Үкімет • 07 Желтоқсан, 2023

Іскерлік байланыстың заңнамалық негіздері

153 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы ратификацияланды. Сондай-ақ депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.

Іскерлік байланыстың заңнамалық негіздері

Бірқатар құжат ратификацияланды

Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Қатар үкіметтері ара­сындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді ратификация­лады. Құжат 2022 жылдың 12 қазанында Астанада жасалған. Оның мақсаты – инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы елдер­дің экономикалық әл-ауқатын жақсарту.

«Бұл құжат екі мемлекет аума­ғында инвестициялық қыз­мет­ті жүзеге асыру кезін­де ин­­вес­торлардың халықара­лық құ­қықтық кепілдіктерін қамта­масыз етуге бағытталғанын атап өту қажет. Келісім инвестициялық қыз­метті жүзеге асыру кезінде ин­весторлардың құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету ар­қылы ынтымақтастықтың құқық­тық негізін құрып отыр. Бұл ретте инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер ара­сын­­дағы өзара тиімді сауда-эконо­ми­­ка­лық ынтымақтастықты одан әрі дамы­туға жағдай жасалады. Құжат ратифи­кация­ланған жағдайда оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева.

Тараптар өздерінің ұлттық заңнама­сына сәйкес екінші мем­ле­кеттің инвес­тор­­ларын ынт­алан­дыруға және оларға қолай­­лы жағдай жасауға міндетте­леді. Инвес­тициялар басқа Уағдала­сушы елдің аумағында әділ және тең режіммен және толық қорғау мен қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және (немесе) олармен байланысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығын өзіне қалдырады.

Сонымен қатар 2018 жылғы 21 қара­шада қол қойылған Қазақстан мен Син­гапур үкіметтері ара­сындағы Инвес­тицияларды көтер­мелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификацияланды. Келі­сімнің мақсаты – неғұрлым тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ кәсіп­кер­лік бастамаларды ынталандыру, екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру.

«Сингапур Қазақстанның Оң­түстік-Шығыс Азиядағы жетек­ші серіктестерінің бірі және әлем­дегі маңызды қаржылық хабтардың біріне айналған. Қазір инвестиция саласында екіжақты қарым-қатынастар белсенді дамып келеді», деді Н.Нұрбаева.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақ­стан экономикасын дамыту үшін Сингапур инвестицияны тиімді басқарудың тәжірибесі мен технологиясын ұсына алады. Бұл құжат аясында инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдік­терін қамтамасыз ету ескерілген.

«Атап айтқанда, келісім ин­вес­ти­­циялық қызметті жүзеге асыру кезін­де инвестор­лар­дың құқық­тарының кепіл­дік­терін бекіту арқылы ынтымақтас­тық­­тың құқықтық негізін құруды қарас­­ты­рып отыр. Құжат ратифи­ка­циялан­ған жағдайда, оны іске асыру теріс әлеу­меттік-экономи­ка­лық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республи­ка­лық бюджеттен қосымша қаржы­лық шығындарды талап етпейді», деді министрдің орынбасары.

Келісім аясында бірінші тарап екінші елдің инвесторларын өзінің ұлттық заңнамасы мен жалпы экономикалық саясатына сәйкес өз аумағына инвес­ти­циялауға ынталандырады және қолайлы жағдай жасайды. Сон­дай-ақ екінші тарап мемлекеті инвесторларының инвестиция­ларына әділ және тең құқықты режім­ді, халықаралық құқыққа сәйкес толық­тай қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Мәжіліс депутаттары 1999 жылғы 4 маусымда Өнертабыс­тар­ды құқықтық қорғау сала­сын­­да мемлекетаралық құпия­лар­­­дың сақталуын өзара қамта­ма­сыз ету туралы келісімнің қол­да­нылысын тоқтату туралы хат­таманы ратификация­лады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер­де Келісім қолданылған кезең ішінде, КСРО-да іс жүргізу аяқ­тал­маған және қорғау құжатының қолданылу мерзімі бітпеген құ­пия өнертабыстарға қор­ғау құжат­тарын беру туралы бірде-бір өтінішхат берілген жоқ.

Құжаттың өзекті болмауын ескере отырып, ТМД Сыртқы істер министр­лері­нің кеңесі оның жұмысын тоқтату тура­лы шешім қабылдады. Тиісті хаттамаға 2021 жылдың 4 наурызында қол қойылған.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, келісім­нің ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде қолданылу мерзімінің барлық кезеңінде КСРО-да жасалған құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беруге бірде-бір өтініш берілмеген.

«Өнертабыстарды қорғау мерзімі 20 жылды құрайтынын атап өткен жөн. Қазір КСРО-да жасалған барлық өнертабыстар бойынша қорғау құжаттарының әрекет ету мерзімі өтіп кетті. Осы­ған байланысты ТМД Атқару­шы комитеті Келісім маңыз­ды­­лы­ғының жоқтығына байланыс­ты оның қолданысын тоқ­тату туралы мәселе көтерді. Қазақ­стан Рес­публикасы Келісімнің қол­данысын тоқ­тату туралы хаттамаға 2020 жылғы 8 жел­тоқ­санда қол қойды. Келісімнің қол­­данысын тоқтату туралы хаттаманы рати­фи­кациялау туралы Заңын қабылдау теріс әлеу­меттік-экономикалық немесе құ­қық­тық салдарға әкеп соқпайды және мем­лекеттік бюджеттен қосымша шығыс­тарды талап етпейді», деді Әділет министрі.

Мәжіліс жалпы отырыста 3 заң жобасын жұмысқа алды. Олар ғылым және тех­нологиялық саясат туралы заң жоба­сы мен оған ілеспе түзетулер, диплома­тия­­лық қызмет мәселелері бойынша түзетулер.

 

Қоғамды су мәселесі алаңдатады

Жиын соңында депутаттар тиісті мем­­лекеттік мекемелердің басшыларына сауал­­дарын жолдады. Бақытжан Базарбек су тап­­шылығы мәселесін көтерді. Оның ай­туын­ша, дабыл қағатын уақыт келіп отыр. Өйткені 2040 жылы елімізде су тап­­­шы­лығы 15 млрд текше метрді құра­мақ­шы. Бұл – шамамен Арал теңізіне пара-пар.

«Елімізде таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 пайызға азаяды. Сонда әрбір екінші отандасымыз ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе? Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретінін білесіздер. Бұл – өте қауіпті. Екіншіден, еліміздің дала­сы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәсе­ле жыл сайын қайталанып отыр­са да әлі күнге шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақы­рымдық каналды жаң­ғыр­туды тапсырды. Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар. Мысалы, ресми дерек бойынша елімізде 1 478 гидро­техни­ка­лық құрылғы бар. Соның ішінде 342 су қой­масы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333-і рес­пуб­ликалық меншікте, 895-і – ком­муналдық меншікте, ал ең қы­зығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і иесіз екен», деді Б.Базарбек.

Премьер-министрге жолдаған сауалында депутат су қоймалары ең басты стратегиялық нысан екеніне назар аударды. Сон­дық­тан еліміздегі мұндай маңыз­ды су сақтау нысанының көп­ші­лігі жекешеленіп кеткеніне алаң­даушылық білдірді.

«Су қоймалары мен көлдердің қожа­йын­дарының не істеп, не қойып жат­қаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалған. Ал жеке­леген фактілер бойынша мем­лекеттік жер кадастрі база­сын­да тіпті табиғи жолмен қалып­тасқан көлдер жер телімі ретінде бері­ліп кеткен. Қожайындары көл­дер­ді қоршап, халықтың нара­зы­лығын тудырды. Бұл кемінде 5-6 облыста кездесетін жағдай.

Сондықтан еліміздегі осындай нысан­дарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мем­лекет меншігіне қайтару – кезек күт­­тірмес іс. Мысалы, бөгендердің салын­­ғанына 30-40 жылдан асса, онда апат болу қаупі артады. Олар­дың жай-күйі қан­дай, қан­ша­сының тозығы жеткен, қанша­сына жөн­деу жұмыстары қажет деген мәлі­мет­тер анық емес. Бұл жауапты мемле­кет­тік мекеме тарапынан бақылау мен мо­ни­­то­­рингтің әлсіздігін көрсетеді», деді Б.Базарбек.

Депутат каналдар мәселесінің ма­ңызы­на да жан-жақты тоқтал­ды. Б.Базар­бек келтірген мәлі­мет­ке сүйенсек, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және ша­руашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60 пайыз су құрдымға кетіп жатыр.

«Бұл – үлкен шығын. Демек бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде. Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Су­дың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тап­сырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын. Бұл мәсе­лені өткен аптада әріптесім Болатбек Нажметдинұлы да көтерген болатын. Судың жайы бәрімізді де алаңдатып отыр. Осыған орай, мәселенің маңызын ескере отырып, «Amanat» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады», деді Б.Базарбек.

Депутат еліміздегі жекемен­шікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлес­ті­рілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көл­­дер­ді, бөгендерді және тағы да басқа стра­те­гиялық маңызды су ны­сан­дарын мем­ле­кетке қай­тару ша­раларын қолға алу­ды ұсын­­ды. Сондай-ақ осы салада заң­­сыз­­дыққа жол беріп, талапқа бағын­байтын­дарды қатаң жазаға тартуға шақырды.

 

Активтерді қайтаруға қатысты сауал

Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа, Активтерді қай­та­ру жөнін­дегі комитеттің төр­ағасы Нұрдәулет Сүйін­діковке активтерді қайтару мәселесі бойын­ша жүгінді. Оның айтуын­ша, Активтерді қайтару жөнін­дегі комитет екі ай бұрын құрыл­ғаны­мен, оның іс-әрекеті жөнінде мүлдем хабар жоқ.

«Комитеттің қызметінен қоғам ма­құрым. Сондықтан ак­тив­­­тер­ді қайтару жөнінде заң қабыл­­даған депутаттардың Асылов пен Сүйіндіков мырзалар­дан мы­на сұрақтардың жауабын біл­гісі келеді. Ел Президенті белгі­леген тапсырмаларды орындау бағытында комитет қандай күштік құрылымдық құраммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде ко­ми­теттің құрамында қанша қыз­меткер бар? Еске салайын, Пре­зи­дент алғашында комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юрисдикция­лармен, халықаралық іздестіру бюро­ларымен жұмыс істейтін бө­лі­мінде қанша қызметкер жұ­мыс істейді? Өткен екі айдың ішін­де елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Кейінгі бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жай­лары­ңыз бар сияқты. Қоғам ал­дында комитеттің құпия емес ал­ғашқы іс-шараларын жария етіп, көп­шілік алдында бір баспа­сөз кон­ференциясын беретін уақыт бол­­ған жоқ па? Ұрланған ак­тив­тер­­­дің елге қайтарылуын, қа­з­ы­на­ға қанша қаржы түсе­рін ба­ғып, сізд­ердің іс-әрекеттері­ңізді аңдып отырған қоғам бар еке­нін ұмытпаңыздар», деді Е.Бапи.