Аймақтар • 27 Қараша, 2023

Қостанай қанатын кеңге жайды

136 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің басты жетістіктері туралы, сондай-ақ биылғы 10 айдың қорытындысы туралы айтты.

Қостанай қанатын кеңге жайды

Өнеркәсіптегі оң өзгерістер

Осы жылғы 10 айдың қоры­тындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көр­сет­кіш­терге қатысты оң динамика тір­келген. Өңдеу өнеркәсібі – 16,1%, құрылыс – 21,5%, инвес­тициялар – 7,4%, сауда – 3,9%, көлік – 3,6%, тұрғын үйді пай­далануға енгізу 4,3%-ға өскен. Ауыл шаруашылығы 20,7%-ға төмендеді. Орташа айлық 21,2%-ға көтеріліп, 290 545 теңгеге жетті. Бұл ретте нақты жалақы индексі 104,5%-ды құрап отыр. Жалпы өңірлік өнім 4,5%-ға артқан. «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында біздің барлық іс-әрекетіміз өңірдің негізгі салаларында, құрылыс индустрия­сында тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етуге және сақтауға, халықтың өмір сүру сапасы мен жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталған», деді облыс әкімі.

Өнеркәсіп көлемі 2 трлн теңге­ден асыпты. Айтарлықтай өсім өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 16,1%. Машина жасау өндірісі (33,9%), тамақ өнімдерін (10,5%) және сусын өндірісін (5,5%) ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

«Машина жасауда жеңіл автокөлік модельдерінің түрі көбейді. Республикада өндірілген бар­лық автокөліктің 61%-ы Қос­та­най облысына тиесілі. Жыл басынан бері 75 мың автомобиль жиналды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Елдің бе­рік өнеркәсібін құру міндеті тұр», деді. Сондықтан өңдеу сек­торының жедел дамуына басты назар аударылады. Бұл тапсырмасы жаңа индустриялық және инновациялық жобаларды іске асыру есебінен орындалады. Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі 400 жұмыс орнын ашып, құны 23 млрд теңгеден асатын қуаты жылына 30 мың бірлік «Chevrolet Оnix» автомобильдерін шағын тораптық өндіру бойынша жобаны іске асыру үстінде. Өндіріс көлемі осылай 20%-ға артты», деді Қ.Ақсақалов.

Осы жылы индустриялық ай­мақта 2 жобаны іске қосу жос­парланыпты. Біріншісі – 100 адамға жұмыс орны ашылатын трак­торларға арналған кабиналар өндірісі. Оның құны – 8,3 млрд теңге. Бюджетке жыл сайын­ғы салық аударымдары 180 млн теңгені құрайды. Екіншісі – ком­муналдық техниканың ш­анақтарын, қондырғыларын өнді­ретін кәсіпорын. Құны – 3,2 млрд теңге. Онда 180 жұмыс орны құрылады. Саланың дамуы жаңа жобаларды іске асырумен сипатталады.

«Осы айда «kia» жаңа зауы­тының құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 90 млрд теңгені құрайды, қуаты жылына 70 мың бірлік, 1,5 мың жұмыс орны ашылады. «kia» компаниясы алғаш рет Кореядан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып жатыр. Тұңғыш автомобиль 2025 жылдың жазында конвейерден шығады. Сондай-ақ құны 13 млрд теңге (жылына 70 мың бірлік, 800 жұмыс орны) автоком­поненттерді шығаратын жер­гіліктендіру орталығының құры­лысын бастаймыз», деді өңір басшысы.

Ол ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жобасын әзірлеуге кірісетіндерін де айтты. «Осы жобадан бюджетке салық аударымдары жыл сайын шамамен 60 млрд теңгені құрайды, 1 мың жұмыс орны ашылады. Инфра­құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «құрғақ порт» көліктік-логистикалық кешенін салуды жоспарладық. Инвестиция сомасы шамамен 37 млрд теңге, 350 жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асырудың оң нәти­жесі – халықаралық көліктік-логистикалық хабтың құрылуы, сондай-ақ бюджетке жыл сайын 3,5 млрд теңге мөлшерінде қаржы түседі», деді ол зор сеніммен.

Қатты пайдалы қазбалардың қорын анықтау үшін Арқалық қаласының маңында «Маятас» кен орнында геологиялық-барлау жұмыстары жүріп жатқаны мәлім. Кейіннен құны 315 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинаты салынады. Нәтижесінде, бюджетке салық аударымдары жыл сайын шамамен 37 млрд теңгені құрайды, 1 200 жұмыс орны ашылады. Келесі жоба – 600 жұмыс орнын ашып, қуаты 1 млн тонна болат өндіретін балқыту зауыты. Импорт алмастыруды ұлғайтуға ықпал ететін өнімнің жаңа түрлері шығарылады. Бұлар – сым және басқа металл бұйымдары.

