Мемлекеттік кеңесшінің хабарлауынша, еліміз Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып ЮНЕСКО Бас конференциясы жұмысының соңғы күні сайланған. Құрамына 21 мемлекет кіретін Дүниежүзілік мұралар комитеті – ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы.
«Комитеттің нысандарды дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге және алып тастауға айрықша құқығы бар. Қазақстанның кандидатурасын 118 мемлекет қолдады. Еліміздің Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайлануы бірегей мәдени және табиғи мұраларымызды сақтауға қатысты белсенді жұмысымызды халықаралық қауымдастықтың мойындайтынын көрсетеді. Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесіне Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек Ауғанстан, Пәкістан, Иран мемлекеттерін қамтитын Көпсекторлы аймақтық кеңсе (Бюро) мәртебесін беру туралы шешім қабылданған болатын», деп жазды Ерлан Қарин.