Қазақстан • 28 Қараша, 2023

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа теміржол

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір режімінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа теміржол

Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.

Жалпы, жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаны құрады. Негізгі жүк ағыны бүгінде өткізу мүмкіндіктерін толы­ғы­мен пайдаланып отырған «Сарыағаш» мемле­кет­аралық торап стансасы арқылы өтеді.

Жаңа теміржол желісін салу қолданыс­тағы «Сарыағаш – Ташкент» учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» стансасының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал етеді.

Премьер-министр өз сөзінде Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға болып жатқанын атап өтті.

«Теміржол – мемлекетіміздің экономи­калық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуел­сіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, осы жыл­дың соңына дейін Өзбекстанның қатысуы­мен жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тоннаны құрайды деп болжануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық.

«Осы учаскенің өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ еліміздің экспорттық және транзит­тік әлеуетін арттыру үшін ірі темір­жол жобасы «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа желісін салуды бастаймыз», деді Премьер-министр.

Жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең «Сырдария» стансасына шығатын Өзбек­станның мемлекеттік шекарасы «Ердаут – Мақтаарал» желісін салуды көздейді.

Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мем­лекеттік шекарасы тармағын пайда­лануға беру көзделген. Барлығы 152 км темір­жол төсемі салынады. Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темір­бетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды. Теміржол төсемінің бірінші буынын төсегеннен кейін Премьер-министр рәсімге қатысушыларды жұмыстың басталуымен құттықтап, жобаны белгіленген мерзімде сапалы түрде іске асыру қажеттігін атап өтті.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов «Дарбаза – Мақтаарал» желісі Түркістан облысының шалғайда орналасқан Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратынын атап өтті.

«9 станса салынады. Бұл теміржол Қазақ­стан­нан осы аудандарға және сол аудандар­дан Қазақстанға жүктердің тікелей жібері­луін қамтамасыз етеді. Себебі қазір олар Өзбек­станмен шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл осы аудандардың дамуына әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады», деді ол.

Қ.Әлмағамбетовтің айтуынша, Қазақ­станның транзиттік әлеуеті де айтарлықтай артпақ.

«Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбек­станға келетін жүктер осы жолмен тезірек өтеді. Оған қоса «Сарыағаш – Ташкент» учаске­сіндегі кептеліс азаяды. Кейінгі жылдары жүк көлемі көп болды. Осы орайда олар­дың біразы уақытында берілмей жатады, себебі бұл буын мұндай жүк көлеміне арнал­маған. Кейінгі екі-үш жылда жүктеме күрт өс­кен. Құрылыс осы негізгі учаскенің жүкте­месін азайтуға және жолаушылар пойыз­дарын басқаруға көмектеседі», деді Қ.Әлмағамбетов.

Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға теміржол құрылысы талқыланып жатқанын мәлімдеді. «Дарбаза-Мақтаарал» желісін іске қосу Қазақстанның осы стратегиялық бағытты дамытуға қосқан елеулі үлесі болмақ.

«Біз жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады деп болжап отырмыз. Ал болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, жүктерді екі бағытта да тезірек тасымалдайды», деді Қ.Әлмағамбетов.

Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту аясында Үкімет теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жол және Алматы айналма жаңа теміржол құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада Қытаймен үшінші халық­аралық торапқа шығатын «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желісі бойынша жұмыс­тарды бастау жос­парланып отыр. Бар­лығы үш жыл ішінде республикада 1 300 ша­қырымнан аса темір­жол салынады.