Сенат • 27 Қараша, 2023

Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі алғашқы құрылтайына қатысты. Жиында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінен келген қатысушылар аталған бағыттың даму перспективаларын талқылап, әлеуметтік жобалар мен өндірістерді одан әрі қолдауға қатысты өз ұсыныстарын айтты.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушы­ларға ілтипат білдіріп, ел экономикасында әлеуметтік кәсіпкерліктің рөлі артып келе жатқанын және бұл саланың дамуына мемлекет басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер – мемлекеттік институттардың маңызды серіктестері. Олар экономиканың дамуына және өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда Әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне 200-ден астам кәсіпорын тіркелген. Елімізде әлеу­меттік кәсіпкерліктің әлеуеті әлдеқайда жо­ғары. Сондықтан алдағы уақытта бұл сала­ның дәйекті түрде дамуы жалғаса береді деп сенеміз», деген Палата спикері қатысу­шылар­ды Қазақстандағы әлеуметтік кәсіп­кер­лерді мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстырды.

Әлеуметтік кодекстің нормаларын тал­қы­лау кезінде мүгедектігі бар адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту, оларға берілетін мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сенат төрағасы Орталық Азия және ТМД елдеріндегі әріптестермен барлық салада, оның ішінде заңнамалық тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол осындай дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді байланысты дамыту елдеріміз үшін негізгі басымдықтың бірі болып саналатынын айтты.

«Кейінгі жылдары біздің елдеріміздің байланысы көптеген бағыт бойынша нә­тижелі және серпінді дамып келеді. Өңір мемлекеттерінің басшылары екіжақты және көпжақты форматта әрдайым кездесіп тұрады. Олар ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің маңызды аспекті­лері бойынша ұстанымдарды келісіп отырады. Парламенттік бағыт бойынша да біз өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келеміз. Бұл форум Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің тығыз қарым-қатынас орнатуына жол ашатын тұрақты және тиімді алаң болады деп үміттенеміз. Қазақстан Парламентінің Сенаты осы бастамаға қажетті қолдау көрсетуге және өңірлік әлеуметтік бастамаларды іске асыруға ықпал етуге дайын», деді М.Әшімбаев.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саласындағы тәжірибесіне назар аударып, оны зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп, қабылданды. Онда қызметтің құқықтық негіздері, әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау тетіктері айқындалды.

Құрылтай барысында ауылдық жерлерде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және оны қаржыландыру, тиісті желілер мен қауым­дастықтар құру жөніндегі идеялар да ай­тылды. Экология және орнықты даму сала­сындағы жобаларды қолға алу, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен әріптестік қатынастарды нығайту мәселелері де сөз болды.

Екі күнге жалғасатын Орталық Азия әлеумет­тік кәсіпкерлерінің құрылтайында әлеумет­тік кәсіпкерлік және қаржылық модельдеу, бизнес-стратегияларды әзірлеу, сату мен маркетингті ұйымдастыру бойынша ше­­бер­лік сабақтары өткізіледі. Ұйымдас­тыру­шы­­лар арасында Эмин Аскеров, Әйгерім Жа­­налинова, Меруерт Жүнісбек, Гүлмира Пар­­мышева сияқты әлеуметтік кәсіпкерлік са­ла­сындағы танымал тренерлер мен коучтар бар.

Іс-шара аясында «Impact_onim» әлеуметтік кәсіпкерлер өнімдерінің жәрмеңкесі және ма­ман­дандырылған экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында қатысушылар «Green TAL» шеберханасының, «Up and Go» даму орталығының және «Замандас 21» аула клубының қызметімен танысты.