Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ақмола облысы өзен-көлі жоқ, мәңгілік құм басқан Бетпақдала немесе Қызылқұмдай шөлейтті жер емес. Аққу ұшып, қаз қонған айдындары жетіп-артылады. Жері құнарлы, шөбі шұрайлы. Бірақ соған қарамастан ауыз су проблемасы бұл өлкені де шыр айналдырғалы 30 жылдан асыпты. Ішерге су таппай отырған мекендердің бірі – Егіндікөл ауданы. Мұнда ауыз су жырының айтылып келе жатқанына көп болған. Жыл басынан бері ауданның бірнеше ауылында су құбыры жиі жарылып, істен шықса, 3 сәуірде алдымен Бауман және Қоржынкөл ауылдарына, ал 25 сәуірде Егіндікөл және Спиридонов елді мекендеріне су беру мүлдем тоқтапты. Қазіргі күні жалпы саны 12 ауыл ауыз сусыз отыр. Осыған орай мамыр айында Егіндікөл ауданында бейбіт күнде төтенше жағдай жарияланды.
Айта кетсек, Ақмола облысының 100 шақты елді мекені бар 5 ауданына ауыз суды 1973 жылы пайдалануға берілген Нұра топтық су құбыры жеткізіп тұрған болатын. 1992 жылға дейін тұрақты жұмыс істеген су желісі 90-жылдары жөндеу көрмеуі және тиісті күтімнің болмауы салдарынан тозығы жетіп, бұзыла бастаған. Сарапшылар қазіргі күні топтық су құбырының 90 пайызы күрделі жөндеуді немесе толықтай ауыстыруды талап етіп тұрғанын айтады.
Бұл проблеманы алғашқылардың бірі болып «Amanat» партиясының бақылау комитеті көтерді. Атап айтқанда, шілде айында комитет төрағасы, депутат Павел Казанцев Мәжіліс отырысында Егіндікөл ауданындағы күрделі ахуал туралы айтқан еді. «Халыққа қиындық туғызып отырған су желісі – ұзындығы 375 шақырым болатын Нұра топтық су құбыры. Оның 63 шақырымы толықтай шіріп кеткен, қалған үш жүздей шақырымын үнемі жөндеп, тесіктерін ағаш тығынмен бітеп отыруға тура келіп тұр. Біз партия тарапынан осы жағдайға мониторинг жүргізіп отырмыз. Күн сайын қиналған жұртшылықтан хат-хабар түседі. Мәселенің мәнісін сұрасақ, көктемнен бері «Жұмыс әне-міне басталады» деген уәдені ғана естіп келеміз. Мұны қылмыстық немқұрайдылық қана емес, Президенттің саясатына кір келтіру, тіпті қастандық деуге де болады», дейді П.Казанцев.
«Amanat» партиясының Егіндікөл аудандық филиалының төрағасы, ауыл тұрғыны Ольга Топоркованың сөзіне қарағанда, 2021 жылы ауданды ауыз сумен қамтудағы проблемаларды шешу мақсатында мәслихат депутаттары көп жұмыс атқарған. Олар Сенат пен Мәжіліске 7 депутаттық сауал жолдаған. Соның ішінде айта кететіні, биыл облыстық мәслихат депутаты А.Ошақбаев партия төрағасы Ерлан Қошановпен кездесіп, аймақта қордаланған проблеманы жеткізген.
Ауданда төтенше жағдай енгізілгелі және халықтың талабы арқасында бүгінде құбырды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. О.Топоркова 337 шақырымды құрайтын Нұра топтық су құбырын жөндеу жұмыстары 4 кезеңмен жүзеге асатынын айтады. 2021-2022 жылдары оның жобалық-сметалық құжаты бойынша 384,5 млн теңге бөлінген. Биыл 6 қыркүйекте Сабынды – Егіндікөл бағытындағы 63,7 шақырымды құрайтын ең апатты аумақта жөндеу жұмыстары қолға алынып, қазіргі күні 43 шақырым ор қазылып, 21 шақырым құбыр төселген, 10 құдық орнатылған. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі осы жылдың желтоқсан айы делінгенімен, ауылдарға ауыз су беру үшін әлі біраз уақыт керек сияқты.
Ауыл тұрғынының сөзінше, қазіргі күні елді мекендерге тәулігіне 3 сағат, яғни кешкі сағат 18.00 мен 21.00 аралығында ғана су беріледі екен. Ал сәуір айынан маусымға дейінгі су беру мүлдем тоқтаған уақытта көрші ауылдардан су жеткізіліп отырған.
Жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген желтоқсан айы да, міне, табалдырық аттағалы тұр, ал 63,7 шақырымдық су құбыры айтылған мерзімде қолданысқа беріле ме? Осы мәселенің мәнісін анықтау мақсатында қараша айында «Amanat» партиясы бақылау комитетінің инспекторы Айжан Ысқақова жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумаққа арнайы барып, атқарылған істің барысымен танысып қайтқан еді.
«Егіндікөл ауданын сумен қамту мәселесін шешу үшін биыл 29 тамызда Су ресурстары және ирригация министрлігі «Bertys Construction» ЖШС-мен меморандумға отырған. Қазіргі күні аталған бірлестік күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда екі айдан бері орталық мемлекеттік органдар тарапынан қажетті қаржыландыру болмағандықтан, белгіленген мерзімде жұмыстар аяқталмауы мүмкін. Қазіргі таңда олар жұмысты өз қаражаттарына жүргізіп жатыр», дейді партия өкілі.
