Басылым • 04 Желтоқсан, 2023

Газет пен журнал – екінші тынысым

160 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1966 жылы қауыс-қараша айының ортасында Ресей аумағында үш жыл екі ай міндетімді өтеп, елге оралдым. Екі жылдай Горький-Борда, бір жыл үш айдай Иванова-Шуя гарнизонында болдым. Бір ғажабы – осы үш жылда да біз 40 шақты қазақ пен 8 өзбек «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газетінен көз жазғанымыз жоқ. Елдегі жаңалықтарды оқып, масаттанып қаламыз, бір-бірімізден сүйінші сұраймыз. Кейіндеу білдім, мұны ұйымдастырған атыраулық екі солдат, екеуі де орта мектепті орыс тілінде бітірген Мақсат Құлтумин мен Ғайнет Қуанғалиев екен. Бірде Мақсаттың шағын мақаласы «Казахстанская правда» газетіне жарияланды. Сонда оны қолма-қол құттықтап қуанғанымыз-ай! Содан 1964 жылы Горький гарнизонында 800 метр жарыстан солдат Өсер Серікқалиевтің екінші орын алғаны туралы сержант Исатай Шәмбіловтің «Социалистік Қазақстанға» шыққан мақаласын бәріміз жабылып, күндіз-түні оқығанымызды қайтерсің!

Газет пен журнал – екінші тынысым

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Полкте әскери тәртіп өте қа­тал, старшина Алексей Бо­дунов кітапханадағы газет-журнал тігінділерін тексереді, сондықтан оқып болғаннан кейін міндетті түрде екі газетті де ті­гіндіге тіркейміз. Ғайнет пен менің мектептегі сыныптасым Аман­гелді Мұқашев екі-үш айлық курс­ты бітіріп, теп-тез аға сержант шеніне ие болды да, біздің апшымызды қуырды. Қайдан үйренгенін қайдам, Амангелді сол кездің өзінде орыс тіліне жетік. Қазақтан – мен, өзбектен – Сәлім бұл тілге әлсіздеу болдық. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер» дегендей, әйтеуір, үйтіп-бүйтіп қатарға кірдік-ау!

Сол жылдарда әскерден келгендерде аздап мақтаныш сезімі болды. Солдат киімін қастерлеп, көшеге, қонаққа шақырғанға сықиып киіп бару, керзі етікті лақтырып тастап, ескі құрым етік тауып, оның қонышын жиы­ра кию деген сияқтылар – менен де шет қалмады. Осындай бір қам-қарекет тұсында әкем­нің: «Уақыты өтіп кетер, «С­о­циалистік Қазақстан» мен «Ка­захстанская правда» газетіне, сосын «Жұлдыз» журналына келесі жылға жазыл, мә, ақша», дегені. Өзі осы екі газетті жаздырып алып оқиды екен, кенеттен «Жұлдызды» қостырғанына ішімнен ризашылық сезімде болдым. Мектепте оқып жүргенде, ғайыптан тайып, «Жұлдыз» уақытша қолыма түсіп, «Қан мен тердің» журналдық нұсқасын бір нөмірінен, «Қаһарлы күндер» романын бір нөмірінен оқып, шұғыл түрде екі авторға да мұ­қияттап хат жазғанмын. Дәмем зор еді, бірақ қайыра жауап бол­мады, мүмкін қолдарына ти­меген шығар. Айтпақшы, сол­даттық өмірде шатқаяқтап өлең­сымақ жазып, әріптестеріме оқып жүрдім. Оралған соң сол өлеңнің бірсыпырасы аудандық газетте жарияланды. Келе сала төкпектетіп әкеме де оқығанмын, осы күні ойлаймын, «Жұлдыз» журналына жазылуға осы әре­кетімнің де пайдасы тиген болар-ау деп.

Сол 1964 жылдан бері мен «Социалистік Қазақстан», («Еге­мен Қазақстан»), ал 1974 жылдан бастап «Жұлдыз» журналы, сәл кейінірек «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің бір санын да қалт жібермей қадағалап оқып келемін. 1970-1975 жылдары студенттік кезі­мізде газет-журналды әр кө­шенің қиылысқан тұсындағы дүңгіршектен сатып алатынбыз.

Ол кезде басылымдардың таралымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай еді. Мысалы, «Жұл­дыз» журналының таралымы Тахауи Ахтанов бас ре­дактор боп тұрған кезде 50-55 мыңға жетті. 1990 жылы қатарға қосылған «Ана тілі» газетінің таралымы әп дегенде шарықтады да, бірте-бірте азая берді. Жазушы Мереке Құлкенов бас редакторлық еткен жылдары бұл газет таралымы қайта 30 мыңға жетті.

