Спорт • 03 Желтоқсан, 2023

Grand Slam: Әзірге қоржын бос

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапонияның бас шаһары Токиода дзюдодан Grand Slam турнирі өтіп жатыр. Жыл сайын желтоқсан айында жалауы желбірейтін дәстүрлі жарыста Қазақстанның санаулы ғана балуандары жеңіс тұғырына көтерілген. Атап айтсақ, 2010 мен 2012 жылы Максим Раков, 2012 жылы Ислам Бозбаев, 2014 жылы Руслан Ыбыраев және 2022 жылы Ғалымжан Қырықбайдың қанжығасы майланды. Оның барлығына да қола медаль бұйырды. Ал осы күнге дейін финалға бірде-бір жерлесіміз шыға алған жоқ.

Grand Slam: Әзірге қоржын бос

Бұл жолы Күншығыс еліндегі жарыста Қазақ­стан­ның 20 спортшысы бақ сынады. Алғашқы күні алты салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, бірде-бір балуанымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ерлер арасында 73 кг салмақта белдескен Данияр Шамшаев тұсаукесер кездесуінде польшалық Адам Стодольскиге сан соқ­тырғанымен, келесі кезеңде әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еу­ропа чемпионы, италиялық Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады. Асқар Нарқұлов жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүл­дегері, грузиялық Геор­гий Терашвилиге есе жі­берді. 81 кг салмақтағы Абы­­лайхан Жұбаназар мен Руслан Мұсаевтың да жолы болмады. Абылайхан қырғызстандық Асад Маса­бировтан ұтылса, Руслан Панамерика ойындарының жеңімпазы, канадалық Фран­суа Готье-Драподан же­ңілді. 90 кг салмақта күрескен Айдар Арапов пен Ермахан Әнуарбеков жарыс басталған бетте көрермендер қатарына қосылды. Олар швециялық Маркус Ниман мен марокколық Ашраф Моу­тидің осал тұсын таба алмады.

Әйелдер бәсекесінде 77 кг салмақ дәрежесінде бақ сы­наған Олимпия ойындары, әлем және Еуропа чем­пионаттарының жүлдегері, ресейлік Мәдина Таймазова біздің Екатерина Токареваны оңбай сүріндірді. Аса ауыр салмақта өнер көр­сет­­кен Назгүл Маратова фран­циялық Корали Хаймеге жа­рытып қарсылық көрсете алған жоқ. Ал Кәмила Бер­ліқаш венесуэлалық Ур­да­нета Амаратадан айласын асыр­ғанымен, келесі кезеңде әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, Еуропа чемпионы, франциялық Леа Фонтеннен жеңілді. Жұбаныш белдесуде ол жапониялық Кодама Хи­каруге жол берді.

Алдағы күндері Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметов (60 кг), Нұрзат Сәлімбаев пен Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Нұрлыхан Шархан мен Бекарыс Сәдуақас (100 кг), Ғалымжан Қырықбай пен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг), Ғалия Тыңбаева мен Әбиба Әбужақынова (48 кг) және Есмигүл Куюлова (70 кг) сын­ды балуандарымыз татамиге шығады.

Естеріңізге сала кетейік, Токиодағы Grand Slam тур­нирінде 84 мемлекеттен келген 506 дзюдошы күш сынасып жатыр. Бұл жа­рыстың жүлде қоры 154 мың долларды құрайды. Тар­қатып айт­сақ, бас жүлдені ол­жа­ла­ғандар 4 мың (+1 000 бап­керіне), күміс алғандар 2 400 (+600 бапкеріне) және қола медальді иеленгендер 1 200 (+300 бапкеріне) долларды қалтаға басады.