Фото: Ведомство. Телеграм
Ауыр атлетика: Мексиканың Гвадалахара қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Едіге Емберді (81 кг) қос сайыста 336 (145+191) келіні еңсеріп, әлем чемпионы атанса, қыздар арасында Айсамал Сансызбаева (87 кг) 250 кг көрсеткішпен күміс жүлде олжалады.
Нысана көздеу: Қатар астанасы Дохадағы Әлем кубогінде Әсем Орынбай стенд атудың скит бағдарламасында 51 балл жинап, жалпы есепте топ жарды.
Мәнерлеп сырғанау: Рахат Бралин 20 жылдан астам тарихы бар Эстониядағы Tallinn Trophy халықаралық турнирінде күміс жүлде жеңіп алды. Ол қысқа бағдарламада – 65.18, еркін бағдарламада 128.90 ұпай жинап, жалпы есепте 194.08 ұпаймен үшінші сатыға тұрақтады.
Жүзу: Таиландтың Пхукет қаласында жасөспірімдер арасында ескекаяқпен жүзуден VI Азия чемпионатында отандасымыз Инсар Құсанов 100 метрге жүзуде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ушу: АҚШ-тың Даллас қаласындағы ушудан 16-шы әлем чемпионатында Ұлттық құрама спортшылары 4 медаль жеңіп алды. Нақты атағанда, Нұрсұлтан Тұрсынқұлов (+90 кг) – күміс, Бексұлтан Қоскенов (65 кг), Ислам Каримов (56 кг) және қыздар арасында Ақниет Марат (75 кг) қола жүлде иеленді.
Шахмат: Италияның Монтесильвано қаласында өткен жастар арасындағы классикалық шахматтан әлем чемпионатында үш отандасымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. 18 жасқа дейінгі ерлер арасында Алдияр Аңсат және 16 жасқа дейінгі ойыншылар ішінде Алуа Нұрманова 3-орынға табан тіреп, қола жүлделерді алса, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Елназ Қалиахмет күміс медаль еншіледі.
Конькимен жүгіру: Италияда алауы тұтанған конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде Қазақстан спортшылары үш медаль олжалады. Нео-сеньор дивизионында Қазақстан қыздар құрамасы (Маргарита Артемьева, Арина Ильященко, Алена Лифатова) күміс жүлде еншілесе, дәл осы санатта мың метрге жарыста Инесса Шумекова қола жүлдегер атанды. Ал жастар арасындағы командалық сында (Кристина Шумекова, Алина Шумекова, Мария Деген үштігі) қыздар құрамасы күміс медаль жеңіп алды.