«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыруда тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Біздің комитет осыған байланысты саланы жетілдіру жөнінде құзыретті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіп келеді. Экономика саласы мен заңнамалық реттеу және басқа да басым бағыттардағы инновациялық тәсілге назар аудару қажет», деді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Қаныш Төлеушин еліміздегі инновациялық экожүйені дамыту мәселелері туралы айтып берді. Ол қаржыландырудың аздығына, мониторинг тетіктерінің әлсіздігіне және технологиялық тұғырнамалардың даму қарқынына байланысты инновация деңгейінің төмендеп кеткенін атап өтті.
Депутаттар отырыс барысында өңдеу өнеркәсібі саласындағы инновациялық қызметті дамыту мәселелерін көтерді. Шараға сондай-ақ ғылым және жоғары білім, энергетика министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев отырысты қорытындылай келіп, кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар пысықталатынын және кейіннен Қазақстандағы инновацияны дамыту тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстел жұмысында пайдаланылатынын атап өтті.