Алматы • 04 Желтоқсан, 2023

Алматыда ерекше аялдама пайдалануға берілді

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың алдына қойылған аялдама кешеніне қатысты урбанист Дидар Шажалиев пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ерекше аялдама пайдалануға берілді

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше аялдаманың шатыры алюминиймен жабылған, металл жақтау ағашпен қапталған. Барлық ағаш элементтер отқа төзімді, су өткізбейтін және арнайы құралдармен өңделген. Ұзындығы 18 метр орындық қойылған.

Сарапшының сөзінше, жаңа аялдаманың басты артықшылығының бірі - сыйымдылық.
 
«Мұндай аялдама туралы сенімді түрде «адамдар үшін жасалған» деп айтуға болады. Яғни, қандай да бір стандартты жоба ғана емес, азаматтардың қажеттіліктері ескерілген. Кез келген ауа райында мұнда көптеген адамдар жайлы орналаса алады», деді Дидар Шажалиев.

Аялдаманы жөндеу ауданның аялдама кешендерін ұстауға бөлінген қаражат есебінен жүргізілді.

Тағы бір айта кетер ақпарат, жолаушылар ағынын сараптау нәтижесінде Алматы метрополитенінде жылжымалы құрам саны көбейтілді. Енді қарбалас уақытта 11 құрам 5 минут 38 секунд жиілікпен қызмет көрсетеді.

Оқу жылы басталғаннан жолаушылар ағыны 70 мыңнан 90 мыңға дейін көбейген. Талдау нәтижесінде желіге қосымша құрам шығару туралы шешім қабылданған. Әр құрам жалпы сыйымдылығы 900 адамнан асатын 4 вагоннан тұрады.  

Еске салайық, Алматы метрополитені 2011 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылған, қазіргі кезде 11 станция бар. Әрі қарай 4 станцияның құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алматы әкімдігі