Өткен айдың соңғы онкүндігінде (20 қараша – 1 желтоқсан) Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Тұрсын бастаған мансап орталықтарының мамандары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Жұмаділов, «Оралмандарды бейімдеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Тәбілтай аталған ұлттық жоба аясында Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының тұрғындарымен кездесіп қайтқан болатын. Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында қоныс аудару бағдарламасымен көшіп келушілерге көрсетілетін мемлекеттік көмек түрлері туралы кеңінен баяндалды. Оның аясында 700 тұрғын ақпараттық кеңес алды. Кездесуге қатысқандар арасында Абай облысына қоныс аударуға ниет білдіргендер саны арта түскені байқалады.
Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығының мәліметіне сүйенсек, қазіргі күнде өңірге қоныс аударған және қандас азаматтардың 168-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, 12-сі уақытша жұмыс орнынан нәпақа тауып отыр.
Сондай-ақ 587 адамға 70 АЕК көлемінде көшіп келу үшін бірреттік көмек көрсетілген. Мансап орталығы мамандарының айтуынша, жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау аясында орын ауыстыруға ниеттенген отбасыларға бірреттік материалдық көмек беріледі. Бұл отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241 500 теңге) көлемінде төленеді.
Бұдан бөлек, облыс ішінде қоныс аударған 231 адамның тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары өтелсе, 96 адамға баспана сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілген. Сертификат сомасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50%-ы, яғни 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде бекітілген. Облыс ішінде қоныс аударушыларға қатысты нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адамға 20 АЕК (69 000 теңге); ал бір отбасындағы жан саны 2-4 адам болса, 25 АЕК (86 250 теңге); бес және одан көп адам болған жағдайда 30 АЕК (103 500 теңге) есептелген.
Ал тіршілігін ауылдық жерлерде дөңгелеткенді жөн көріп, ауылға қоныс аударғандар үшін бір адамға 15 АЕК (51 750 теңге); отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК (62 100 теңге), ал бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК (72 450 теңге) көлемінде қаражат төленеді.
Абай облысы