Көп ұзамай жекелеген бәсекелер басталды. Өкінішке қарай, Сарвиноз Мірқадырова германиялық Аннетт Кауфманнан 0:4 есебімен ойсырай ұтылды. Есесіне Алан Құрманғалиев бұл жарысты жеңіспен бастады. Жергілікті жанкүйерлер Брин Вовкке барынша қолдау көрсеткеніне қарамастан ол алғашқы айналымда словениялық ойыншыға 4:2 есебімен сан соқтырды. Келесі кезеңде қазақтың өрені Қытайдың өкілі Вэн Рибиомен әбден тіресті. Десек те бұл бәсеке Қытай елі өкілінің пайдасына шешілді – 2:4.
Ал еліміздің бірінші ракеткасы Кирилл Герасименко Германияның Дюссельдорф қаласында ұйымдастырылған WTT Feede турнирінің ширек финалына дейін жетті. Бұл бәсекенің бас жүлдесін жергілікті спортшы Менгель Штеффен жеңіп алды.