11 Маусым, 2010

ӨҢІРЛІК ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ МҮДДЕ

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің мәжілісі болады. Оның қорытындысында ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтеді. Ақтауда жұмыс сапарымен бол­ған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына (ШЫҰ) мүше Мемле­кет­тер басшылары кеңесінің мәжі­лісіне қатысу үшін Өзбекстан ас­танасы – Ташкент қаласына келді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылдың 15 маусымында Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің ара­сын­да құрылған халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты оған қатысушы елдер арасындағы өзара сенім мен тату көршілік қатынас­тарды нығайту, саяси, сауда-эко­номикалық, ғылыми-техникалық және мәдени шара­лар бойынша тиімді ынтымақ­тастыққа ықпал ету, сондай-ақ өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лықты бірлесіп қамтамасыз ету болып табылады. Ұйымның тұрақты қызмет ете­тін екі органы: Пекинде орналас­қан Хатшылығы және Өңірлік антитеррорлық құрылымның ат­қарушы комитеті бар. Қазіргі кезде ұйымға Өзбекстан төраға­лық етеді. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев кеше кешкісін халықаралық форумдар сарайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және байқаушы мемлекеттер басшы­лары­мен, ха­лық­аралық ұйымдар жетекшілері­мен бірге Өзбекстан өнер шебер­лерінің мерекелік концертін тамашалады. Қазақстан басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев кеше сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында алдымен Өзбекстан Республикасы­ның Президенті Ислам Каримов­пен, одан кейін Ресей Федерация­сының Прези­денті Дмитрий Мед­ведевпен екі­жақты кездесу өткізіп, жиынға қа­тысты мәселелер жөнін­де пікір алмасты. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше мемлекеттер бас­шыла­ры кеңесінің отырысы бүгін бо­лады. Алдымен ұйымға қа­тысушы мемлекеттер басшы­лары­ның шағын құрамдағы отырысы өтеді, одан соң Кеңес отырысы кеңейтілген құрам­да жалғасады. Кеңес отырысынан соң қоры­тынды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Сондай-ақ Кеңестің осы мәжілісінде Шанхай ынты­мақтастық ұйы­мына төраға­лық ету Қазақстанға өтеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ  – Ташкенттен.