Депутаттардың талқылауына Сингапур, Қатар мемлекеттерімен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы екі келісімді ратификациялау туралы заң жобалары ұсынылады.
Бұл келісімдер елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, ел аумақтарында инвестициялық қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелерді реттеудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Сонымен қатар алдағы жалпы отырыста 1999 жылғы 4 маусымдағы Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралады.
Бұдан бөлек, депутаттар «Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Аталған конвенция әлем бойынша трансшекаралық өзендер мен көлдерді, онымен байланысты жерасты суларын әділ және тұрақты басқаруға жәрдемдесудің жаһандық құқықтық тетігі болып саналатын негіздемелік құжат болады.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері Ғылым және технологиялық саясат туралы және дипломатиялық қызмет мәселелері туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады. Депутаттар бастамашылық еткен ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленді.