Саладағы құрылымдар мен ұйымдар өкілдері, қоғам белсенділері қатысқан кездесуде ресми реңк сезілген жоқ, есесіне елге қажетті ұсыныс-пікірлер баса айтылды. Қазір ел арасында талқыға түсіп жүрген «Бейнеу-Шалқар» автожолы жайлы ұсыныс білдірген облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев қоғамдық тыңдауларда жұртшылық бұл жолды Сексеуіл арқылы салуды сұрап отырғанын айтып, оның тиімділігіне түрлі дәлелдер келтірді. Бұл мәселені Арал ауданынан келген азаматтар да көтерді.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменовтің пікірінше, жергілікті жол саласындағы компаниялардың жұмысы сапа жағынан шетелдік әріптестерінен кем түспейді. Техникамен қамтылуы жағынан да кемшін түсіп жатқан тұсы жоқ. «Аймақ үшін маңызды жоба – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе аралығын 4 жолақтыға кеңейту барысында осы мәселе ескерілуі керек», деді ардагер.
– Осы жол 2010 жылы басталғанда да қосалқы мердігер ретінде жергілікті компаниялар жұмыс істеді. Қазіргі жол сапасы олардың өз жұмысын жақсы меңгергендігін көрсетеді, – деді Өмірбек Шәменов.
Министрдің айтуынша, Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы автожолды 4 жолақтыға кеңейту келер жылы басталады. Қазір Ақтөбе облысы аумағындағы жұмыстар жобасы әзірленіп қойған. Жалпы алдағы 5 жылда елімізде 8 мың шақырым республикалық жол қайта жаңғыртудан өтпек. Министр осы күні отандық жол компанияларының мұндай ауқымды жобалардан қалыс қалмауы қадағаланып отырғанын айтты.
Кездесуде «Қызылорда-Жезқазған» автожолы жобасы жайлы да сөз болды. Әсіресе Қызылорда облысы аумағында қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келер жылы жолдың біраз бөлігі пайдалануға берілмек.
– Бүгінгі кездесуде ел сұрауына орай «Бейнеу-Шалқар» жобасын біраз талқыладық. Көп ұсыныс айтылды. Осыған байланысты келер жыл басында тағы да қосымша қоғамдық кеңес өткізуге келістік, – деді Көлік министрі Марат Қарабаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
ҚЫЗЫЛОРДА