Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Полкте әскери тәртіп өте қатал, старшина Алексей Бодунов кітапханадағы газет-журнал тігінділерін тексереді, сондықтан оқып болғаннан кейін міндетті түрде екі газетті де тігіндіге тіркейміз. Ғайнет пен менің мектептегі сыныптасым Амангелді Мұқашев екі-үш айлық курсты бітіріп, теп-тез аға сержант шеніне ие болды да, біздің апшымызды қуырды. Қайдан үйренгенін қайдам, Амангелді сол кездің өзінде орыс тіліне жетік. Қазақтан – мен, өзбектен – Сәлім бұл тілге әлсіздеу болдық. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер» дегендей, әйтеуір, үйтіп-бүйтіп қатарға кірдік-ау!
Сол жылдарда әскерден келгендерде аздап мақтаныш сезімі болды. Солдат киімін қастерлеп, көшеге, қонаққа шақырғанға сықиып киіп бару, керзі етікті лақтырып тастап, ескі құрым етік тауып, оның қонышын жиыра кию деген сияқтылар – менен де шет қалмады. Осындай бір қам-қарекет тұсында әкемнің: «Уақыты өтіп кетер, «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газетіне, сосын «Жұлдыз» журналына келесі жылға жазыл, мә, ақша», дегені. Өзі осы екі газетті жаздырып алып оқиды екен, кенеттен «Жұлдызды» қостырғанына ішімнен ризашылық сезімде болдым. Мектепте оқып жүргенде, ғайыптан тайып, «Жұлдыз» уақытша қолыма түсіп, «Қан мен тердің» журналдық нұсқасын бір нөмірінен, «Қаһарлы күндер» романын бір нөмірінен оқып, шұғыл түрде екі авторға да мұқияттап хат жазғанмын. Дәмем зор еді, бірақ қайыра жауап болмады, мүмкін қолдарына тимеген шығар. Айтпақшы, солдаттық өмірде шатқаяқтап өлеңсымақ жазып, әріптестеріме оқып жүрдім. Оралған соң сол өлеңнің бірсыпырасы аудандық газетте жарияланды. Келе сала төкпектетіп әкеме де оқығанмын, осы күні ойлаймын, «Жұлдыз» журналына жазылуға осы әрекетімнің де пайдасы тиген болар-ау деп.
Сол 1964 жылдан бері мен «Социалистік Қазақстан», («Егемен Қазақстан»), ал 1974 жылдан бастап «Жұлдыз» журналы, сәл кейінірек «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің бір санын да қалт жібермей қадағалап оқып келемін. 1970-1975 жылдары студенттік кезімізде газет-журналды әр көшенің қиылысқан тұсындағы дүңгіршектен сатып алатынбыз.
Ол кезде басылымдардың таралымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай еді. Мысалы, «Жұлдыз» журналының таралымы Тахауи Ахтанов бас редактор боп тұрған кезде 50-55 мыңға жетті. 1990 жылы қатарға қосылған «Ана тілі» газетінің таралымы әп дегенде шарықтады да, бірте-бірте азая берді. Жазушы Мереке Құлкенов бас редакторлық еткен жылдары бұл газет таралымы қайта 30 мыңға жетті.
Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанды» тәуелсіздік жылдары Шерхан Мұртаза басқарды. Басылымның таралымы көтерілгені осы тұс. Газеттің басшылығына белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов тағайындалған кезде басылымның таралымын кеңес кезіндегі таралымға жуықтастыра айды аспанға шығарып, оқырманның жүрегіне жол тапты. Сөзімізді нақты дерекпен дәлелдесек: 2014 жылғы 25 наурыз саны – 201 715 дана, 2015 жылғы 12 тамыз саны – 203 394 дана, 2016 жылғы 9 қаңтар саны – 210 932 данамен жарық көрген. Қалың оқырман басылымды іздеп жүріп оқыды. Шынайы көңілмен Ел газеті «Егемен», жазылмаймын неге мен?», деді. «Егемен Қазақстанның» бетінде жұрт шөлдеп отырған түйткілді мәселелер ашық жазылды. Сыни материалдар өз өрісін тауып, газеттің төріне жайғасты. Басылым бетінде 1920 жыл мен 1940 жылдың арасында мұрағатта (архив) жасырынып жатып қалған ащы да, тұщы да материалдарды тауып жариялады. Кіл «мен атайын, сен тұр» журналистерін бағыт беріп жұмсағасын, олар жеті қабат жердің астындағысын суырып алуға дайын еді. Ал марқұм Ержұман Смайыл мен Жанболат Аупбаев о бастан «Егемен» үшін жаратылғандай журналистердің журналисі, екеуі де басылымға зор үлес қосты.