«Президенттің жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында келесі жылы қуаты 40 МВт (20,1 млрд тг) газ поршеньді электр стансасын және облыстағы қуаты 22 МВт (13,4 млрд тг) бірінші күн электр стансасын салу басталады. Биыл Арқалық қаласының маңында құны 24 млрд теңгеден асатын 48 МВт жел электр стансасы пайдалануға беріледі. Жалпы, таяу перспективада облыста 11 мыңнан аса жұмыс орнын ашып, шамамен 3 трлн теңге сомасына 47 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Жыл қорытындысы бойынша өң­деуші өнеркәсіптің жалпы кө­лемі 10-15%-ға артады», деді Қ.Ақ­сақалов.

Инвестиция тартудың тиімді жүйесін құру арқылы есепті кезеңде 7,4% өсіммен 393 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Оның 80%-ы – жеке. Енді инвес­тициялық тартымдылықты арттыру үшін өңірде инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғасып жатыр.

 

Ауыл өнімдерін молайту жолы

Жыл басынан бері облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 611 млрд теңгені құраған. Биыл ауыл шаруашылығы үшін ең қолайсыз жыл болды.

«Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына қомақты бюджет қаражаты бөлінді. Салаға 11% өсіммен 84 млрд теңге инвестиция тартылды. 2024 жылғы өнімге қажетті тұқым 100% толтырылды. Мал азығы да жеткілікті дайын­далды. Қазіргі таңда халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Өйткені барлық өнімді өзіміз өндіреміз. Басты мақсатымыз – жыл сайын өндіріс көлемін арттыру. Сүт және сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету, өз өндірісін ұлғайту мақсатында жыл сайын кемінде 10 жаңа ірі өнеркәсіптік тауарлы сүт фермалары салынады. Қазір сүт фермасының 7 жобасын іске асыру басталды. Ендігі міндетіміз – үш жылда агроөнеркәсіп өнімнің көлемін 70%-ға жеткізу. Ал бұршақ дақылдарын қайта өң­деуге бағытталған толық циклді «Кайдзен» ЖШС зауыты пай­далануға беру сатысында. Қуаты – жылына 100 мың тонна, жаңа 70 жұмыс орны ашылады. Ірі түрік холдингін тартып, жаңа зауыт салуда маңызды. Жобада дәнді және бұршақты дақылдардың барлық түрі өңделеді. Қуаты жылына 140 мың тонна, 100 адамды жұмыспен қамтиды», деді облыс әкімі.

Өңірде жылына 40 тонна биенің құрғақ сүтін өндіретін ферманы техникалық іске қосу жүргізілген. Оның құны – 10 млрд теңге. Өнім ұзақ уақыт сақтаған кезде өз қасиетін жоғалтпайды. Құрғақ сүт сапасы саумалдың пайдалы көрсеткіштеріне жақын. Заманауи технологиялардың көме­гімен асыл мұраны сақтап, жаңа ха­лықаралық деңгейге көтерді.

«Келесі жоба – ірімшіктің 10 жаңа түрін өндіру кешені. Ол облыс бойынша ірімшік өндіру көлемін 1,5 есе өсіреді. Бұл импортқа тәуел­діліктің төмендеуіне де әсер етеді. Жобаның құны – 7,2 млрд теңге, қуаты – жылына 2 мың тонна өнім. Осы өнімді Германияға экспорттау туралы уағдаластық бар. Ал келер жылы кондитерлік өнімдер шығаратын фабриканың құрылысы басталады. Сондай-ақ крахмал, глютен, сироптар өндірілетін бидай дәндерін терең өңдеу жөніндегі жобаны іске асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Құны 50 млрд теңге, жылына 330 мың тонна бидай өңделеді», деді өңір басшысы

 

Инфрақұрылымды арттыру жобасы

Құрылыс – өңір экономикасында тұрақты өсіп келе жатқан саланың бірі. Биыл 450 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс қалаларда ғана емес, аудандарда да жүргізіліп келеді. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл бағдарламаны қаржыландыру 3 есеге артқан. Келесі жылы 473 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарланғанын айтқан облыс әкімі Мемлекет басшысының «Көлік-логистика саласы елдің экономикалық дамуы локомотивтерінің біріне айналуға тиіс» деген сөзіне тоқталды.

«Елдегі автомобиль жолда­рының ең ұзыны – Қостанай облысында. Биыл автожол бюджеті 56 млрд теңгені құрады. 700 км автожол және 94 елді мекенде 299 көше жөнделді. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 87% құрады. Ал ауызсу бойынша 37 жоба пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғыртуда 19 жоба іске асырылды», деді Қ.Ақсақалов.

«Қазақтелеком» АҚ-мен облыс орталығындағы жаңа буын 5G интернетімен, «Beeline» компаниясы ауылдарды жоғары сапалы 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етуді қолға алған. Бұйыртса, 2026 жылдың соңына қарай бұл мақсат 100% орындалады. Өңірде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін 40 мың азаматқа жұмыспен қамту бойынша жәрдем көрсетілді.

Білім беру саласын қаржы­ландыру көлемі 17%-ға өскен. 1 980 орынға арналған 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін 7 500 орынға арналған 9 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Ал медицина саласын қаржыландыру 109 млрд теңгені құрады. «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында желтоқсанда 6 медициналық нысан ашылады. Келесі жылы 19 медициналық ұйымның құ­рылысын бастауды жоспарлап отырмыз», деп сөзін аяқтады облыс әкімі.