Ұлт руханиятына із қалдырған тұлғалардың мұраларын, тарихтағы тағдыр жолын түгендеп, түбегейлі зерттеу жолында үлкен іс атқарып келе жатқан бұл институттың орны айрықша. Ал оның өңірлерде филиалдарының ашылуының алғашқы қадамы Абай облысынан бастау алғаны да көп жайды аңғартса керек. Өйткені Семей ертеден ұлылар мекені ретінде танымал.
Айтулы оқиғаға Семейдегі зиялы қауым өкілдері, тіл және әдебиеттану, өнер саласындағы аты белгілі ғалымдар, БАҚ өкілдері мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұжымы қатысты.
Тарихқа жүгінсек, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен Шәкәрім университетінің іргетасы бір жылда, 1934 жылы қаланыпты. Құттықтау сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің басшысы Думан Орынбеков іс-шараның ерекшелігі мен маңызын атап өтті.
– Семей елі – өнердің қайнаған ортасы. Алғашқы әуесқойлар театрдың негізі де Семей жерінде қаланғаны айтылады. Өңіріміздегі театртану ғылымының дамуы, ондағы мәселелер де осы филиалдың негізгі зерттеу нысаны болмақ, – деді ректор.
Өз кезегінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Шәкәрім университетінің басшылығына филиалдың ашылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Филиалдың ашылуы әрі қарай «Семей филиалы: өңірдегі әдебиеттану, өнертану салаларының өзекті мәселелері» атты тақырыптағы дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов «Ғылыми мектеп, оның қалыптасу, даму жолдары», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақмарал Смағұлова «Жас әдебиетшілер клубы», PhD Қарлығаш Әубәкірова «Қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» тақырыптары негізінде толымды баяндама жасады.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Семей филиалы директоры қызметіне тағайындалған филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков өз жұмыстарының негізгі бағыттарымен таныстырып, алдағы жоспары мен мақсат-міндеттерінен хабардар етті.
– Шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкеміздегі тұлғаларды дәріптеу, олардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату мақсатында 2021 жылдан бастап Шәкәрім университетінде «Семей рухы» кешенді жобасын іске қостық. Бұл жобаның бір тармағы әдеби өлкетану, тарих пен өнер, тарихи өлкетану мәселелерін қамтиды. Болашақта бұл филиал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай облыстарында әдебиеттану, өнертану ғылымының дамуына ықпал жасап, әдебиет, өнер бойынша өзекті мәселелердің шешімін таппақшы, – деді Б.Аманкелдіұлы.
Филиал жұмысы өңір бойынша өзекті тақырыптарды қарастыруды қолға алмақ. Атап айтқанда, әдеби, мәдени, тарихи өлкетану мәселелері, Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар білімі» концепциялары, жаңа түркі дәуіріндегі қазақ әдебиетінің рөлі, солтүстік-шығыс өңірі ақын-жазушыларының әдеби тынысы, М.Әуезовтің Семейдегі кезеңі сияқты сүбелі зерттеулерімен ұлт руханиятының қоржынын толықтыра түспек.