Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайына жиналған сан мың жанкүйер Жалғас Жұмағұловтың (14-9) айқас алаңына шыққанын тағатсыздана күтті. Кезінде ол ресейлік «Fight Nights Global» ұйымының чемпионы болғаннан кейін UFC-мен келісімшартқа отырған еді. Алайда әлемнің ең белді промоушені ұйымдастырған дүбірлі додаларда қандасымыздың жолы болмады. 7 жекпе-жектің алтауында жеңілген Жұмағұлов қайта елге оралды. Астанада 35 жастағы сақа спортшы жапониялық Масато Накамурамен (9-7) жұдырықтасты. Бұл бәсеке ұзаққа созылған жоқ. Жалғас қарсыласын бірінші раундта-ақ ауыр соққысымен ұрып жығып, дүйім жұрттың қошеметіне бөленді.
Елорда төрінде өткен жарыстың басты жекпе-жегінде Диас Еренғайыпов (14-3) пен Жапонияның тағы бір файтері Руи Фукуда (21-7-1) «Naiza» ұйымының алтын белбеуін сарапқа салды. Бұл айқаста Диас ұпай санымен жеңісе жетті.