Құқық • 28 Қараша, 2023

Адамдық кетсе, ар кетер

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі күнде отбасындағы тұр­мыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың өзара кикіл­жіңінен туатын түрлі оқи­ға­лар қоғамдық сипат алып, өзекті мәселеге айналып бара жат­қаны ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та от­ба­сы­­лық құндылыққа кері әсе­рін тигізетін бұл келеңсіз жайтты­ айрықша назарға алғаны белгілі.

Адамдық кетсе, ар кетер

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныс­тың дұрыс екеніне күмәнмен қарай­ды. Себебі мұндай тұрмыстық жағ­дай­ларды анықтау оңай емес, яғни осын­дай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зор­лық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.

Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер ба­сынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүл­дем қорғаусыз қалады. Мұндай әре­кеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жан­дар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олар­мен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек», деді Пре­зидент халыққа Жолдауында.

Алайда кейінгі уақытта еліміздің әр түкпірінде болып жатқан көрер көз тұрмақ, естір құлаққа ауыр тиетін отбасындағы қылмыстық оқиғалар жиілеп бара жатқаны қынжылтады. Бәрін тізбелеп жатпай-ақ бір ғана экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін асқан қатыгездікпен өлтіргенін айтсақ та жеткілікті. Қоғамда дүрбелең туғызған осынау аты шулы оқиға тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа еш уақыт­та бейжай қарауға болмайтынын тағы бір рет дәлелдеп отыр.

Сол орайда жақында Абай облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, сондай-ақ «Жанұя орталығы» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен 25 қараша-10 желтоқсан аралығындағы жыл сайын­ғы «Әйелдерге қатысты зор­лық-­зом­былыққа қарсы 16 күн» ха­лықаралық акциясы аясында екі күн­дік­ се­минар-тре­нинг өтті. Семей қа­ла­­сындағы облыстық Абай атын­да­­ғы кітапханада өткен маңыз­ды бас­­қосуға БҰҰ тұрмыстық зор­лық-зом­­былық және гендерлік сұрақ­тар бо­йын­ша ұлттық кеңесші Сағадат Са­битова, қоғамдық даму басқармасы бас­шысының орынбасары Арман Жемагулов, Абай облысы полиция депар­таменті жергілікті полиция қыз­меті басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев, жергілікті полиция қызметкерлері, жергілікті қала, аудан әкімдіктерінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комис­сияларының хатшылары қатысты.

Қоғамдық даму басқармасы бас­­шы­­сының орынбасары А.Жемагулов тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдастырылатын әр іс-шара келешек ұрпақтың қауіпсіздігінің негізгі көзі болып саналатындығын атап өте келіп: «Бүгінгі семинар-тренингте қала, аудан аумағындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түйткілді мәселелер көтеріліп, шешім табатынына сенімім мол. Осы мақсатта 40 жылдық тәжірибесі бар арнайы маман сіздерге танымдық тәжірибесімен бөлісетін болады. Адам тағдыры отбасылық өмірмен тығыз байланыс­ты болғандықтан, гендерлік теңдікті қалыптастыру үшін отбасы мәселесіне басымдық беруіміз абзал», деді.

«Жанұя орталығы» қоғамдық қоры­ның басшысы Жанна Жибраеваның айтуынша, жиын барысында балалар­мен және абьюзерлермен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер жаңа дағды­ларға ие болатыны сөзсіз. Сондай-ақ ор­талық басшысы бұл бастамаға мем­лекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы ерекше екеніне өз ризашылығын білдірді. Алдағы уа­қытта әлеуметтік маңызы бар мәселені ше­шу жұ­мыстары жалғасын таппақ.

«Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген тамаша мәтелді күнделікті айтып жүрсек те, мағынасын әрдайым қаперімізде сақтай бермейміз. Егер салмағын сезі­ніп, оған жауапкершілікпен қарап жүрген болсақ, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу түрлі са­ладағы мамандардың ой талқысына түспес еді. Өйткені шаңырақты шай­қал­татын себептер бір отбасына ғана әсер етіп қоймай, жалпы қоғамның тұрақ­тылығына да көлеңке түсіріп, жұрт­шылықты алаңдата бастады.

