Қаржы • 07 Желтоқсан, 2023

Аграрлық жобаларды қаржыландырады

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста Агроөнеркәсіптік кешені қаржы институттарының ішінде «Қазақстанның Даму банкі», «Аграрлық несие» корпорациясы, «Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингі мен «Halyk Bank» басшыларымен жеңілдетілген қаржыландыру үшін агрожобалардың басым бағыттары мен несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі туралы уағдаласқан еді. 

Аграрлық жобаларды қаржыландырады

Онда шаруалар үшін сыйақының 6%-дан аспайтын түпкілікті мөлшерлемесі және ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік сая­саты талаптарына жауап беретін жобаларды үздіксіз қаржыландыру жағы қарастырылды.

«Halyk Bank» АӨК саласындағы жобаларды қаржыландыруға Үкіметпен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, мемлекеттік субсидиялар бөлуге дайын. Кеңесте «Halyk Bank» басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова атап өткендей, банк мемлекеттік қолдаудың бағытын бірінші кезекте терең өңдеуге ауыстыру туралы шешімін қолдап, Үкіметтің АӨК саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатысатындығын жеткізді.

Қазақстанның Даму банкі мен Аграрлық несие корпорациясының басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік сая­сат­тың басым бағыттарына жауап беретін жобалар үшін екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қаржыландыруды және синдикаттауды қарауға дайын екендіктерін білдірді.

«Ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары – негізінен ел азаматтарын азық-түлік қорымен қамтамасыз ету. Бұл тұтыну шы­ғын­дарының жартысын құрайтын ет (17%), нан және жарма (8%), сүт өнімдері (5%), көкөністер (4%), жемістер (4%), қант және кондитерлік өнімдер (3,6%) тауарлардың алты негізгі тобы жатады. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл өнімдерді елде өндіруді қамтамасыз ету және тұтынушы үшін олардың бағасын төмендету. Осы мақсатта мемлекетті жеңілдікпен қаржыландыру бірінші кезекте тауарлы сүт фермаларын, көкөніс қой­маларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді өңдеу жөніндегі жобаларға қолдау көрсетіледі», деген еді Премьер-министрдің орынбасары.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын АӨК саласында қайта өңдеудің 500 әлеуетті жо­ба­ның пулы қалыптастырылды. Жеңілдетілген қаржыландыруға үміткерлердің жобасы белгі­лен­ген талаптар бойынша талдаудан өтеді, соның ішінде қарыз алушы кәсіпорын мо­делінің бизнес тұрақтылығы мен оның іскер­лік қабілеті ескерілетін болады.

Әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Алдағы үш жылда жалпы негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін – АӨК жалпы өнімінің көлемін 2,6 трлн теңгеге және қайта өңделген өнім көлемін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту үшін перс­пективалы жаңа жобалармен толықтырылуға тиіс.

Бұған дейін де Аграрлық несие корпорациясы өткен жылдың нәтижесін 40%-ға асыра орындап, жоспарланған 330 млрд тең­генің 300 млрд теңгесін игергені туралы хабар­ла­ған болатын. Аталған корпорация агро­биз­несті дамыту үшін фермерлердің тарапынан уа­қтылы қаржыландыру қажеттігі артып отыр­ғандығын (негізгі құралдарды сатып алу, мал басын ұлғайту және айналым қаражатын толықтыру) «Агробизнес» бағдарламасы бо­йынша қосымша 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлаған. Онда өсімдік пен мал шаруашылығын және қайта өңдеу саласын дамыту жобаларын қаржыландыруға бағыттады. Субсидияны есепке алғанда жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жоспары – 143 млрд. Бүгінгі таңда игерілген қаржы 140,4 млрд, орындалған жоспар 98%-дан асып отыр. Осы қаржы арқылы 3 мыңнан астам фермерге қолдау көрсетілген.

Жоспардан тыс бөлінген қаржы фермерлердің бұрын келіп түскен және қаралып жатқан өтінім­де­рін несиелеуге байланысты шамамен 2 мың фермер несие қаржысымен қамтамасыз етілген.

Алдын ала бағалау бойынша қосымша қара­жат есебінен жылдық қаржыландыру көлемі алдыңғы жылғы көрсеткіштен асып, шамамен 370 млрд теңгені құрады.

Бұл корпорация арқылы еліміздің агроөнер­кәсіп кешенін қолдауға байланысты жалпы сомасы 2,6 трлн теңге болатын 271 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Қазір корпорация портфелінде 88 мың фермер бар және Агроөнеркәсіп секторындағы несие портфелінің үлесі («ҚазАгроҚаржы» АҚ портфелін қосқанда) 76%-дан асады.