Бокс • 05 Желтоқсан, 2023

Қыздардың үлесінде 8 медаль

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ереванда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің финалына еліміздің төрт боксшысы жолдама алғаны жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Кеше солардың үшеуі шаршы алаңға шығып, өздерінің өрелі өнерлерімен барша жанкүйерді қуантты.

Қыздардың үлесінде 8 медаль

Жерлестеріміздің жеңісті жолын Аяжан Сыдық бастады. 54 кг салмақта сайысқа түс­кен ол ақтық сынға дейін ал­­қынбай жетті. Шешуші тұс­та үн­дістандық Амиша Кер­­­кеттаны қапы қалдырған Ая­жан алтыннан алқа тақты. Бар­лық бес төреші де оның мық­­­ты­лығын бірауыздан мо­йын­дады. Көп кешікпей 60 кг сал­мақ дәрежесіндегі Толға­най Қасымханның өнерін та­машаладық. Ол ресейлік Кира Леоновамен күш сынас­ты. Екеуі аянбай айқасып, бір-бірін әбден соққылады. Десек те Толғанай алымды әрі қарымды көрінді. Оның соққылары қарсыласына көбірек тиді. Бұл жағдай қазы­лардың назары­нан тыс қалған жоқ. Есеп – 3:2. Үшінші алтын медальді команда қоржынына 66 кг салмақтағы Айсұлу Мұхит салды. Аса шиеленісті бәсекеде ол румыниялық Амалия Ту­гуйды тізе бүктірді – 3:2.

Осы күнге дейін еліміздің қыздар құрамасы Арменияның астанасында бес қола медальға қол жеткізген еді. Ол жүлделердің иегерлері – Сила Биболсынқызы (48 кг), Гауһар Зарден (50 кг), Айша Сәриева (52 кг), Алина Құдайбергенова (63 кг) және Құралай Егімбайқызы (80 кг). Сөйтіп, біздің боксшы қыздар биылғы әлем чемпионатын 3 алтын және 5 қоламен қоры­тын­дылады. Барлығы – 8 жүл­де. Әрине, бұл – өте тамаша көрсеткіш!