Семей қаласы гарнизондық офи­церлер үйінде өткен «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығы әскери қызмет­кер­лері­нің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі ұйытқы болған жиындағы тақырып та біз талқылап отырған мәселеге арналды. Бұл шараға әскери бөлімдер мен мектеп психологтері, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы қатысты. Ал Өскемен, Аягөз, Павлодар, Үшарал гарнизондары онлайн жүйесі бойынша пікір алмасты.

Басқосуды ашқан «Шығыс» өңір­лік қолбасшылығы әскери қызмет­керлерінің отбасы мүшелерімен жұ­мыс­ты ұйымдастыру қызметінің жетек­шісі Ақмарал Ахметжанова Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ха­лыққа Жол­дауында отбасылық зорлық-зомбылық туралы баса айтыл­ғанын, әскери қыз­мет­шілердің отбасыларында мұндай мәселе мүлде орын алмауға тиістігін атап өтті.

– Жиынның мақсаты – кәмелет­ке толмаған балалары бар әскери қыз­метшілерді бақылауға алу мәселелерін талқылау және оны жүзеге асыруға құқылы мемлекеттік органдармен келер жылға бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын құру. Тағы бір толғақты мәселе – отбасындағы, қоғамдағы және мектептегі зорлық-зом­былық ретінде бағаланатын іс-әре­кеттердің түр­лерін әскери қызмет­шілердің балалары оқитын мектептің психологтері, кәмелет жасқа тол­маған балалар инс­пекторлары және учаскелік полиция қыз­меткерлерімен бірлесе тал­қы­лап, әрі қарай өзара іс-шара­лар ұйым­дастырамыз, – деді А.Ахметжанова.

Басқосуда сөз алған Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инс­пекторы, полиция майоры Жанарбек Мандиев бала тәрбиесінде назардан ештеңені тыс қалдыруға болмайтынын, сондықтан ата-анамен бірлесе отырып бала мүддесі үшін қызмет ету керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, баланың құқығын қорғау, зорлық-зом­былыққа жол бермеу, оның алдын алу, қатыгездікке жол бермеу жүйелі әрі тұрақты жүргізілуі керек.

– Зорлық-зомбылыққа душар­ бол­ған бала қоғамда өзінің іс-әре­кетімен, мінезімен ерекшеленеді. Тәрбие отбасынан басталуы керек. От­басындағы ата-ананың зорлық-зом­былығын, ұрыс-керісті, төбелесті көріп психологиялық, физикалық қаты­гездікке ұшырап өскен бала үне­мі ашу-ыза мен агрессияда жүреді. Бір­лесе жұмыс жасау арқылы осының бар­лығының алдын алуға болады, – дейді Ж.Мандиев.

Ал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Нұрғиса Бектасовтың айтуынша, отбасында ата-ананың сүйіспеншілігін аз көргендіктен, бала­лар өзіне деген сенімін жоғалтып, әлімжеттікке тап болып жатады. Бала ата-ана қамқорлығын, мейірімін, сүйіспеншілігін жақсы сезініп өссе, өзін кез келген ортада ұстай алады.

Семей қаласындағы №49 жалпы орта білім беретін мектептің психо­логі Айдана Рамазанованың ойынша, ата-ана­ларға балалардың мектеп психо­логіне қаралуынан қорқудың жөні жоқ. Керісінше, психолог мамандар ар­қылы оқушылардың мәселелерін шешуге жол ашылады, мектепте болатын оқушылар арасындағы әлімжеттіктің алдын алуға да оң әсерін тигізеді.

– Буллинг – қорқыту, біреуді кем­сіту, намысына тиетін сөздер айту, бұл – жалпылама алғанда, бір адамның екінші адамға күш көрсетуі. Сенімсіз, әлсіз, әлжуаз, өз ойын айта алмаған жағдайда баланы басқалар басынып кетуі мүмкін. Сол себепті ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп, жан-жақты қамқорлық аясында өсірсе, бала кез келген жағдайдан өзін алып шыға алады, – дейді білікті ұстаз А.Рамазанова.

Түйіндей айтқанда, тақырыбымызға себеп болған мәселені қоғамдық орталарда жиі, кеңінен талқылап, маңызды шараларды тұрақты өткізіп отырсақ, белең алып бара жатқан отбасындағы олқылықтардың алдын аларымыз сөзсіз.

 

Абай облысы