Кейінгі жылдары есірткі саудасы белең алып келеді. БАҚ беттерін парақтасақ, есірткі сатушылардың ұсталғаны туралы дерек көбейіп кетті. Өйткені БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Ал қазіргі уақытта әлемде шамамен 275 млн нашақор бар көрінеді. Сол сияқты жыл сайын 500 мыңнан астам адам есірткіден қайтыс болады екен. Ал еліміздегі мәліметтерге тоқталсақ, қазір республикада есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр делінген. БҰҰ дерегінде кейінгі 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134 пайызға артқаны айтылады. Бұл фактор әсіресе Шығыс және Оңтүстік Азия, Солтүстік Америка елдері үшін аса қауіпті. Ескере кететіні, БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған. Ахуалдың күрделілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да баса айтты.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп келеді. Қазіргі ахуал өте күрделі, кейінгі үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», деген еді Мемлекет басшысы Жолдауында.
Биыл шілдеде де Президент ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы жаңа стратегиясын әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.
«Біздің партия нашақорлыққа, әсіресе жастар арасында жағымсыз әдетке берік тосқауыл қоюға, жан-жақты қарсы тұруға мүдделі. Заман қарқынды дамыған сайын зиянды заттарды таратудың жолы көбейді. Сондықтан жастарды есірткіге қарсы күреске белсенді араласуға ғана емес, сонымен қатар озық IT-технологияларды үйренуге және пайдалануға шақырамыз. Алдағы уақытта осы хакатонның аясын кеңейтіп, әр өңірде өткізуді көздеп отырмыз. Күш біріктіріп, заманауи технологияны пайдалану арқылы бұл сын-қатердің жолын тежеп, қауіпсіз қоғам құра аламыз», деді «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Осы мақсатты басты бағдар еткен отандастарымыз жиында бірқатар интеллектуалды IT-шешім әзірледі. Мәселен, дарынды жастар желіде есірткінің таралуы туралы ақпаратты автоматты түрде қадағалауға арналған мамандандырылған бағдарламалар жасап шықты. Бұл жаңашылдық онлайн-кеңістіктегі есірткі саудасы туралы хабарландыруларды оперативті түрде анықтап, оны құқық қорғау органдарына бірден жолдауға мүмкіндік береді.
«Біз есірткі сатушылардың операторын «бұғаттауға», осылайша олардың саудасын тежеуге мүмкіндік беретін бағдарлама әзірледік. Telegram әкімшілігі жеке парақшаны бұғаттау туралы өтінішті қарап жатқан кезде, олардың жұмыс істеуіне жол бермейміз. Себебі олар виртуалды клиенттерді нақты клиенттерден ажырата алмайды», деді «АСК» командасының мүшесі Уәлихан Айғожин.
Ал «Amanat tech» хакатонның қатысушысы, 11-сынып оқушысы Ұлжан Хамидолла есірткіге тәуелді адамдарды оңалтуға арналған қосымша әзірлеген.
«Бұл қосымшада психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің кеңесі 24/7 режімінде қолжетімді болады. Сондай-ақ аталған қосымша enbek.kz. порталымен интеграцияланды. Яғни сауығып кеткен адам осы қосымшаны пайдалана отырып оқыту курсынан өтіп, жұмыс таба алады», деді «Futurista» командасының мүшесі.
Озық шыққандарды Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Қалықов, «Astana Hub» атқарушы кеңсесінің директоры Дания Ахметова, блогер Яков Федоров, «Blockchain Center» директоры Айдана Қасқырбек, «Аmanat tech» үйлестірушісі Сұлтан Аллабергенов және «Құқық» қоғамдық қорының директоры Гүлмаржан Шунаева анықтады.
Тартымды жобалар тартысқан алаңда «Futurista» командасы I орынды иеленіп, 1,4 млн теңге көлемінде жүлдені қанжығаларына байлады. II орынды және 1 млн теңгенің сертификатын «AntiTox» командасы, III орынды және 800 мың теңгенің сертификатын «Shalkyma» командасы жеңіп алды. Сондай-ақ «Best market ready solution» және «The best scaling potential» аталымдарында «АСК» және «IB Sila» командалары үздік деп танылды. Әр командаға 600 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы бұйырды.
Жалпы, жыл басынан бері «Жастар рухының» мыңнан астам мүшесі «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында есірткі жарнамаларын өшіріп, үнемі рейдке шыққан. Нәтижесінде, республиканың 20 өңіріндегі осындай форматтағы 5 мыңнан астам «хабарландыру» жойылған. Бұған қоса белсенділер түрлі оқу орындарында есірткі заттарының зияны туралы дәріс ұйымдастырып, «Bir Tolqynda» сараптамалық алаңдары және жастардың көшбасшыларымен пікірталас және депутаттармен кездесулер өткізген.
Бұған дейін партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян келтіретін электрондық темекілердің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткілердің және өзге де зиянды заттардың таралуы, заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынған болатын. Мәселен, Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері есірткі мен түрлі психотроптық және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Құжат күшті және улы заттарды, психотроптық заттарды, аналогтерді, прекурсорларды, оларды дайындауға арналған құралдар мен жабдықтарды заңсыз әзірлеу, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау және жөнелту әрекеттері үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру мерзімі мен айыппұл көлемін арттыру да талқыланды.