Ашық дереккөз
Биылғы жылы Абай университетінің жеті жас зерттеушісі – Лайсханов Шахислам, Сапарғалиева Баян, Сейілхан Айнұр, Серікова Самал, Байкулова Әйгерім, Молдағали Бақытгүл және Акимбекова Шырын – постдокторантураны сәтті аяқтап, оқуды аяқтағаны туралы куәліктерін алды.
Постдокторантура бағдарламасы аясында олар үлкен жетістіктерге жетті: бір постдокторант «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», екеуі талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия иегері және біреуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Үш жылдың ішінде постдокторанттар Scopus және WoS базасының рецензияланатын журналдарында 55 мақала жариялады, оның ішінде СiteScore бойынша жоғары процентильді журналдарда 29 жарияланым (процентиль 50-ден кем емес және Q1, Q2-ден кем емес) және ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда 81 мақала жарияланды. Постдокторантура бағдарлама түлектерінің қатарында ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ғылыми жобалардың, сондай-ақ халықаралық жобалардың жетекшілері бар. Бұл нәтижелер университеттің зерттеу әлеуетін, сондай-ақ оның әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін арттыруға оң әсер етеді.
Абай университетінің Постдокторантура бағдарламасы жас зерттеушілерге тиімді қолдау көрсетіп, олардың кәсіби өсуіне және ғылыми құзыреттілігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл бастама ғалымдардың тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық кеңістікте де мансаптық өсуін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.