Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық волонтерлік желінің қолдауымен өткен мерекелік басқосуда Мәжіліс депутаты Вера Ким қоғамдағы волонтерліктің маңыздылығына, оның басым бағыттары мен жетістіктеріне жіті тоқталды.
– Ел дамуындағы волонтерлердің рөліне волонтерлік және қайырымдылық қызметі арқылы әлеуметтік әріптестіктің әлеуетін арттыруға Мемлекет басшысы тарапынан ерекше назар аударылды. Нәтижесінде, волонтерлік қозғалыстың жалпыұлттық ауқымы өсіп келе жатыр. Отандастарымызда жақсылық жасауға, көмек көрсетуге және өмірін жақсы бағытқа өзгертуге деген ниеті мен қарым-қабілеті қалыптасып келеді. Осынау маңызды күнде «Волонтер болу оңай» атты қысқы мейірім апталығының басталғанын хабарлаймыз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық волонтерлік желі ұйымдастырған бұл бастама қоғам игілігі үшін волонтерлік жобаларды ынталандыру және жүзеге асыруды көздейді. Игі бастама 4-10 желтоқсан аралығында өтеді, – деді депутат.
Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров республикалық және халықаралық деңгейде волонтерлікті дамыту бойынша стратегиялық құжаттар мен бастамаларды қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
– Келер жылы АӨСШК-ге мүше елдер волонтерлер кездесуін өткізеді. Осы тұрғыда Қазақстан өз міндеттемелерін дәйекті және мақсатты түрде жүзеге асырып, ел ішінде және Орталық Азия өңірінде ғана емес, волонтерлік қызмет пен волонтерлердің деңгейін жаһандық тұрғыда арттыруға ұмтылып келеді. Бұл әлеуметтік, экономикалық және саяси салалардағы соңғы оқиғаларға байланысты өте маңызды, өйткені волонтерлер ортақ мақсатқа – бейбітшілік пен ізгілікке ұмтылған ізгі ниетті адамдар, – деп атап өтті вице-министр.
Симпозиум барысында еліміздің волонтерлік тәжірибесінен бөлек, әлемдегі волонтерлік әлеуеті туралы 2025 жылғы және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы волонтерлердің жағдайы туралы алғашқы баяндамаларды дайындау тәсілі ұсынылды.
Сондай-ақ сессияда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның жетекші волонтерлік ұйымдарының өкілдері өз өңірлерінде волонтерлік бағыттың дамуы туралы ақпаратпен бөлісіп, өңірлік деңгейде волонтерлік бастамаларды одан әрі дамыту туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, шетелдік елшіліктердің өкілдері мен волонтерлік қызмет саласындағы сарапшылар жиылды.