Өңір басшысы баспасөз мәслихатында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде баяндады. Мысалы, биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес өңірдегі өнім құны 1,3 трлн теңгені құрап, 6,1%-ға артқан. Экономика салалары бойынша құрылыс жұмыстарында – 11,1%, саудада – 2,6%, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 2,2%, өнеркәсіп өндірісінде 0,6% өсім бар. Бірақ өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі төмендеуіне байланысты жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1%-ға азайған. Сонымен қатар жыл басынан бері өңірге 365 млрд теңге шамасында инвестиция тартылса, бұл көрсеткіш былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 12%-ға артық екенін байқауға болады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі секторында облыстың мықты өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыруға басымдық берілген. Бүгінде өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі – 22%. Тарқатып айтар болсақ, 846 кәсіпорында 46 мың адам еңбек етеді. Мұның ішінде 14 ірі, 21 орта, 811 шағын кәсіпорын бар. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 695 млрд теңгеге дейін жетіпті. Мұнда өңдеу секторының үлесі 71% болса, өнім көлемі – 494 млрд теңге шамасында. Ал тау-кен өндіру саласының көлемі 17,1%-ға өскен. Сол секілді химия өнеркәсібінде – 7,3%, жеңіл өнеркәсіпте – 5,8%, құрылыс индустриясында 0,6% өсім байқалады. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі тамақ өнімдерін өндіру 17,9%-ға азайғаннан қысқарыпты. Әйткенмен, жалпы статистикаға тоқталсақ, қаңтар мен тамыз аралығында өңдеу өнеркәсібі саласына 88 млрд теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 121 млн долларды құрағанын айта кеткеніміз жөн.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына инвестиция көлемі де айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ірі инвестициялық жобалардың болашағы баянды болғанын құптайды. Жамбыл облысының әкімдігі жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде облыстың инвестициялық портфелі құны 2,3 трлн теңге болатын 69 жобаны қамтиды. Ал бұл жобалар шамамен 2026 жылға дейін іске асады. Сол кезде өңірде қосымша 5,5 мың жұмыс орны ашылуға тиіс.
– Агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізіп, үш жылда салада қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайтуымыз керек. Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан тағы бір негізгі міндет – осы. Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бас-аяғы 25,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Мұнда республикалық және жергілікті бюджеттің үлесі бар. Облыста 1,5 мың жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, 552 шаруа қожалығы үшін 511 млн теңгеге жоғары өнімді тұқым алуға, ірі қара мал басын – 5,8%, қойды – 9,8%, жылқыны 9,7% арттыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар қаралған қаржы есебінен ет өндірісін – 3,6%, сүтті 1,4% ұлғайтуға, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайтуға, орташа өнімділігі 9,6 ц/га құрайтын 363,2 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 179 мың тонна қант қызылшасын жинауға мүмкіндік болды, – дейді Е.Қарашөкеев.
Биыл облыста су тапшылығына байланысты жалпы ауданы 9,2 мың гектар аумақты алып жатқан 392 шаруа қожалығының егістігі зардап шеккен. Иә, су тапшылығы мәселесі өңір шаруларын бұған дейін де бірнеше мәрте тұйыққа тірегені есте. Осы жолы шаруалардың шығынын өтеу үшін Үкіметтің төтенше резервінен 3,7 млрд теңге бөлініп, бүгінде 2,7 млрд теңгеге 358 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылыпты.
– Биыл агроөнеркәсіп саласында 159 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сәйкесінше, 8,6 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Бұл бізге көкөніс сақтау қоймаларының қуатын 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын 7 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артады. Облыс экономикасындағы ауыл шаруашылығының бірінші жартыжылдықтағы үлесі – шамамен 7%. Жамбыл облысы – агроөнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 535 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтіліп отыр. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарланды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі байқалды. Есесіне, 2019-2022 жылдары 18,3 млрд теңгеге 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Бүгінде 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан аса жоба қаржыландырылса, 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 млрд теңгеге 17 мың жобаны несиелендіру межеленген, – дейді облыс әкімі.
Облыста трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмысы үйлесім тапқан. Мысалы, көлемі 650 млн текше метрді құрайтын Ынталы, Тасөткел су қоймалары қайта жаңарады. Бұған қоса көлемі 166 млн текше метрді құрайтын Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанға ұқсайды. Бұл жобаға кететін қаржының сомасы құжат бекіген соң белгілі болмақ. Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекетте күрделі жөндеу жүріп жатыр. Нысанды қалпына келтіру арқылы Талас өзенінің бассейні бойынша Мемлекетаралық бөлімшені іске асыра алады екенбіз. 2027 жылға қарай халықаралық институттардың қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарланған. Бүгінде облыстың 6 ауданында каналдар қайта құрылып, жөндеуден өтіп жатыр. Суармалы су көлемін ұлғайту үшін 103 ұңғыма бұрғыланған. Нәтижесінде, вегетациялық кезеңде трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 3 жылда 50%-ға дейін төмендету жоспарланған. Бұл жоба-жоспар бізге суды барынша тиімді пайдаланып, шығынды азайту арқылы мәселені реттеуге болатынын ұқтырғандай.
Өңір экономикасының өсімі шағын және орта бизнестің даму көрсеткішіне де байланысты болатыны түсінікті. Мұндайда қолынан іс келетін жандар кәсіпкерлікті қолдау шараларынан қалыс қалмаса игі дейсің. Бұл тұста Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 24,5 млрд теңгеге 2,1 мың жобаға қолдау көрсетілгенін атап өткен жөн. Соның есесіне қазір өңірде шағын және орта бизнес 25,5%-ға артқан.
Облыста жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал тұрғын үй кезегінде 37,6 мың адам тұр. Оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Облыста нақ қазір 74 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, оның ішінде 35 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы керек. Сондай-ақ биыл халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,6 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарланса, әзірге 123 пәтер сатып алынған. Тағы бір айта кететін жайт, өңірде биыл «Асар» жобасы аясында 49 көпбалалы және аз қамтылған отбасы қоныс тойын тойлаған. Өңірде елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмаған. Көшелерді жарықтандыру, асфальт төсеу жұмыстары да жоспарға сай орындалады екен.
Өңірде мектеп, колледждердің жаңа нысанын салуға, жөндеуге ерекше көңіл бөлінген. Мұның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің үлесі бар. Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Екінші және үшінші санаттағы барлық білім беру мекемелері дабыл түймесімен қамтылған. Баспасөз мәслихатында Ербол Қарашөкеев облыстағы денсаулық сақтау нысандарының жай-күйіне, мәдениет, спорт саласындағы өзгерістер мен жетістіктерге кеңінен тоқталды. Баяндаманы жастар саясаты мәселелеріне қатысты деректермен түйіндеді. Жастарды жұмыспен қамту жайын хабарлап, оларға шағын несие беруге қатысты статистикаларды қамтыды. Көп ұзамай журналистер облыс әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты сұрақ қойды. Мысалы, «Хабар 24» арнасының тілшісі Қуандық Танабас облыс әкіміне жылу маусымына дайындық барысы, тозған желілерді жөндеу жөнінде және су тапшылығын реттеу турасында сұрақ қойды. Ал Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жылу желілерін жөндеуге қатысты жұмыстар жыл сайын іске асады екен.
– Бізде облыс бойынша 350 шақырым жылу желілері бар. Ол төрт қалаға тиесілі. Тозу деңгейі 57 пайызды құрап отыр. Биыл 6,1 шақырым жылу желісі жаңартылды. Иә, Тараз қаласында тозған желілер баршылық. Оған енді қазір инвестиция тартылып жатыр. Негізі, қысқы жылыту маусымы бақылауда. Ахуал тұрақты. Енді су мәселесіне тоқталар болсам, расында биылғы жыл оңай болған жоқ. Сондықтан біз қазір үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, өзіміздің ірі су қоймалары республикалық бюджеттен, кіші су қоймалары жергілікті бюджет есебінен салынады. Екіншіден, біз өзендерден келетін суды алқапқа жеткізерде мейлінше шығынды төмендетуіміз қажет. Оған да халықаралық ұйымдардан инвестиция тартып жатырмыз. Үшіншіден, жерасты суына иек артамыз. Бізде 1,7 млрд текше метр жерасты суы бар. Сол суды тиімді пайдалану үшін біз 600-ге жуық ұңғыма қазуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, біз трансшекаралық суға тәуелділікті 85 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетеміз деп мақсат қойып отырмыз. Себебі тіршілік көзі саналатын су – өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына әсер етеді, – деп жауап берді Е.Қарашөкеев.
Баспасөз жиынында журналистер облыс әкіміне Жамбылдағы жұмыспен қамту шаралары жөнінде, шалғайдағы тұрғындардың ахуалына, инфрақұрылым, өнеркәсіп саласына және көптің көкейінде жүрген басқа да мәселелерге қатысты сұрақ қойып, нақты жауап алды.