Оның айтуынша, ЖШС жұмысшыларына тұратын жай да жетіспей тұр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауыз су жеткізу құбырын жөндеп жатқан компания жағдайын шешуге ықпал жасалмауынан бұл проблема тағы да көпке созылып кетуі ғажап емес. Мәжілісте осы мәселені көтерген Партиялық бақылау комитетінің төрағасы П.Казанцев те осы жайтты айтқан болатын. «Қазір тек ең апатты аймақта ғана жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны ертең бітірсек, басқа жерде тағы апат болады. Мұны шешуге жүйелі түрде кірісуге не кедергі? Бұл – бірінші сұрағым. Екіншіден, еліміздегі 6 мыңдай ауылдың жартысы ауыз судан тарығып отыр. Су құбырларының көбі «ел ағасы» болып қалған, яғни пайдалануға берілгеніне 50-60 жылдан асып кеткен. Бірақ біз жағдай тұрақты деген есепті ғана естіп келеміз. Сол «тұрақты» ауылдардың тұрғындарына тәулігіне 1 сағат қана су беріледі. Осы проблеманы қалай шешейін деп жатырсыздар? Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ауыз су мәселесін шешуді тапсырды, сіздер оған үлгересіздер ме?» деді депутат Су ресурстары және ирригация, Құрылыс және өнеркәсіп министрлеріне жолдаған депутаттық сауалында.
Ал 6 қыркүйекте «Amanat» партиясының депутаттары Ю.Кучинская, П.Казанцев және Е.Смышляева Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың аттарына жолдаған депутаттық сауалдарында мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіріп, тез арада шешуді және республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалауды сұрады.
Жалпы, Ақмола облысындағы ауыз суға қолы жетпей отырған аудандар қатары тек Егіндікөлмен шектелмейді. Аумағында мың сан көлі бар, әйгілі қоқиқаздарымен танымал Қорғалжын ауданында да көп жылдан бері су көрмедік деп зар жылап отырған ауылдар баршылық. Соның бірі – Арықты ауылы. Ауыл тұрғыны Ардақ Омаровтың айтуынша, кеңес заманында тартылған су құбырларының бәрі 90-жылдардың басында істен шығып, содан бері елді мекен сусыз отыр.
«1994-1995 жылдары ауылға орталықтандырылған су беру толықтай тоқтады. Содан кейін әр үй жанынан ұңғыма қазып, вакуумды сорғының көмегімен жерасты суын пайдаланып отыр. Оның сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті пайдаланылған лас суды ағызатын септигіміз бен су ішетін құдығымыздың арасы 5-10 метр. Сонда не ішіп жатқанымызды бір Құдай білсін... 90-жылдары ауыз су проблемасы басталғалы бері Қорғалжын ауданында 7-8 әкім ауысты. Бәрінің айтатыны – өтірік уәде. «Келесі жылы болады» деген әңгіме жыл сайын қайталанып, міне, 2023 жылды да аяқтап отырмыз. Ал ауыз су әлі жоқ», дейді ол.
Ауыл тұрғынының айтуынша, су тапшылығы аймақта экологиялық апатқа да ұрындыруы әбден мүмкін. Өйткені тұрғындардың бәрі жерасты суын тартып ішіп отырғандықтан, ауыл іргесіндегі көлдің деңгейі жыл сайын төмендеп, биыл тіпті толық тартылып кетіпті. Бұрын адамдар ең құрығанда сол көлден малын суаратын. Енді қазіргі таңда мал да жерасты суын ішіп отырған көрінеді.
«Ол суға химиялық және бактериологиялық талдау жасаған ешкім жоқ. Бірақ оны пайдаланбасқа шара да жоқ. Ертеңгі күні адам мен малдың ағзасына қалай әсер етерін дөп басып айта алмаймыз. Халық қазір әкімдерге сенуден қалды. Ауыз су проблемасы біздің Арықты ауылында ғана емес, Кеңбидайық секілді көршілес елді мекендердің бәрінде де бар. Аудан орталығы Қорғалжынның өзінде жиі-жиі құбыр жарылып, халық сусыз қалады. 130 шақырым жердегі Астанадан тасып ішетіндер бар. Біздің өзіміз шаруашылыққа жерасты суын пайдалансақ, ішетін суды көбіне 5 литрлік баклажкамен елордадан тасимыз», дейді А.Омаров.
Ауыл тұрғынының әңгімесінен кейін жасыл желегі жайқалған Ақмоладағы жағдай мынадай болса, елді мекендерінің көбі шөлейтті жерден орын тепкен Жезқазған мен Қызылорда облыстарының халқы қайтіп күн көріп отыр екен деген сұрақ еріксіз ойға оралды. Бұл жағдай шын мәнінде елімізде ауыз су тапшылығы шекті межеге жеткендігін көрсетсе керек. Президент биылғы Жолдауында да осы проблеманы көтеріп, суды дұрыс пайдалануға жауапты жаңа министрлік құруға тапсырма берген еді. Таяу күндері Сенат отырысында палата спикері Мәулен Әшімбаев депутаттар тарапынан Су ресурстары және ирригация министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары қатаң бақылауға алынып, қажет жағдайда қолдау көрсетілетінін айтты. «Судың да сұрауы бар» деген бабалар өсиетін бұрын көбіне елемей келсек, бүгін соған нақты ден қойып, жауапкершілікпен қарайтын кез жеткен сияқты.