Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен қатар Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев те қатысты.
Кейінгі уақытта спорт саласындағы бастамалар өңірдегі жастарды жігерлендіріп жатыр. Жиналған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі жастардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Мәселен, биыл 14 спорт нысанының құрылысына облыс бюджетінен 8,1 млрд теңге бөлініп, соның алтауы пайдалануға берілген. Атап айтқанда, спорт кешендері, күрес залы, орталық стадион сияқты маңызды нысандар.
«Меценаттар, ірі компаниялар мен іргелі ұйымдар да осы іске атсалысып келеді. Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионының футбол алаңына «Қазақстан футбол Федерациясы» ассоциациясының демеушілігімен реновация жұмыстары жүргізілді. Федерация басшылығына жетісулықтардың атынан ризашылығымды білдіремін. Осы алаңнан талантты балалар спортта жарқырап шығады деп сенемін», деді Б.Исабаев.
Одан кейін сөз алған Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов болашақ футбол жұлдыздары осындай ауылдық жерлерден шығатынын, сондықтан жергілікті жерлерде балаларды футболға баулудың маңызы зор екенін жеткізді. Сол сияқты Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, жобаның бас демеуші компаниясының өкілі Кирилл Миличкин, Талдықорған қаласы Қоғамдық палатасының төрағасы Виктор Буков та көксулықтарға ізгі тілегін білдірді.
Қонақтар нысанның лентасын қиғаннан кейін алаңда «Жетісу» футбол командасы мен Көксу ауданының футбол командасы арасында жолдастық кездесу өтті. Іс-шара соңында ауылдың спортшы балаларына 100 доп таратылды.
«Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионының футбол алаңы жаңарған, жаңғырған кейіпте пайдалануға беріліп жатқаны – бәріміздің ортақ қуанышымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, оған мейлінше көңіл бөлу турасында алдымызға үлкен міндет жүктеген еді. Сол міндетті мінсіз атқаруда біршама жұмыс жүргізіліп келеді. Осындай қолдаулардың нәтижесінде осы ауданнан да күні ертең есімін әлем білетін Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Асхат Жіткеев, Айдын Смағұлов, Жәнібек Әлімханұлы сияқты ел мақтаныштары шығатынына сенімдімін. Өңірдегі басқа да спорт түрлеріне меценаттар мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, жыл соңына дейін «Жетісу» кәсіпқой волейбол клубының спортшыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй ғимаратының, келесі жылы үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталады. Қайта жаңғырған орталық стадион көптің игілігіне жарап, жастарды жігерлендіріп, спортта биіктерге талпындыра берсін», деді Ә.Бәрменқұлов.
Оның айтуынша, Президенттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес ҚФФ 2023 жылдың жазында «Alañ» футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасын іске қосылған еді. Бағдарлама 3 жылға созылады және УЕФА қолдауымен жүзеге асырылады. Осы бағдарлама аясында Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы стадионның футбол алаңы жаңғыртылған.
Негізі іс-шараның мақсаты – спорттық инфрақұрылымның сапасын арттыру, балалар мен жасөспірімдер футболын және бұқаралық футболды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ стадионында алғашқы жаңартылған алаң пайдалануға берілген еді. «Alañ» бағдарламасы аясында ел өңірлерінде жалпы саны 20 футбол алаңын осылайша тегін жаңарту жоспарланған.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы құрылыс жұмыстарының құны 197,8 млн теңгені құраған. Құрылыс биыл қыркүйек айынан бастап жүргізілген. Футбол алаңының ескі жабыны мен төселген топырағы түгелдей алынып, жаңадан жасанды жабын төселді. Бес қабаттан тұратын алаңға ірі тастар, геотекстиль, қиыршық тас және ең үстіңгі қабатына жасанды жабын төселінген.
Бұған қоса Сарқан қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің қасындағы орталық стадионының жаңа кейпі де ауыл балаларының қуанышын еселеді. Ойын алаңы сол маңда тұратын балалар мен жасөспірімдер үшін саламатты өмір салтын ұстанатын орынға айналып үлгерген. Тұрғындардың бой жазып, сергуіне ықпал етіп, бос уақыт өткізетін спорт нысанының заман талабына сай жаңартылғанына көп болған жоқ.
«Сарқан қаласындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарын «Нұр Шапағат Құрылыс» ЖШС жүргізді. 2022 жылы 15 тамызда жасалған №226 келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарының құны 659 млн 57 мың теңгені құрады. Нысан биыл қазан айында қолдануға берілді. Тапсырыс беруші – Жетісу облыстық құрылыс басқармасы. Жоғары стандарттарға сай салынған футбол алаңы көрермендер мен жанкүйерлерге арналған жабық трибуналармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ жүгіру жолағы мен снаряд лақтыратын алаң да қарастырылған», дейді аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Шынында, жүйелі жаттығу адамның иммунитетін күшейтіп, дерттерге қарсы тұруға септігін тигізеді. Есте сақтау қабілетін жақсартып, тыныш ұйқы сыйлайтын спорт белсенділікті арттырып, жүрек-қантамыр жүйесінің жақсаруына айрықша көмектеседі. Демек ауыл балаларының спортпен айналысуы ұлт үшін тағы бір маңызға ие.
Жетісу облысы