Жастар • 29 Қараша, 2023

Интернетті оқып жүр талай қазақ баласы...

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«DataReportal» жаһандық сараптамалық платформасының биылғы статистикасына үңілсек, еліміздегі 18 миллионға жуық отандасымыз интернетті тұрақты пайдаланады. Әсіресе 12 мен 24 жас аралығындағы азаматтар TikTok пен Instagram-ды жиі қолданатын көрінеді. Ал осы жүйелердің тікелей эфирінде бақсы-балгер, құмар ойынды, жат ағымды насихаттайтындар өріп жүр. Желіде жеңіл пайда табуға шақырып, «аз ақшаңды көбейтуге көмектесемін» дейтіндер де баршылық. Қайтпек керек?

Интернетті оқып жүр талай қазақ баласы...

Қазіргі балалар digital әлем ұсынған ақпарат тасқы­нының тұтқынына айналды. Қырағылар көзқарасы қалыптасып үлгер­меген ұр­пақ­тың санасын улап жатса, жа­на­шырлар көкжиекті ке­ңейтудің жолын іздеп әлек. Осынау проблеманы негізге алып, депутат Аманжол Әл­тай Мәжілістің бір отыры­сында «жас­өспірімдердің тәр­биесіне салғырт қарамауға мін­деттіміз» деген еді.

«Ұрпақ тәрбиесінде жі­бер­­ген қателіктердің түп-та­мыры тереңде. Нақтырақ айтсам, мәселе – өз баласының тәрбиесі­не тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, колледж­дер мен жоғары оқу орында­рында, жасөспірімдер тәр­тібін бақылауға алуға тиіс­ті құ­зыр­лы органдарда, қоғамдық, әлеу­меттік ортада және осы­лар­дың бәрін өнегелі тәрбие бе­ру ісіне жұмылдырып оты­­руға тиіс мемлекеттік билік­те», деді ол.

Ішкі істер министрлігі ұсын­ған деректер мәселенің мәнісін аша түседі. Айталық, былтыр құқық қорғау орындары заңға қайшы мазмұнда­ғы 16 мың интернет-ресурс­ты анықтапты. Ал қаржылық мониторинг агенттігі әлеумет­тік желі пайдаланушыларын құмар ойынға үгіттеген 177 аккаунтты бұғаттағанын мә­лімдеген. Осыған орай депутат ұялы телефонға телмірген ұрпақтың санасын сақтаудың бір жолы жасөспірімдердің TikTok-ты пайдалануына тыйым салу деген еді. Бірақ бұл көптің көңі­ліне қонбады.

«Қазіргі таңда әлеуметтік желі халықтың санасын түрлі де­зинформация мен қажеті жоқ ақпаратпен толтырып жатыр. Блогерлер байлығын, әншілер әде­мі өмірін паш етіп, пайдасыз посттар ұсынады. Десек те, ме­ніңше, проблема TikTok бол­­­сын, басқа да әлеуметтік желі­лер­ді бұғаттаумен, шектеу қоюмен ше­шілмейді. Ол үшін ата-ананың, биліктің жауапкершілігінен бө­лек, бірлесе жұмыс жүр­гізуіміз қажет. Әр адам қазақ қо­ғамының өркендеуіне қай тұс­та пайдалы бола алады, сол жағынан атсалысса құп. Мәсе­лен, өз басым TikTok-тағы 100 мыңнан аса, Instagram-дағы 200 мыңға жуық оқырманым арасында танымдық бағытта пайымды әрі пәлсапалы мағ­лұмат бергенді жөн санадым. Осылайша, көшеде кезіккен азаматқа сұрақ қойып, дұрыс жауап бергеніне сыйлық бе­ріп, контент жасап жүрмін. Сауал­дарым ұлттық мә­дение­тіміз, құндылықтарымыз бен нар тұлғаларымыз жөнін­де. Бүгінде әжептәуір қара­лым да бар», деді TikTok қолда­нушысы, кәсіпкер Жанбол Нұрмұханбет.

Жанбол секілді TikTok пен Instagram-да өткенге көз салып, болашақ иегерлерінің сауатын арттыруға зейін қойғандар да жетерлік. Бірақ жаман әдет адамға тез жұғады демекші, біз сенген ұрпақ жұмысшы­дан гөрі шетінен блогер бол­ғысы келеді. Өт­кен ғасырдың 90-жылдары сұра­ныс­қа ие болған қа­рапайым дәне­кер­леуші, механик, инженер сын­ды ма­мандардың салмағы бәсеңдеді.

«Қазіргі таңда жас­тар­дың көбі элек­трик, сантехник секіл­ді ма­ман­дықтарды таңдамай­ды. Өйт­кені аталған сала­ның бәсі тө­мен, мәрте­бесі биік емес. Бұл маман­дық­тар­ды на­си­хаттау ісі де дұ­рыс жүр­гі­зілмей жатыр. Мә­се­лен, ке­ңес заманы комбайншы Кәмшат Дө­нен­баева, шопан Жазылбек Қуа­нышбаев, күрішші Ыбырай Жақаев се­кілді адамдардың есімін елге танытып, мәртебесін кө­терді. Қазірде еңбек адам­да­ры насихат­талып жа­тыр. Де­сек те, белгілі бір дең­гейде ғана. Жалпы, еңбек адам­дарының өзге мамандар тә­різді арнайы мәртебесі жоқ, атқаратын қызметтері – на­ғыз қара жұмыс. Сол себепті де, бұл іске көп жас­ қызы­ға бермейді», деді филология ғы­­лымдарының кандидаты Серік­зат Дүйсенғазы.

Спикердің сөзіне қоғам бел­­сендісі Тоқтар Болысов та үн қос­ты. Айтуынша, елге қа­жет маман­дар қатарын толық­тыру үшін digital әлемінің әле­уетін пайдаланып, насихат жұ­мыстарын күшейту керек.

«Бүгінде ата-аналардың көбі «ме­нің балам депутат, президент болады» деп, жас­тайынан сәбидің құлағына, санасына аталған сөздерді құя­ды. Естігенін сіңіріп өс­кен жасөспірімнің мамандық таң­даудағы шешімі көзі көрген, құлағы естіген дүниеден бас­талады. Ашығын айту керек, қазір мектеп бітіруші тү­­лек­тердің басым көпшілігі ме­­х­а­ника саласын ұлттық бір­­­ыңғай тестілеуде төмен ұпай жинағанына байланыс­ты ғана таңдайды. Сайып кел­ген­де, бұл мамандықты жан қа­лауымен таңдап, жақсы иге­р­­ген адам мемлекеттік қай­­­рат­кер­дің жалақысынан да­ жо­ғары көлемде өз нәпақа­сын таба алады. Өйткені қазір сан­техниктің бір 10-15 минутта тындыратын жұмысы кемі 5-10 мың теңгеге бағаланады. Бұл – бір ғана мысал. Сон­дық­тан атаулы салалар­дың артық­шылықтарын жастарға дұрыс жеткізе алуымыз қажет», дейді жастар жанашыры.

 

Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің 4-курс студенті