Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Ұлттық академиялық кітапханада профессор, төтенше және өкілетті елші Әділ Ахметтің «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті», «Викиңдердің ізімен» кітаптарының тұсаукесері өтті. Алқалы жиынға Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Жақсыбек Құлекеев, Қайрат Сарыбай, ғалымдар Бауыржан Омарұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Дарико Мәжиденова, Амантай Шәріп, Кәрімбек Құрманәлиев, Рахман Алшанов, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кешке модераторлық еткен депутат Дархан Қыдырәлі өз сөзінде екі кітаптың тарихи құндылығына тоқталды.
«Әділ Құрманжанұлының кітаптары туралы көп айтуға болады. Алдында қырық мың жыл бұрын Алтайдан Беринг арқылы Америка асқан үндістерді қоғамға сүйіншілесе, енді викиңдердің Хазария және Каспиймен түбірлес екендігін, ұлы көшпелілер өркениетімен сабақтасып жатқандығын тайға таңба басқандай, қазіргі ғылыми жаңалықтар мен ДНҚ-ның және басқа да зерттеулердің нәтижелерімен ұштастыра отырып, терең тұжырымдар жасайды. «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» атты еңбекке Әділ Құрманжанұлының әлемге танымал саясаткерлер мен Нобель сыйлығы иегерлерінің жаһанданған әлемнің геосаяси келбетін айшықтайтын бірегей туындыларын сараптайтын мақалалар топтамасы енгізілген.
Ал жаңадан жарық көрген «Викиңдердің ізімен» кітабында профессор байырғы скиф пен викиң өркениеттеріне деген жаңа көзқарасты көкейге қонымды дәлелдер мен дәйектерге сүйене отырып, әлем ғалымдары жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне табан тірейді», деді ол.
Іс-шараның әлқиссасы кітаптың лентасын қию рәсімімен басталды. Салтанатты рәсімнен кейін сөз алған Қуаныш Сұлтанов автор жөнінде келелі ой өрбітті.
«Әділ Құрманжанұлы – аспай-саспай, жамандыққа баспай жүретін үлкен сабыр иесі. Ғалым, зерделі зерттеушінің шығармашылық, ғалымдық жұмысы 40-50 жыл бұрын шет тілдер институтын бітіргеннен бері өрістеп, таланты тәуелсіздікпен бірге ашылды деп айтуға болады. Сол кезде Білім комитетін басқару ісіне кірісті, одан кейін Англияға елші болып барды, өзге де маңызды қызметтерді атқарды. Осының барлығы оның шабыты мен қаламына жаңа бір дүниені, кең әлемді ашты. Америкалық үндістердің Алтайлық тегі жайлы кітаптан бастап, өте қызық гипотезалар, ерекше, тым жаңа қорытындылар, ұсыныстар жасады. Осылайша, ғылымда өз жолын тапты», деді ол.
Экономист-профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев Әділ Ахметтің қос кітабы мазмұн, жанр тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтынын атап өтті.
«Еңбектердің басым бөлігін қызыға оқып шықтым. «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» деген кітапты оқыған оқырман, біріншіден, автордың шығармашылық адам екенін түсінеді. Екіншіден, бұл автордың талабы, ізденісі бір ғана тарихпен шектелмейтінін, жан-жақты екенін аңғарады. Әділ Құрманжанұлының ерекше қыры – қай кітапты оқыса да, сол кітаптан кішкентай болсын қорытынды шығаруға тырысатындығы. Әрбір жазылған үлкен еңбектің ішінде ойдан кетпейтін түйіні, нәрі болады, соның барлығын автор эсселеріне, мақалаларына сыйғызып отырған. Бұл жердегі мақалалардың көбі жаңа технологияларға арналған. Бір жылда екі кітаптың тұсауын кесіп отырғаны – үлкен еңбектің нәтижесі», деді ол.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай кітаптан біздің бабаларымыздың жаһандық өркениетке қаншалық кең қанат жайғанын білуге болатынын алға тартты.
«Екіншіден, іргелі жинақтар – бүгінгі дипломатия қазанының қайнап тұрған кезінде болып жатқан құбылыстарға баға беретін, оған өзіндік түсінігін қалыптастыруға көмектесетін маңызды туынды. «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» кітабының ішінде неше түрлі тақырыпқа арналған эсселер бар. Бұл еңбектер айналадағы жаңа үрдістерді түсінуге көмектеседі. Қос жинақ та өзіміздің төл тарихымызға ерекше назар аударады. Қордалы еңбектер үлкен ғылыми сараптамалық жұмыстың басы ғана деп санаймын», деді Қайрат Сарыбай.
Іс-шарада академик Шерубай Құрманбайұлы да жинақтарды бір деммен оқып шыққанын айтты.
«Кітаптағы «шетланд» немесе «ортиджар» деген Скандинав сөздерінің біздің тілмен ұқсастығы оқырман қызығушылығын тудырады. Швед тілінен алынған «аке» сөзінің біздегі «әке» сөзімен бірдей мағына беретіндігі, скандинав тіліндегі «трана» сөзінің біздің тілдегі «тырна» сөзімен сәйкесуі, ағылшын тіліндегі «бутси» дегендегі «бут» сөзі қырғыздарда аяқ мағынасын беретіні – үлкен тақырыпқа жүк. Осындай салыстырудың арқасында жинақтан лингвистикалық деректерді өте мол табуға болады», деді ол.
Кітап авторы Әділ Ахмет Норвегиядағы викиң қорғандары мен еліміздегі сақ қорғандарының арасында туыстық байланыс бар екенін айтады. «Сондай-ақ Солтүстік Еуропада сақ қорғандарының бар екендігі ғылыми дәлелдермен баяндалған. Себебі Норвегия қорғандарынан табылған артефактілер мен Алтайдағы Берел қорғандарынан табылған артефактілердің ғажап ұқсастығы скандинавтық викиңдер мен сақтардың түпкі тегінің бір екенін дәлелдейді», дейді ғалымның өзі.
Жиынды қорытындылаған модератор Дархан Қыдырәлі ана тілімен бірге шет тілін де жетік меңгерген интеллектуал автордың қос кітабы да оқырманға олжа салатын, орта толтыратын зерделі зерттеулер екенін атап өтті.