aqorda_resmi
«Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесті. Кездесу барысында компанияның Қазақстанмен өзара ықпалдастығын одан әрі нығайтудың негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланғаны» айтылды.
Кездесу барысында Жетісу облысында бой көтереді деп жоспарланған қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салудың маңыздылығы айтылды. Бұл нысанға 1,8 миллиард доллар көлемінде инвестиция құю көзделіп отыр. Мұхаммед Абунайян компанияның Қазақстандағы үлесін кеңейтуге және жасыл энергетика секторында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болу ниетіне сай келетінін атап өтті. Мемлекет басшысы компанияның қызметі мен ауқымды жобаларын, атап айтқанда, құны 4,6 миллиард доллар болатын Дубайдағы «Noor Energy 1» күн электр станциясының құрылысын жоғары бағалады. Бұл әлемдегі ең ірі нысан саналады.