Сірә, 2008 жылдың күз айы-ау! Сауытбек Ақтөбе қаласындағы университетте оқырмандармен кездесу өткізді. Екі сағаттай уақыт жалғыз өзі сөйледі. Газеттің келесі жылғы жоспарынан нақты-нақты материалдардың атын атап, түсін түстеп, қандай мәселе көтеретінін шегелеп тастады. Содан кейін сұрақ-жауапқа ауысты. Өрімді, өресі биік сұрақтар қойылды. Бір келіншек: «Мен «Егемен Қазақстанның» үш данасына жазылып жүрмін. Біреуі – анама, біреуі – әкеме, біреуі – өзіме, өйткені екеуі бір газетке таласып қалмасын деймін. Күйеуім орыстілділеу еді, оны қазақшаға мойынсұндырдым, қазір «Егеменді» бастан-аяқ оқиды» деп еді, жұрт дуылдата қол соқты. Жалпы алғанда, Сауытбек Абдрахманов – баспасөздің тілін де, техникасын да толық меңгерген, құлашы кең, қарымды маман. Менің байқағаным, Сауытбектің қалың оқырманның ертеңгі газет бетінен нені оқығысы келетінін, қандай жанрға көңілі ауатынын, ол әдебиет пе, әлде поэзия ма, әлде сұрақ-жауап па, әлде көркем очерк пе, әлде түйінді мәселеге құрылған кесіп түсер сыни мақала ма, әйтеуір, уақыт тезін, яғни ауанын бажайлайтын көріпкелдігінің барлығы. Нөмір құрылымын бұзбай бірді-екілі материалмен оқырманды риза етіп, «Па, жаса, Егемен» дегізетіндігі.
Сауытбек басқа қызметке өз еркімен ауысып, Мәжіліс депутаттығына сайланғанда, бүгінгі «Астана ақшамының» бас редакторы Еркін Қыдыр басшы болды. Іскерлігін байқадық. Нөмірі бірінші ұлттық газетіміз 2019 жылы 100 жасқа толайын деп отырғанда «тұтқасын кім ұстар екен?» деп те қам жедік.
Құдайға шүкір, білікті де білгір азамат Дархан Қыдырәлі орынтаққа жайғасып, құлашын оңға, солға сілтеп, біраз жоба-жоспар игеріп, министр лауазымына жоғарылады. Бүгінде ол – сенатор.
2022 жылдың қыркүйек басында «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығына Дихан Қамзабекұлы келді. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan» жаңа лауазымды жетекшімен Дархан Қыдырәлі қолға алған жаңалықты тереңдетіп, жаңаша сипатта өрістетті. Әр беттегі материалдың орналасуына, көркемделіп, безендірілуіне, түрлі түсті суреттердің ерекше өрнектеліп, жанындағы жанды мақалаға үн қосуы басылымның дәстүрін жалғастырды. Бұл әдіс – оқырманның сана-сезімін биіктетіп, газетке деген ықыласын арттырғанына куә болдық. Жарияланған материалдардың сапасы, сауаттылығы, өміршеңдігі, оқыған әр оқырманға жететіні анық. Бұл – ұжым шығармашылығындағы бірлік пен нәтиженің көрінісі. Әр беттегі жарияланым, өзіне қойылған айдарға тікелей жауап беріп, басқа әңгімеге мойын бұрмайтыны, әр нәрсені бір түрткілеп, езулеп кетпейтіні оқырманды аса сүйсіндірері сөзсіз. Газеттің әрбір саны – ізденіске толы. Алыс аудандардан түсетін материалдардың дәйекті фактілері сырғыма сөзден гөрі нақты цифрларға жүгінетіні, ізденімпаз тілшілердің қабілеттілігін паш етеді. «Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» дегендей, басқа басылымдардан көш озық «Егеменмен» ең болмаса қапталдасатын басылым әзірше жоқ. Келесі жылда газеттің таралымы көңілдегідей болары хақ. Көзіқарақты, көңілі ояу оқырмандар «Егемен Қазақстанның» таралым қоржынын сықита толтырар деген үміттемін! Алпыс жылдай осы газетпен бірге жасасып, көп оқырманның бірі болып келе жатқан менің басылымға деген ризашылығымда шек жоқ. Газеттің әр санын асыға күтемін, әр бетін саралап, асықпай оқуыма – басылым да, оқырман мен де мүмкіндік жасаймыз.
