Технология • 04 Желтоқсан, 2023

Киберқауіпсіздік қадамдары

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цифрлық әлемде желідегі қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Киберқауіпсіздік дегеніміз – компьютерлік жүйелерді, деректерді, бағдарламалық жасақтарды және адамдарды киберқауіптер мен киберқылмыстардан қорғауға бағытталған технологиялар, үдерістер мен тәжірибелердің жиынтығы.

Киберқауіпсіздік қадамдары

Қазіргі таңда бұлтты технология, заттар интернеті (ІоТ), жасанды интелект (АІ) және мобильді құрылғылар сияқты заманауи технологиялар даму мүм­кіндіктерін арттырып қана қоймай, киберқауіптерге де жол ашып отыр. Соның салдарынан хакерлер, вирус­тар мен фишингтік шабуылдар, жеке ақпаратты ұрлау және киберқылмыстың басқа да түрлері жеке пайдаланушыларға да, ірі корпорацияларға да қауіп төндіріп жатыр. Әлем елдері киберқылмыстың алдын алу үшін көптеген тәсіл қол­данады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Қытай, Германия, Израиль, Эстония секілді мемлекеттер ұлттық киберқауіпсіздік стратегияларын әзір­леп, халықаралық ұйымдармен кибер­қауіптер туралы ақпарат алмасу және шабуылдардың алдын алу бойынша бірлескен келіссөздер жүргізу арқылы ынтымақтастық орнатқан. Қауіп-қатер­лерді ұдайы бақылауда ұстау мақ­сатында арнайы орталықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ білікті мамандарды даярлау және азаматтарды ақпараттандыру үшін киберқауіпсіздік бойынша білім беру бағдарламаларын қарастырған.

Біздің елде де басқа мемлекеттер секілді киберқауіпсіздік саласында түрлі деңгейде көптеген іс-шара іске асырылып жатыр. Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қылмыстың алдын алып, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орта­лық мониторинг әрі талдау жүргізеді, мемлекеттік органдармен және маңызды ақпараттық инфрақұрылыммен бірігіп қызмет атқарады. Әлеуметтік желіде ақпараттық науқандар ұйымдастырып, халықты желі алаяқтарының арбауына түсіп қалмауға шақырады. Дегенмен қулығына құрық бойламайтын алаяқтар талай адамды алдап, сан соқтырып кетіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының  биылғы қыркүйек айындағы дерегі бо­йын­ша елорда тұрғындарына интернет-алаяқтардың кесірінен келтірілген залал мөлшері 2 млрд 600 млн теңгеден асып кеткен. 3 600-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген. Ал бұл көрсеткіш республика аумағында 13 700 фактіден асады. Алаяқтардың арбауына түскендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгіне бермейтінін ескерсек, бұл цифр­лар әлдеқайда көп болуы да ықтимал.

Киберқылмыстың алдын алу үшін қайтпек керек? Өзіңізді және ақ­па­ратыңызды киберқауіптерден қорғау үшін бірнеше негізгі қадамды орын­дауға болады: операциялық жүйе­лерді, браузерді және басқа да бағдар­ламаларды үнемі жаңартып отырыңыз. Құпия сөздеріңізді ойластырарда әріптер мен сандарды, күрделі таңбаларды қамтыңыз. Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз. Бейтаныс хат жіберушілердің электронды пошталарынан келген хабарламаларды мұқият оқып, жауап бермеуге тырысыңыз. Зиянды бағдарламаларға қарсы антивирустық жасақтаманы орнатыңыз. Сыртқы медиада немесе «бұлтта» маңызды деректердің сақтық көшірмесін жасап, қорғау үшін шифрлау­ды қолданыңыз. Әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты жариялауды шектеңіз. Егер жеке деректеріңізге шабуыл жасалды деп күдіктенсеңіз, міндетті түрде тиісті мамандарға жүгініңіз.

Заман дамып, жаңа технологиялар өрістеген сайын кибершабуылдар да со­ғұр­лым жиілей бермек. Дегенмен қауіп­сіздік жүйелерін белсенді түрде жаңарту және арнайы мамандарды даярлау арқылы киберқылмыспен күресе аламыз. Киберқауіптен қорғану – қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін маңызды мін­дет.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті