Жалынды жастар арасындағы жауапты жарысқа төрт өңірдің өрендері өте жақсы дайындықпен келгені бірден байқалды. Солардың арасынан Қарағанды облысының көші ілгері болды. Кеншілер аймағының өкілдері 2 алтын, 3 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Жекелеген былғары қолғап шеберлеріне келер болсақ, 52 кг салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қарағандылық Алмас Нұрлан мен Руслан Құлымбеков өзара сарапқа салды. Бұл бәсеке алғашқысының пайдасына шешілді. 82 кг салмақта Иманғали Нұрпейісовтің асығы алшысынан түсті. Финалда ол оралдық Имран Дінішевтен басым түсті.
Жалпы есепте Жамбыл облысы (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) екінші орынды иеленді. Тараз бокс мектебінің түлектері арасында Асқар Қуаныш (63,5 кг) пен Мадияр Бексұлтановқа (80 кг) тең келер ешкім табылмады. Ақтық сында Асқар түркістандық Ахмет Үсенді тізе бүктірсе, Мадияр астаналық Шәміл Сагидолдаевқа сан соқтырды. Үшінші сатыға Қызылорданың қырандары (2+0+1) жайғасты. Сыр бойы жанкүйерлерін Ерхан Оңталапов (54 кг) пен Аслан Елдібайұлы (92 кг) қуантып, бас жүлдені олжалады. Төртінші орынға табан тіреген Шымкенттің шымыр жігіттері екі алтынды еншіледі. Олар – Бек Жолдасбек (60 кг) пен Санжар-Әли Бегәлиев (75 кг).
Батыс Қазақстан (1+1+3), Түркістан (1+1+1), Жетісу (1+0+0), Ақтөбе (1+0+0) облыстары мен Алматы қаласы (1+0+0) өкілдерінің де аяқалысы жаман емес. Финалда оралдық Өнер Сейілхан (71 кг) астаналық Әлмұхаммед Ахметовтен айласын асырса, Оңтүстіктен келген Сұлтан Тұрдалы (67 кг) мен талдықорғандық Әділбек Қожахан (48 кг) абайлық Диас Серікұлы мен Абай Төлеубековті жеңді. Ал алматылық Нұркелді Жұматай (+92 кг) маңғыстаулық Салауат Тілекбайды айқын басымдықпен ұтты.
Сондай-ақ Астана қаласы (0+2+3), Абай (0+2+3), Алматы (0+1+3), Маңғыстау (0+1+0), Павлодар (0+0+2), Ақмола (0+0+1), Атырау (0+0+1), Қостанай (0+0+1) және Шығыс Қазақстан (0+0+1) мен Солтүстік Қазақстан (0+0+1) облыстарының боксшылары да үйіне құралақан оралған жоқ. Бір айта кетерлігі, Қазақстанның барлық аймағынан келген жалынды жастардың жарысында Ұлытау өңірінің өрендеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.