Футбол • 03 Желтоқсан, 2023

Германия – әлем чемпионы

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индонезияда футболдан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі (U-17) өз мәресіне жетті. 23 күнге созылған жарыста жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 24 команда бақ сынады.

Германия – әлем чемпионы

Дүбірлі доп додасы Германия құра­масының жарқын жеңісімен аяқталды. Топтық турнирде Мексика (3:1), Венесуэла (3:0) және Жаңа Зеландияны (3:1) ұтқан олар 1/8 финалда АҚШ-ты (3:2), ¼ финалда Испанияны (1:0) және жартылай финалда Аргентинаны (3:3, пенальтиден 4:2) жеңді. Шешуші тұста Франциямен 2:2 есебімен тең ойнады. Бұл матчта алғашқы екі допты немістер соққан еді. Сол голдардың авторлары – Парис Бруннер мен Ноа Дарвих. 53-минутта Саймон Буабр есеп айырмашылығын қысқартты. 69-минутта Виннерс Осаве қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұл мүмкіндікті француздар қалт жібермей, арада біраз уақыт өткеннен кейін Матис Амугу таразы басын теңестірді – 2:2. Ал пенальти соғу барысында Штеффен Фройнд баптаған команданың бағы жанды – 4:3. Сөйтіп, Германияның жас өрендері өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының бас жүлдесін олжалады.

Үшінші орын үшін тартыс Аргентина мен Мали құрамалары арасында өрбіді. Пабло Аймардың шәкірттері осы кез­десудің фавориттері саналғанымен, қара құрлықтың өкілдері оларға дес бермеді. Малиліктер бәсекенің басынан тізгінді қолға алып, Ибраим Диарра мен Мамаду Думбия бірінші таймда нысананы дәл көздесе, үзілістен кейін Амиду Макалу кез­десудің соңғы нүктесін қойды – 0:3. Сөйтіп, Мали футболшылары қола ме­дальді мойнында жарқыратты.

Осы жарыста Өзбекстан құрамасы да сәтті өнер көрсеткенін айта кетуге тиіспіз. Топтық турнирден іркілмей өткен «ала тақиялылар» 1/8 финалда азулы Англиядан 2:1 есебімен айласын асырды. Ширек финалда олар Франциядан бір ғана доп айыр­машылығымен ұтылды – 0:1. Десек те жер-жаһанның жалынды жастары жиналған жарыста үздік сегіз команданың қатарынан көріну өзбектер үшін зор мәртебе екені анық.