Жәдігер • 06 Желтоқсан, 2023

Сақ жауынгерінен Сығанақ ханшайымына дейін

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі мұралар қатарына Шірік-Рабаттан шыққан сақ жауынгері мен Алтын Орда кезеңіндегі Сығанақ ханшайымы қосылды.

Сақ жауынгерінен Сығанақ ханшайымына дейін

Сақ жауынгері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2005 жылы Шірік-Рабат қалашығына археолог Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция кезінде табылған. Жауынгер сүйегінің жанынан ұзын семсер, белдік пен сақтарға тән оюы бар киім тамтығы, қанжар сынығы, парфяндық жазуы бар қыш құмыра шыққан. Белгілі реставратор Қырым Алтынбеков Сақ жауынгерінің мүсінін Шірік-Рабатта жерленген адамның бойына сәйкестендіріп жасады. Аң стилі негізінде жасалған 2388 алтын жапсырма, 7 алтын жалатылған жебе ұшы бұл адамның өз заманында ортасына сыйлы, қоғамда белгілі бір мәртебеге ие жан болғанын айғақтап тұр.

Ал Сығанақ ханшайымы Алтын Орда кезеңіндегі ақсүйек әйелдің образы. Осыдан 4 жыл бұрын ортағасырлық Сығанақ қалашығына Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мен Өзбекстандағы Орталық Азия халықаралық институты бірлесе жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сағанадан сән-салтанатымен жерленген әйел қаңқасымен қатар, маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы бойтұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтар шығыпты.

Алтынмен апталған ханшайым реконструкциясы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев пен қазба авторы, тарих ғылымдарының кандидаты, Өзбекстандағы Я.Гулямов атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Айсұлу Искендированың ғылыми жетекшілігімен жасалды.

«Ұлы дала көшпелілерінің мәдени-рухани кел­бетін ашып көрсету, тарихи мұраларын насихаттау жолында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жасалған бұл бастама аймақтың рухани саласына тың серпіліс беретіні талассыз. Көріп тұрғандарыңыз – Алтын Орда дәуірінде дәулетті ортадан шыққан әйелдің антропологиялық бейнесі. Бассүйегі негізіндегі графикалық реконструкциясын Ресей ғылым академиясының Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты этнология бөлімінің ғылыми қызметкері Алексей Нечвалода жасап шықты. Киім үлгілерін Алтын Орда дәуіріне жататын деректер мен қазба жұмыстары барысында табылған материалдарға сүйене отырып, Татарстан Ғылым академиясы А.Х.Ха­ликова атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Людмила Макласова жасады. Реконструкция мүсіні мен алтын, қоладан жасалған әшекей бұйымдар – Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы мамандары мен өнертану ғылымдары магистрі Ағабек Назаровтың еңбегі. Әшекей бұйымдар бойынша Мемлекеттік орталық музейі археология орталығының ғылыми қызметкері Нәбира Төрежанова ғылыми жетекшілік жасады», дейді философия докторы Әзілхан Тәжекеев.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын байытқан алтын адамдар топтамасы 8-9 желтоқсан күндері Астана қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндері аясында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің бесігі» атты көрмеде қойылады.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • 13 Шілде, 2024

Аурухана жағдайымен танысты

Саясат • 13 Шілде, 2024

Әскерилерді әлеуметтік қолдау

Саясат • 13 Шілде, 2024

Базалық мөлшерлеме төмендетілді

Экономика • 13 Шілде, 2024

Көршінің наны

Қоғам • 13 Шілде, 2024