Қаржы • 27 Қараша, 2023

Базалық мөлшерлеменің құбылуы

123 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баға мен базалық ставканың текетіреске түскеніне жылдан асып барады. Бұрын 9 пайыздық инфляцияның өзін қым­бат­сы­нушы едік, қазір соған жету мұң. Әсіресе Ресей-Украина дүрбелеңінен кейін шырқап өскен баға барымызды барымталап кет­кендей әсер қалдырды. Баяғы арзан дүние көзден бұл-бұл ұшты. Инфляция 21 пайызға бір-ақ жетті. Енді «базалық ставка» дейтін қаруын іліп, Ұлттық банк кетті бағаның ізінен. Апталап жүріп, айлап жүріп, инфляцияның иығына әрең қол іліктіріп, жылға жуық уақыт дегенде 10,8 пайызға (қазандағы жылдық мән) төмендетіппіз.

Базалық мөлшерлеменің құбылуы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қымбатшылық қысымын азай­ту­дағы біздің еңбек ерен дейді Ұлттық банк. Қатаң ақша-несие саясатын айлар бойы тапжылтпай ұстап тұрдық, нәти­жесі міне, асау­дай тулаған қым­батшылығыңыз қазір біраз жуасып қалды дейді олар. Онысы рас енді. Аз да болса арзан дүниеге қол жеткізіп жатсақ, ол жоғарғы базаның арқасы шы­ғар дегенді сарапшылар да айтып жүр. Үкімет, әсіресе Әлихан Смайылов мұнымен келіспейді. Үкімет атқарып отырған іс-ша­ра­лардың арқасында азық-тү­лік қоры көбейді, өңір-өңірде бағаға бақылау жасалды, соның көмегімен баға өсімін тежедік дегенді айтады. Тіпті Үкімет оты­рысында премьер-министр тап осындай уәж айтып, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловпен аздап тартысып та қалды. Бы­лай қарасақ, қымбатшылық дей­тін ешкімнің де жеке жауы емес, халыққа төнген ортақ зоба­лаң, онымен бәріміз бірігіп күресуіміз керек еді. Тиі­сінше, әркім өз майданындағы күресті міндетсінбесе тіпті абзал. Ба­зар­­дағы картоп, сәбіз, пияз қандай қымбат тұрады. Удай. Бағасын көріп ыршып түсесің. Ал ауызбірліктің бағасы одан өткен қымбат қой. Оны қай инф­­ляцияның көрсеткішімен өлшер­сің. Әлде бағаны түсіруде Үкімет пен Ұлттық банк бір-бірімен бәсеке боламын деп, ен­дігі бірер айда инфляция деге­ніңіз тіпті жоғалайын деп тұр ма. Қаржымызды қайда жұмса­ры­мыз­ды білмей қалмасақ игі.

Барымтаға базалық ставкасын алып аттанды дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Ұлттық банктің маңдайына біткен жалғыз құрал, осы – базалық пайыздық мөлшерлеме. Қымбатшылық қытыққа тисе, соны көтереді. Баға өсімі баяуласа, қайта түсі­ре­ді. Ол құралдың басқа функ­циясы жоқ. Базалық ставка кө­те­­рілсе, несие қымбаттайды. Сөй­­тіп, ха­лық несиені азырақ рә­сімдейді. Тиісінше, ақшасы азаяды. Ақша азайған соң, тауарды да аз алады, қызметті де аз тұтынады. Міне, сұраныс азайған соң, мұрнын шүйірген баға да төмендей бас­тайды. Бұл қисын соңғы бірнеше айда расымен жұмыс істеген се­кілді, әйтеуір баға аздап болсын түсті.

Соны ескерген Ұлттық банк 24 қараша күні базалық ставканы 15,75 пайыз деңгейінде бе­кітті. Осымен қатарынан үшін­ші рет төмендеп отыр. Алғаш рет биыл тамызда 16,75 пайыздан 16,50-ге түсті. Одан кейін 16 пайызға төмендетті. Енді міне, 15,75 қылды. Мұнда нендей астар бар? Әрине, пәлендей құ­пия жоқ. Алдағы бірнеше айда баға өсімінің баяулауы тағы да белсендірек бола түседі дегенді меңзейді, сірә.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, назар аудармаса болмайтын жекелеген тәуекелдер жоқ емес. Олар – азық-түлік бағасының өсуі, негізгі сауда-серіктесіміз РФ-дағы инфляция, өз ішіміздегі инфляциялық күтулердің динамикасы және бюджеттік шы­ғын­дар.

Сыртқы секторда инфля­ция­­­лық қысымның төмендегені бай­­­қалып отыр. Бұл қатаң мо­нетарлық сая­саттың әсерін, азық-түлік ба­ғасының оң динамикасын және энергия ба­ға­сының қысқа мер­зімге баяу­лағанын білдіреді. Соған қара­мастан, қысқамерзімді ке­­лешекте проинфляциялық фак­­­­­тор­лардың ықпалы біршама кү­­­ше­йеді деп күтеміз. Бұл Ре­сей­­­дегі инфляция динамикасы­нан және әлемдік азық-түлік бағасының күтілетін өсуінен туындайды. Бұдан әрі сауда-серіктес елдердегі жағдай тұрақталғанда біз мақсатты мәндерге қол жет­кізу­ді және сыртқы факторлар проин­фляциялық қысымды жұм­­­­сартады деп күтеміз», дейді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, биыл база­лық сценарийде инфляция 9,3-10,3 пайыз шегінде болжанып отыр. Болжамды осы жылға қайта қарау тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің және азық-түлікке жатпайтын тауарлар ба­ға­­сы­ның бірқалыпты өсуіне байланысты. Ортамерзімді келешекте сыртқы орта қысымының әлсіреуі және монетарлық сая­сат­тың ұстамды қатаң сипаты инфля­ция­ның төмен­деуіне ықпал етеді. Алдағы жыл­дарға болжам мынадай: 2024 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз дең­ге­йінде, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде сақ­талды.

2024 жылы инфляция одан әрі баяуласа, Ұлттық банк инфля­ция­ны тұрақтандыру үшін орта­мер­зімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақ­тап, мөлшерлемені бір­қа­лыпты төмендетуді қай­та қарас­тырмақ. Бұл ретте д­ерек­тер­ді жинақтау және тәуе­келдер балансын бақылау үшін базалық мөлшерлемені өз­гер­­туде кідіріс болуы да мүм­кін.