Жалпақ жұрттың жүйкесін тоздырған, бейнетін бесбатпан еткен осы мәселенің түпкі себебі – 1990 жылдары электр желілерінің жекеменшікке өтуінде. Әрине, жекеменшікке өткеннен кейін өздерінің міндеттерін адал атқарып, қаншама ауылды электр қуатымен уақтылы қамтамасыз етіп тұрса, ешкім де өкпе-назын айпас еді. Бүгінде 20 мыңнан аса халық тұратын осы ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз ететін желінің 90 пайызға жуығы әбден тозып біткен. Мамандардың айтуына қарағанда, компания желі бойындағы ақауды жөндеп, жаңғыртуға қаржы бөлмей отыр. Ауыл тұрғындары әбден титығына жеткен түйткілді аудандық әкімдікке жеткізіп, мәселенің мәнісін сұрап, қиын түйіннің қашан шешілетінін білгісі келгенімен, көңіл көншітерлік хабар-ошар жоқ.
– Электр қуаты жиі сөніп қалады, – дейді Шағалалы ауылының тұрғыны Галина Мирошниченко, соның салдарынан сусыз да қаламыз, жаз бойы әбден қиындық көрдік. Жарық жиі өшіп қалатындықтан, тұрмыстық техникаларымыз да істен шығып жатыр. Біздің ауыл үлкен елді мекен болғанымен, колонкалар да аз. Барының өзі тозып бітті. Қазір бір-екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Ауылдағы ахуалды әкімдік жақсы біледі, бірақ қиындықпен күн кешіп жатқан ауылдардың тұрмыстық жағдайын түзеуге келгенде неге тартына беретіні түсініксіз. Аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі электр желілерінің «Зеренді групп» акционерлік қоғамына тиесілі болғандықтан еш қайраны жоқ. Ауданның оңтүстік бөлігіндегі электр желісі бойында апаттың жиі болуына байланысты аудан әкімдігі 2021 жылы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдаған.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, көресіні қыстың күні көреді екен. Өзгесін былай қойғанда аудан орталығының кейбір бөлігі ауыз сусыз қалады. Аудандық әкімдікке су құбырын орнату туралы айтылған өтініштеріне алатын жауабы жер тастақ. Әрине, тастақ жерді қазу, құбыр орнату қиын да шығар, бірақ қазір технологияның дамыған заманында осы бір тығырықтан шығар жол табылмай тұр деудің өзі күмәнді.
– Электр бағаналары да түбінен шіріп, әне-міне құлап қалайын деп қаусап тұр. Осының өзі-ақ қатер емес пе?! – дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Ержанұлы.
Айтса айтқандай, электр желісі жарты ғасырдан бері жаңартылмаған. Қаншама берік етіп салынса да, желдің өтінде, жауын-шашынның салдарынан тозып тұр. Арагідік жамбастай қисайған бағананы, ащы ішектей шұбатылып жатқан сымды көруге болады. Тұрғындардың айтуына қарағанда, көз байлана халық электр қуатын көбірек пайдаланған кезде трансформаторлардың қуаты жетпей, от ұшқындап, иманын қасым етеді.
Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетелік. Аудандағы 180-ге жуық трансформатор мен 800 шақырымнан аса электр желісі – жеке компанияның иелігінде. Кәсіпкердің өзін табу қиын. Ауыл адамдары шағымын айтпақ болып күндіз қолдарына шам алып іздесе де таба алмайды. Біздің де тілдеспек болып талпынған әрекетіміз нәтижесіз болды.
Аудандық әкімдіктің айтуына қарағанда, 2018-2019 жылдары электр желілеріндегі апаттарды жою және қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін амалсыздан бюджет қаражатын жұмсаған. Енді оны қайтарып алу үшін сотқа жүгінуде. Сот үдерісі әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Қазіргі меншік иесі «Зеренді групп» электр желілерін сатқысы келмейді. Ендігі жалғыз жол – жанама электр желілерін орнату. Сонда ғана қырыққа жуық ауылдың аспанында үміт сәулесі жануы мүмкін.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы