Жастар • 07 Желтоқсан, 2023

Ізгі ниетті жандар

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қысқы мейірімділік аптасы жалғасын тапты. Қоғамға ізгі ниетті жан­дар­дың еңбегін насихаттауды көздеген науқан еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатыр. «Жастар рухы» жастар қанаты астаналық ардагерлерге, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беріп, елордада «ТазаLike» акциясын өткізді.

Ізгі ниетті жандар

Асылында, волонтерлердің ерікті ерлігін ұдайы насихаттауымыз қажет. Өйткені әлем әбігерге түсіп, көптің кө­ңілі күпті болғанда бір-біріне көмек­те­сіп, барымен бөлісетін осы жанашыр­лар. Төл генетикадағы жіпті үзбей, қоғамның мейір­лене түсуіне сеп болып жүргендердің бірі – Ақерке Искандерова.

«Волонтерлікке өмірлік ұстанымым мен кез келген ортадағы белсенділігім жол ашты. Мектеп кезінен еріктілікті серік еттім. Әрдайым экологиялық нау­қан­дарға қатысып, қарттарға көмек көр­­сетіп жүретінбіз. Кейін студенттік шақ­та түбегейлі волонтерлікке кірістім. «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде, қа­ла­­лық еріктілер штабында болып, дәрі­­герлерге, полицейлерге, кеден қыз­метінің өкілдеріне, мәдени ұйымдардың қызметкерлеріне белсенді түрде қолғабыс еттім. Артынша «Жастар рухы» жастар қанатына қосылдым. Орынбасарлық қызметке көтерілдім. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмек үлкен рөл ат­қаратынын есімізден шығармауымыз керек. Жастар қанатының кез келген өкілі немесе белсендісі мен секілді қыз­мет жолын еріктіліктен бастады десем, қателеспеймін. Мектеп оқушысынан бас­тап қарияларымызға дейін әрқашан қолұшын созуға ұмтылып тұратын біздің азаматтар бойына мейірімділік, адалдық, еңбек­қорлық сынды қасиеттерді жина­ған. Біздің топ еліміздегі ең үлкен әрі ең көп жастың басын қосқан ұйым ретінде өз қатарындағы рухы биік во­лон­терімен мақтанады. Волонтер болу оңай, ол біздің әр пайдалы әдетіміз бен өнегелі ісімізде көрініс тапқан. Әрі ерік­ті­лік – жас талғамайтын, сауапты іс», дейді «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары.

Бүгінде «Жастар рухы» сапындағы бір топ волонтер ардагерлерді ардақтап, көше сыпырушы азаматтарға көмек көр­сету, төтенше жағдай кезінде алдың­­ғы қатардан табылу, халыққа гу­ма­ни­­тар­лық көмек үлестіру немесе апат бол­ған орынды қалпына келтіру, вандалдар қалдырған суреттерді жо­йып, тарихи ескерткіштерді тазалау, поли­ция қыз­меткеріне серік болып, қоғам­дық тәр­тіпті сақтауға шақыру, қарау­сыз қал­ған жануарларға пана табуға жәр­дем­десіп жүр.

«Біз қандай жағдайда да көппен бірге болдық. «Amanat» партиясының жанын­да­ғы жастар елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде алдыңғы шептен табылды. 2019 жылда Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел дүрлікті. Оқыс жағдай болған күннен бастап барлық аймақта гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін аштық. 750-ден аса ерікті Арыс қаласының эвакуацияланған тұрғындарын тіркеу және орналастыру, жоғалған балаларды іздестіру, гуманитарлық кө­мек­ке жа­татын тауарларды түсіруге қа­тыс­ты. Во­лон­тер­лер көлемі 450 тонна гу­ма­ни­тар­лық кө­мекті қоймаларға жайғас­тыр­ды.

Әлемді есеңгіреткен індет тұсында Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Мақтаарал ауданында бірнеше елді ме­кенді су алып, республикалық көлем­нен бөлек, өңірлік техногенді төтен­ше жағдай жарияланды. Осы сәтте жастар қанатының 500 волонтері Мақ­таарал ауданында тұрғындарды эвакуациялауға қатысты. Су астында қалған үйлерді қалпына келтіруде еріктілер аудан хал­қы­на көмек көрсетті. Құрылыс материалдарын жеткізіп, 1000 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті халыққа таратты.

Қостанайда болған өрт кезінде де шетте қалмады. Төтенше жағдай жария­лан­ған сәттен бастап, олар 3 қала мен 17 облыста гуманитарлық көмек қабылдау орталықтарын ашты. Еліміз бойынша 1300-ден аса волонтер Әулиекөлге көмек көрсету үшін жұмыс істеді. Апат болған аймақта Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Астана қаласынан 300-ге жуық волонтер гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды. Азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Волонтерлердің күші 1200 тоннадан аса жиналған тұрмыстық қажеттіліктер, азық-түліктер, құрылыс материалдары мен техникалық жабдықтарды тұрғындарға үйлестіруге жұмылдырылды», деді А.Искандерова.

Қазақ «Көп түкірсе – көл», «Сауапты істің үлкен-кішісі болмайды» деп жатады. Бірақ ірілі-ұсақты шаруаның көптің көмегімен бітетіні тағы бар. Осы орайда Ақеркенің рухтастары былтыр қытымыр қыста жылусыз қалған Екібастұздағы отандастарымызға азық-түлік пен 1700-ден аса электр жылытқыш таратты.

Елді есеңгіреткен Абай облысындағы алапат өрт кезінде 500-ден аса волонтер халықты эвакуациялау, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу, құтқарушыларға ыстық тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешек жөнелтуде жұмылды. Бас-аяғы бес күнде еліміздің бірқатар өңірінде 126,5 тонна гуманитарлық көмек жиналды.

«Жастар рухының» тұрақты өткі­зіп тұратын науқандары да бар. Мәсе­лен, «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында полиция департаменттерімен бір­лесе құқықтық тәртіпті сақтау бойынша 374 бірлескен акция мен рейд өткіздік. Нәтижесінде, 8 300-ден аса құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 500-ден аса тарихи, мәдени және табиғи мұраны, ескерткішті вандализмнен сақ­тауға бағыт­талған республикалық ауқымды нау­қан ұйым­дас­тырдық. Оған 1500-ден астам волонтер қатысты. Қазіргі таңда қала, аудан ішінде вандализммен кү­ресу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында синтетикалық есірткі жарнамасы бар 5000-нан астам граффитиді жойдық. Оған 1000-нан астам ерікті жәрдемдесті. Сондай-ақ «ТазаLike» экологиялық жо­басы барысында да қоғамдық орындарды тазалауға көмектестік. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы «Biz birgemiz!» жалпыұлттық акциясы басталды. Оған республика бойынша 5 мың волонтер жұмылдырылды. 320 мыңға жуық отбасы азық-түлік себеттерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Тұрмысы төмен 100 мың отбасына 5 миллион маска тегін таратылды. Бұл – волонтерлер атқарып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Елім деп еміреніп, халқым деп қызмет етіп жүрген волонтерлер еңбегі еленіп, аза­мат­тардың алғысына бөленетініне сенім­діміз. Бастысы – бәрі отан­сүйгіш, адал ниетпен жүзеге асып жатыр», деді волонтер.

Жалпы, адамзат бойында жүректің орны бөлек. Ізгі ниетпен, ақ пейілмен жасалған жақсылық жүректерді жылытып, жақындастырады. Демек бүгінгі еріктілік жастарды ертеңгі елдік тұлға деңгейіне көтеретіні анық.