Фото: inbusiness.kz
«Елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын ашылды. Қазір 2 мыңнан астам бала стационарлық ем қабылдап жатыр. Науқастар арасында жүкті әйелдер де бар. Пациенттерді төсек-орынмен қамту 60 пайызды құрайды, резервте тағы 1 мыңнан астам төсек-орын сақтаулы», деді ведомство басшысы.
Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында жоспарлы вакцинациялаумен 600 мыңнан астам бала қамтылды, бұл 1 жас және 6 жас аралығындағы балалардың 84%-ын құрайды. ДДҰ ұсынымына сәйкес бұл көрсеткіш 80-нен кем болмауы керек. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам бала вакцина алуы керек.
Ажар Ғинияттың айтуынша, қызылшамен ауырған отбасыларда екпе алмаған, бірақ науқаспен байланыста болған 15 мыңнан астам адам шұғыл екпе алған. Бұрын вакцина алмаған 18 жасқа дейінгі 63 мыңнан астам адам екпе салдырыпты.
«Қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты 5 жасқа дейінгі балалардың арасында сырқаттанушылықты тоқтату үшін, яғни қызылша ауруымен ауырғандардың 65% балалар болғандықтан, 6 қарашадан бастап осы санат арасында қосымша жаппай иммундау басталды. 100 мыңнан астам бала екпе алды», деді Ажар Ғиният ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.