Спорт • 07 Желтоқсан, 2023

Арман Дюплантис Астанаға келеді

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Келесі жылдың 27 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» жабық ғимаратында жеңіл атлетикадан «Astana Indoor Meet» деп аталатын аса ірі халықаралық турнир өтеді. Аталған жарысқа жерлестерімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерден бірақтар танымал спортшы қатысады.

Арман Дюплантис Астанаға келеді

Күні кеше ғана аталған жарысты ұйымдас­тырушылар жағымды жаңалықпен бөлісті. Атағы алысқа жайылған 24 жастағы сырықпен секіруші Арман Дюплантис Астанадағы дүбірлі додаға қатысуға өз келісімін берген екен. Ол АҚШ-тың Луизиана штатында дүниеген келгенімен, өзінің барлық табысына Швецияның туы астында өнер көр­сеткен кезде қол жеткізді. Арманның әкесі америкалық болғанымен, анасы – швед. Сол Болашақ жұлдыз нағашылары мекендеген мемлекеттің азаматтығын алуды жөн көрді.

2015-2017 жылдар аралығында жастар арасындағы жарыстарда Дюплантис жасындай жарқылдап, талай рекордты жаңартты. Ересектер дуына қосылғаннан кейін де ол бірден дараланды. Скандинавиялық сайып­қыран Еуропа чемпионатын екі рет ұтып, екі дүркін әлем чемпионы және бір мәр­те сол бәсекенің күміс жүлдегері атанды. Жабық ғимараттағы жарыстарда да қарсылас шақ келтірмеді. 2021 жылы Токио Олимпиадасында алдына жан салмады. Өзінің ең керемет көрсеткішіне Арман 2020 жылдың 17 қыркүйегінде қол жеткізді. Римде өткен кезекті бір жарыста Швеция спортшысы 6 метр 15 сантиметрге секіріп, Украинаның саң­лағы Сергей Бубканың бақандай 16 жыл бойы мұрты бұзылмай тұрған рекордын жаңартты. Одан кейін сол нәтижесін бірнеше мәрте жақсартты. Қазіргі кезде оның рекорды – 6,23 метр. Жабық ғимаратта Дюплантис 6,20 метрге секірді. Бұл көрсеткіштерді жаңартуға әзірге жер-жаһандағы бірде-бір жеңіл атлеттің қарым-қабілеті жететін емес.

Жоғарыдағы жаңалықты естіп, кәдімгідей қуанып қалдық. Өйткені дәл осындай деңгей­дегі жеңіл атлет елімізге бұрын-соңды ат басын бұрмаған. Міне, енді Арман Дюплантис Астанаға келеді. Швецияның мақтанышы Арқа төсінде әлемдік рекордты қайта бір жа­ңартса, осы тарихи сәттің куәсі болу бақыты бізге де бұйыратын еді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр өткен «Astana Indoor Meet» турнирінде амери­калық Майкл Роджерс (60 метр, ерлер), хорватиялық Марина Блоудек (800 метр, ерлер), эфиопиялық Әли Амдилмана (3 000 метр, ерлер), кубалық Роджер Ирибарн (60 метрге кедергілер арқылы жүргіру, ерлер), португалиялық Ариалис Хосефа Гандулла (60 метр, әйелдер), кениялық Джаринтер Мавия Мвасия (1 500 метр, әйелдер), өзбекстандық Дария Резниченко (ұзындыққа серкіру) сынды танымал спортшылар топ жарды. Өз отан­дастарымыз арасынан Михаил Литвин (400 метр), Элина Михина (400 метр) және Надежда Дубавицкая (биіктікке секіру) дара шықты.