Ауа райы • 29 Қараша, 2023

Елімізде қашан қар жауады? Синоптиктер болжам жасады

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдетте қараша айында далада қалың қар жататын. Биыл күз ерекше жылы. Синоптиктердің айтуынша қараша айындағы мұндай жылы ауа райы соңғы рет 2010 жылы болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде қашан қар жауады? Синоптиктер болжам жасады

«Қазгидромет» РМК елімізге қалың қар қашан жауатынын болжады. Ол мәлімет бойынша Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында түседі. Ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында  қар жауады.

Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Сондай-ақ тұман, көктайғақ күтіледі. Солтүстік өңірлерде жел күшейіп, жаяу бұрқасын соғуы мүмкін.

Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аяз күтіледі. Қар жауып,  бұрқасынды жел күшейеді, термометрлердің бағандары түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді деген болжам бар.

Биыл күз неге жылы болды?

Жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі орын алуына, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуіне байланысты. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болды. Метеобақылау тарихында осы жылдың қараша айы өте жылы болды, жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет жылы  қараша 2010 жылы болды, ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыды.  

 Мұндай ауа райы тарихымызда соңғы рет қашан байқалды?

Көпжылдық бақылаулар бойынша Астана қаласында қар жамылғысының ең кеш жайғасуы 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) тіркелді.

Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, елордада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы - 15 желтоқсан. Соңғы үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 см құрады.

Соңғы жаңалықтар

Туризм табысы еселенді

Туризм • Бүгін, 09:55

Жаңа бастама жемқорлықтың алдын ала ма?

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:40

Адам құқы бала құқынан басталады

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:35