senate.parlam.kz
Қазақстанда көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтаған. Жоспар бойынша 2015 жылы бүкіл ел аумағы «цифрмен» қамтылуы керек еді, бірақ жоба 10 жылға ұзартылды. Сенатор Б.Жексенбай цифрлық технологияны дамытудың нәтижесінде облыс орталықтарында 30-ға дейін, шалғайдағы елді мекендерде 15 арнаға дейін хабар таратуға болатынын айтты.
«Алайда, әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни, жекеменшік арналардың дамуына өзіміз кедергі жасап отырмыз. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне дұрыстап назар аударатын кез келді. Қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді екен. Алайда, еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізілуі тиіс», деді сенатор. Шекараның шебіндегі елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік телеарнаны емес, көгілдір экраннан көрші елдің идеологиялық теле өнімін көретінін айтты.
Бибігүл Жексенбай жеке арналарға мультиплекстің қызметтік ақысын арзандатып және шекара маңындағы елді мекендердегі отандық телеарналардың тізімін кеңейту қажеттігін ұсынды.