Еліміздің бас газеті – «Еге­мен Қазақстанды» тәуелсіздік жылдары Шерхан Мұртаза басқарды. Басылымның тара­лымы көтерілгені осы тұс. Газеттің басшылығына белгілі қаламгер Сауытбек Абдрах­манов тағайындалған кезде ба­сылымның таралымын кеңес кезіндегі таралымға жуық­тастыра айды аспанға шығарып, оқырманның жүрегіне жол тапты. Сөзімізді нақты дерекпен дәлелдесек: 2014 жылғы 25 нау­рыз саны – 201 715 дана, 2015 жылғы 12 тамыз саны – 203 394 дана, 2016 жылғы 9 қаңтар саны – 210 932 данамен жарық көрген. Қалың оқырман басылымды іздеп жүріп оқыды. Шынайы көңілмен Ел газеті «Егемен», жазылмаймын неге мен?», деді. «Егемен Қазақстанның» бе­тінде жұрт шөлдеп отырған түйткілді мәселелер ашық жазылды. Сы­ни материалдар өз өрісін тауы­п, газеттің төріне жайғасты. Басылым бетінде 1920 жыл мен 1940 жылдың арасында мұрағатта (архив) жасырынып жатып қалған ащы да, тұщы да мате­риалдарды тауып жариялады. Кіл «мен атайын, сен тұр» журналистерін бағыт беріп жұмсағасын, олар жеті қабат жердің астындағысын суырып алуға дайын еді. Ал марқұм Ержұман Смайыл мен Жанболат Аупбаев о бастан «Егемен» үшін жаратылғандай журналистердің журналисі, екеуі де басылымға зор үлес қосты.

Сірә, 2008 жылдың күз айы-ау! Сауытбек Ақтөбе қала­сындағы университетте оқыр­мандармен кездесу өткізді. Екі сағаттай уақыт жалғыз өзі сөйледі. Газеттің келесі жылғы жос­парынан нақты-нақты ма­те­риал­дардың атын атап, түсін түстеп, қандай мәселе кө­те­ретінін шегелеп тастады. Со­дан кейін сұрақ-жауапқа ауыс­ты. Өрімді, өресі биік сұрақтар қойылды. Бір келіншек: «Мен «Егемен Қазақстанның» үш данасына жазылып жүрмін. Біреуі – анама, біреуі – әкеме, біреуі – өзіме, өйткені екеуі бір газетке таласып қалмасын деймін. Күйеуім орыстілділеу еді, оны қазақшаға мойынсұндырдым, қазір «Егеменді» бастан-аяқ оқиды» деп еді, жұрт дуылдата қол соқты. Жалпы алғанда, Сауытбек Абдрахманов – бас­пасөздің тілін де, техникасын да толық меңгерген, құлашы кең, қарымды маман. Менің бай­қағаным, Сауытбектің қалың оқырманның ертеңгі газет бе­тінен нені оқығысы келетінін, қандай жанрға көңілі ауатынын, ол әдебиет пе, әлде поэзия ма, әлде сұрақ-жауап па, әлде көркем очерк пе, әлде түйінді мәселеге құрылған кесіп түсер сыни мақала ма, әйтеуір, уақыт тезін, яғни ауанын бажайлайтын көріпкелдігінің барлығы. Нөмір құрылымын бұзбай бірді-екі­лі материалмен оқырманды риза етіп, «Па, жаса, Егемен» де­гізетіндігі.

Сауытбек басқа қызметке өз еркімен ауысып, Мәжіліс депу­таттығына сайланғанда, бүгінгі «Астана ақшамының» бас редакторы Еркін Қыдыр басшы болды. Іскерлігін байқадық. Нөмірі бірінші ұлттық газетіміз 2019 жылы 100 жасқа толайын деп отырғанда «тұтқасын кім ұстар екен?» деп те қам жедік.

Құдайға шүкір, білікті де білгір азамат Дархан Қыдырәлі орынтаққа жайғасып, құлашын оңға, солға сілтеп, біраз жоба-жоспар игеріп, министр лауазымына жоғарылады. Бүгінде ол – сенатор.

2022 жылдың қыркүйек басында «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығына Дихан Қамзабекұлы келді. Бү­гінгі «Egemen Qazaqstan» жаңа лауазымды жетекшімен Дар­хан Қыдырәлі қолға алған жаңа­лықты тереңдетіп, жаңаша си­патта өрістетті. Әр беттегі материалдың орналасуына, көр­кемделіп, безендірілуіне, түрлі түсті суреттердің ерекше өрнектеліп, жанындағы жанды мақалаға үн қосуы басылымның дәстүрін жалғастырды. Бұл әдіс – оқырманның сана-сезімін биіктетіп, газетке деген ықыласын арттырғанына куә болдық. Жарияланған ма­териал­дардың сапасы, сауат­тылығы, өміршеңдігі, оқыған әр оқырманға жететіні анық. Бұл – ұжым шығармашылығындағы бірлік пен нәтиженің көрінісі. Әр беттегі жарияланым, өзіне қойылған айдарға тікелей жауа­п беріп, басқа әңгімеге мойы­н бұрмайтыны, әр нәрсені бір түрт­кілеп, езулеп кетпейтіні оқыр­манды аса сүйсіндірері сөзсіз. Газеттің әрбір саны – ізде­ніске толы. Алыс аудандардан түсетін материалдардың дәйекті фактілері сырғыма сөзден гөрі нақты цифрларға жүгінетіні, ізденімпаз тілші­лер­дің қабілеттілігін паш етеді. «Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» дегендей, басқа басылымдардан көш озық «Егеменмен» ең болмаса қапталдасатын басылым әзірше жоқ. Келесі жылда газеттің таралымы көңілдегідей болары хақ. Көзіқарақты, көңілі ояу оқырмандар «Егемен Қазақ­станның» таралым қоржынын сықита толтырар деген үміт­темін! Алпыс жылдай осы газетпен бірге жасасып, көп оқырманның бірі болып келе жатқан менің басылымға деген ризашылығымда шек жоқ. Газеттің әр санын асыға күтемін, әр бетін саралап, асықпай оқуыма – басылым да, оқырман мен де мүмкіндік жасаймыз.

