Украинаның бұл спорт түріндегі ең елеулі табысы – Олимпия ойындарының қола жүлдесі. 2004 жылы Афинада олар айды аспанға бір-ақ шығарып, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілген еді. Одан бөлек, аталған мемлекеттің қол добы шеберлері 2000 жылы Еуропа чемпионатында күміс медальды иеленсе, 2003 жылы әлемдік додада төртінші орынға табан тіреді. Десек те осы жарыста украиналықтар да Қазақстан секілді G тобының фавориттеріне лайықты қарсылық көрсете алмады. Олар Бразилия (20:35) мен Испаниядан (20:32) ойсырай ұтылды. Сөйтіп, топтық жарыста кімге үшінші орынның бұйыратыны осы қос команда арасындағы бәсекеде шешілді.
Өкінішке қарай, отандастарымыз бұл матчта да осалдық танытты. Виталий Андронов баптаған команда қақпамызға 37 гол соқты. Қазақстан гандболшыларының 24 рет қана нысананы дәл көздеуге шамалары жетті. Сөйтіп, біз өз тобымызда соңғы орында қалып қойдық. Ал бірінші орынды Испания иеленді. Пиреней түбегінің гандболшылары шешуші ойында Бразилиядан 27:25 есебімен басым түсті. Енді жарыстың екінші кезеңі басталады. Одан кейін плей-офф сайыстарын тамашалаймыз.