Ендігі сөз – өзім елу алты жыл қабырғалас жүріп, тілекші болған «Жұлдыз» журналы бұл күнде біреу білсе, біреу білмейтін басылымға айналуға жақын. Шетелге кеткен Мұхтар Мағауиннен кейін бас редактор орынтағына білдей-білдей төрт жазушы отырғанмен, ай сайын әр нөмірі жарық көргенмен, таралым (тираж) мәселесі мандымай қойғаны жасырын сыр емес. Бұған алдымен сегіз жүз алпыстай Жазушылар одағының мүшесі алаңдау керегін баса айтқым келеді. Алдымен ең болмаса, «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымына өздері жазылып, содан кейін насихат жұмысына көңіл аударса, өздері өмір сүріп, жұмыс жасайтын жерлеріне, сөздері өтетін жолдас-жораларына, ағайын-туыстарына бір-бір данадан жаздыруға мүмкіндік жасаса, абыройға бөленері хақ. Астанада бір жүз жетпіс Одақтың мүшесі тұрады. Құдай деп айтайын солардың бірен-сараны ғана осы екі басылымға жазылады. «Жұлдызды», «Қазақ әдебиетін», алдырасың ба, жазылып па едің? деп сұрай қалсаң, «Жоқ, қажетті тұсын интернеттен оқып аламын ғой, оның несіне әуре боламын», дейтіндер баршылық. Ол шіркіндер сонда шыққанына бір ғасыр, бір жыл болған «Жұлдыз», сексен тоғыз жыл толған «Қазақ әдебиеті» газетінің неше беттен тұратынын, тіпті сүдінін ұмытып қалмай ма деп ойлауға мәжбүрмін. Сонда олар – «Жұлдыздың» бір жылға жазылу бағасының бар болғаны – 8 834 теңге екенін, ал «Қазақ әдебиетінің» 5 526 теңге екенін біле ме екен, әлде «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дейміз бе?
Сөз арасында айта кетейік, мен оқырман ретінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдызға» жыл сайын міндетті түрде жазыламын. Басылымдардың жарты жылы да, бір жылға жазылу бағасы да сөз етуге тұрмайды.
Бір айта кететін жайт, қазіргі уақыт тым шапшаң, екі қолды қалтаға салып, талтайып тұруды көтермейді. Қозғалу керек, сезіну керек, жазып-сызу керек.
Уақыт үрдісінен, заман талабынан шығатын шығарманы тудырсаң соны жариялап көптің назарына ұсынуға «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» керек. Бұл екеуінің жағдайын алдымен жазушы ойламаса, енді кім ойлайды? Ұлтымыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» бұл күнде бірыңғай саяси, мәдени ақпараттық бағыт ұстап, поэзия мен прозаны жарияламайды.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып Мереке Құлкенов келгелі одақта қозғалыс барын естіп те, көріп те жатқан жай бар. Ал «Жұлдыз» журналының бас редакторлығына – Тұрысбек Сәукетаев тағайындалғанына ризашылығымызды білдірдік. Бұл екі жазушының қаламы жүйрік, құлашы кең, ойы терең, ал адами болмысы мен рухани келбеті заман ағымына жауап бере алады.
Тұрысбектің «Жұлдызға» сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Желқайық» романы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны – ұлт прозасының абыройы.
«Жұлдыз» поэзия мен прозаның жиынтығы емес, уақыт талабына, уақыт тезіне орай жазылған оқырман лебізін, пікірі мен көрікті ойын, әділетті Қазақстанның жетістігі мен жаңашылдығын қорыта айтатын қомақты материалдар ұйымдастыру – журналдың асыл міндеті депті бас редактор. Орайлы ой, дөп сөз!
Олай болса, қалың оқырман зиялылық пен мәдениетке жанашырлығын мерзімді басылымдарға жазылып қана көрсете алады. Іске сәт!
Марат МӘЖИТОВ,
жазушы