Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Мұнайдың қымбаттауы, мұнай өндірісінің іс жүзінде екі таңбалы өсуі және төмен базаның айқын әсері егіннің жетіспеушілігінен ауыл шаруашылығындағы өндірістің төмендеуін білдірмей жіберді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 10 айында экономика өсімі қайтадан 4,9 пайызға дейін жеделдеді. Сонымен қатар негізгі факторлардың қолайлы үйлесуі қараша айында экономиканың 5 пайызға өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені қазан айында Ұлттық қордан қосымша 500 млрд теңге тартылды және жыл соңына дейін тағы да 800 млрд теңге түсім күтіліп отыр. Экономикаға жаңа ақшаның мұндай ерекше құйылуы, әрине, іскерлік белсенділікке серпін береді және инфляцияға кешіктірілген әсерін тигізеді», дейді орталық сарапшысы Асан Құрманбеков.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы құлдырау екінші ай қатарынан экономикалық өсімді тежеп тұр. Бұл сауда секторының көрсеткіштерінде көрініс табады. Мәселен, биылғы он айда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секторындағы жылдық өсім небәрі 3,8 пайыз болса, саудалық емес секторда (қызмет көрсету) өсім 5,4 пайыз болған. Қызмет көрсету секторындағы мұндай жоғары динамика 2014 жылдан бері байқалып отыр. Ол кезде барреліне 100 доллардан асқан мұнай бағасы ішкі сұранысқа қатты қолдау білдірген еді. Өткен жылдың қазан айындағы төмен базалық әсер де ІЖӨ-нің жалпы көрсеткіштеріне маңызды үлес қосады.
«Екінші тоқсанның басынан бастап қазан айында инвестициялық белсенділік өсіп шыға келді. Бұл 2023 жылдың 10 айындағы өсім көрсеткішінде көрінді. 2023 жылдың 9 айындағы 12,1 пайыздық көрсеткіштен 2023 жылдың 10 айында 12,6 пайызға дейін жоғарылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция негізінен транспорт (+58 пайыз), денсаулық сақтау (+40 пайыз), сауда (+38 пайыз) салаларына бағытталды. Біршама тежелген динамика сауда секторында – өнеркәсіпте (+8,3 пайыз) және ауыл шаруашылығында анығырақ байқалды (+8,7 пайыз). Мұнай бағасы екінші ай қатарынан барреліне 90 доллардан асты. Бұл қазан айында мұнай өндірудің екінші тоқсанның басынан бергі ең жоғары деңгейге дейін ұлғаюымен бірге жалпы өнеркәсіп өніміне оң әсер етті», делінген орталық сараптамасында.
Олардың жорамалынша, осы жылдың 10 айында экономика өсімінің 4,9 пайыз деңгейінде болуы ішкі жалпы өнімге қатысты позитивті болжам жасауға жол ашады.
«Көтеріліп жатқан мұнай котировкалары іскерлік белсенділіктің жақсаруына қолайлы жағдай жасап отыр. Соңғы тоқсанда бюджет шығыны да рекордты болады және экономиканы қолдайтын қосымша факторға айналады. Нәтижеге өткен жылдың қарашасындағы жоғарғы емес база да әсер етеді. Жоғарыда айтылғандарды саралай келе биылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4,9 пайызды құрауы мүмкін», дейді.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Тоқтасын Бақбергеннің айтуынша, ІЖӨ елде белгілі бір уақыт ішінде өндірілген тауар мен қызмет көлемін бағалауға және оны ақшалай бірлікпен көрсете алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экономикалық деректерді әлдеқайда түсінікті етеді.
«ІЖӨ есеп айырысуын жүргізе бастаған алғашқы ел – АҚШ. Экономикадағы өндірілген тауар мен қызмет құнын есептеу идеясын америкалық экономист Саймон Кузнец 1930 жылы ұсынды. Ұлы депрессияға жауап ретінде және экономиканың ахуалын бағалау қажеттілігіне орай экономист ұлттық табыс пен өнімді есептеу әдістемесін ойлап тапты. 1934 жылы АҚШ алғаш рет ІЖӨ бойынша ресми деректерді жария етті», дейді Т.Бақберген.
Еліміз кейінгі 12 жылда номиналды мәндегі жылдық өсімді көрсетіп келеді. 2022 жылы елдің ІЖӨ-сі 103,8 трлн теңге болған. Бұл 2011 жылғы ІЖӨ көрсеткішінен (21,8 трлн теңге) 4,8 есе көп.
«Орташа алғанда, 2010-2022 жылдар аралығында жыл сайынғы ІЖӨ номиналды өсімі 14,1 пайыз болды. Кейінгі 12 жылда ІЖӨ құрылымының айтарлықтай өзгермегенін және негізгі үлес қызмет көрсету саласына тиесілі екенін айта кету керек. Қызмет көрсету саласының үлесі 54,5 пайызды құрайды, ал тауарлар өндірісінің үлесі – 39 пайыз. Қызметтер үлесінің ұлғаюын экономиканың шикізат ресурстарына деген тәуелділіктен арыла бастағанынан байқауға болады. Бұл елдің шикізат бағасының ауытқуына осалдығын төмендететін оң фактор болуы мүмкін. Егер білім, денсаулық сақтау, қаржы, ақпараттық технология және ойын-сауық қызметтерінің үлесі мен сапасы өсетін болса, онда сыртқы экономикалық дағдарыстардың Қазақстан экономикасына әсері шынымен төмендейді. Бұл ретте ІЖӨ құрылымы 2013 жылдан бері ІЖӨ-нің негізгі саласы «көтермен және бөлшеу сауда» екенін көрсетіп береді», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «транспорт және қаттау» саласымен бірлесе отырып сауда секторы тек өсім көрсете бермек. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі саланың ІЖӨ-дегі үлесі 16,4 және 6,2 пайыз болған.
«Бұл цифрлар елде негізінен бизнестің сауда типінің қаттырақ дамып жатқанын аңғартады. Әрине, ол тауар мен қызметтердің сатылуына байланысты бұл жағдай белгілі бір деңгейде ел дамуы жолында үлкен тәуекелдер де тудырады», дейді институт сарапшысы.
2011-2022 жылдар аралығында елдегі жылдық өсімнің орташа деңгейі 3,8 пайыз деңгейінде болған. Ең қатты өсім таңдап алынған уақыт аралығының бас кезіне тиесілі. 2020 жылы пандемияға байланысты ІЖӨ өсімі теріс аймаққа кеткен.
«Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы болжамға сәйкес 2023 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ 119 123,7 млрд теңгені құрайды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғары. Шынайы мәнде елдің өсімі 4,7 пайызға тоқталмақ. Осылайша, тұрақты құрылым кезінде қызмет көрсету өндірісінің экономикалық өсуге қосқан үлесі бұрынғыша жоғары болып қалады. Бұл болашақта сыртқы экономикалық оқиғаларға байланысты тәуекелдердің жоғарылауын тудырады. Өңдеу өнеркәсібі қосқан үлестің өсімін оң фактор деп бағалауға болады. 2019 жылдан бері өңдеуші өнеркәсіптің ІЖӨ нақты өсіміне қосқан үлесі тау-кен өнеркәсібінен асып түседі. Бұл біртіндеп экономиканың әртараптана бастағанын және шикізат бағытынан алшақтай бастағанымызды көрсетеді. Уақыт өте келе әртараптанған экономика сыртқы шоктарға қарсы тұрып, фискалды және монетарлық саясат жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», дейді Т.Бақберген.