Ендігі сөз – өзім елу алты жыл қабырғалас жүріп, тілекші болған «Жұлдыз» журналы бұл күнде біреу білсе, біреу білмейтін басылымға айналуға жақын. Шетелге кеткен Мұхтар Мағауиннен кейін бас редактор орынтағына білдей-білдей төрт жазушы отырғанмен, ай сайы­н әр нөмірі жарық көргенмен, таралым (тираж) мәселесі мандымай қойғаны жасырын сыр емес. Бұған алдымен сегіз жүз алпыстай Жазушылар одағының мүшесі алаңдау керегін баса айтқым келеді. Алдымен ең болмаса, «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымына өздері жазылып, содан кейін насихат жұмысына көңіл аударса, өздері өмір сүріп, жұмыс жасайтын жерлеріне, сөздері өтетін жолдас-жораларына, ағайын-туыстарына бір-бір данадан жаздыруға мүмкіндік жасаса, абыройға бөленері хақ. Астанада бір жүз жетпіс Одақтың мүшесі тұрады. Құдай деп айтайын солардың бірен-сараны ғана осы екі басылымға жазылады. «Жұлдызды», «Қазақ әдебиетін», алдырасың ба, жазылып па едің? деп сұрай қалсаң, «Жоқ, қажетті тұсын интернеттен оқып аламын ғой, оның несіне әуре боламын», дейтіндер баршылық. Ол шіркіндер сонда шыққанына бір ғасыр, бір жыл болған «Жұл­дыз», сексен тоғыз жыл толған «Қазақ әдебиеті» газетінің неше беттен тұратынын, тіпті сү­дінін ұмытып қалмай ма деп ой­­лауға мәжбүрмін. Сонда олар – «Жұл­дыздың» бір жылға жазылу бағасының бар болғаны – 8 834 теңге екенін, ал «Қазақ әдебиетінің» 5 526 теңге екенін біле ме екен, әлде «Жаны ашы­мастың қасында басың ауырмасын» дейміз бе?

Сөз арасында айта кетейік, мен оқырман ретінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдызға» жыл сайы­н міндетті түрде жазыламын. Басылымдардың жарты жылы да, бір жылға жазылу баға­сы да сөз етуге тұрмайды.

Бір айта кететін жайт, қазіргі уақыт тым шапшаң, екі қолды қалтаға салып, талтайып тұруды көтермейді. Қозғалу керек, се­зіну керек, жазып-сызу керек.

Уақыт үрдісінен, заман талабынан шығатын шығарманы тудырсаң соны жариялап көптің назарына ұсынуға «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» керек. Бұл екеуінің жағдайын алдымен жазушы ойламаса, енді кім ойлайды? Ұлтымыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» бұл күнде бірыңғай саяси, мәдени ақпараттық бағыт ұстап, поэзия мен прозаны жарияламайды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының басқарма төрағасы болып Мереке Құлкенов келгелі одақта қозғалыс барын естіп те, көріп те жатқан жай бар. Ал «Жұлдыз» журналының бас редакторлығына – Тұрысбек Сәукетаев тағайындалғанына ризашылығымызды білдірдік. Бұл екі жазушының қаламы жүйрік, құлашы кең, ойы терең, ал адами болмысы мен рухани келбеті заман ағымына жауап бере алады.

Тұрысбектің «Жұлдызға» сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Жел­қайық» романы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны – ұлт прозасының абыройы.

«Жұлдыз» поэзия мен про­заның жиынтығы емес, уақыт талабына, уақыт тезіне орай жазылған оқырман лебізін, пікірі мен көрікті ойын, әділетті Қа­зақстанның жетістігі мен жа­ңашылдығын қорыта айтатын қомақты материалдар ұйым­дастыру – журналдың асыл мін­деті депті бас редактор. Орайлы ой, дөп сөз!

Олай болса, қалың оқырман зиялылық пен мәдениетке жана­шырлығын мерзімді басылым­дарға жазылып қана көрсете алады. Іске сәт!

 

Марат МӘЖИТОВ,

жазушы