелместің шөлді экожүйелері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Сондай-ақ Мароккода өткен 17-отырыста қазақтың «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері мен Қожанасыр туралы әзіл-оспақ әңгімелерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.
Бүгін мен ертең: жоспар мен жоба
Бүгінде ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бойынша» 116-тармағын іске асыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың айтуынша, еліміз 1989 жылы басталған ежелгі Ұлы жібек жолының тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту жөніндегі ЮНЕСКО бағдарламасына белсенді қатысып келеді. Жобаға аумағы бойынша Жібек жолы өткен және соның арқасында Азия мен Еуропаның түрлі елдерінің экономикасы, мәдениеті және жалпы өзара тиімді ынтымақтастығы өркендеген барлық ел қатысады. Жалпы, аталған жоба әртүрлі елдердің тарихи-мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ұсыну мақсатын көздейді.
«Министрлік 2007 жылы «Жібек жолы Орталық Азия мен Қытайда» сериялық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне дайындау бойынша жұмыстарын бастады. Мұның бастапқы нәтижесі – 2014 жылы «Ұлы Жібек жолы: Чанъаньнан Тяньшаньға дейін» трансұлттық номинациясы шеңберінде Қазақстан, Қытай және Қырғызстан тарих және мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне сәтті енгізу болды. Қазіргі уақытта «Сырдария» өзенінің іргелес аумағында орналасқан және Ұлы Жібек жолына «Ферғана-Сырдария дәлізі» ретінде жататын тарихи-мәдени мұра объектілері бойынша номинациялық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл трансұлттық номинацияға 4 елден 30-ға жуық объект кіреді: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан», дейді комитет басшысы.
Сондай-ақ ол «Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясы бойынша еліміздің екі облысында орналасқан 6 нысан – Қызылорда облысынан Жанкент, Сығанақ қалашықтары, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Түркістан облысынан Яссы-Күлтөбе, Сауран, Отырар қалашықтары кіретінін айтты.
«2023 жылы республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат шеңберінде Яссы-Күлтөбе, Сауран қалашықтары бойынша ғылыми құжаттамалары дайындалып жатыр. 2024 жылы әзірленген құжаттаманы ЮНЕСКО-ның стандарттарына сәйкестендіру, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан объектілеріне барумен жалпы картографиялық құжатты дайындау, номинацияны бағалау үшін ЮНЕСКО-ның сарапшылары шақырылады. Ал 2025 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының қарауына номинацияны енгізу жоспарланып отыр», деді Күміс Сейітова.
Сондай-ақ алдағы жылдары қазақтың көрнекті тұлғалары Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Ақжолтай хабарды жуырда ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жариялаған еді.
«ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы танымал жазушы Б.Соқпақбаевтың және 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Н.Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығын атап өту туралы бірлескен ұсынысы да қабылданды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конференциясының бұл шешімдері қазақ мәдениетінің дүниежүзінде дәріптелуіне септігін тигізері сөзсіз», деп жазды Е.Қарин.
Ұлт мәдениетінің мәйегі саналатын тұлғалар мен еңбектердің әлемдік деңгейде бағаланып, насихатталып жатқаны – үлкен олжа. Әлі де болса, қазақтың мың бояулы мәдени айшықтарын, ұлттық құндылықтарын халықаралық алаңда таныта түсіп, адамзаттық өркениетке қоса алуымыз қыруар жұмысты қажет етеді. Халқымыздың рухани-мәдени жаңғыру кезеңі жаңа леп, жаңа тыныспен жалғаса бермек.