Біз, ауыл балалары, 14 жасымыздан еңбекке араластық, жазғы демалысымызда кеңшардың мал азығын жинау жұмысына қолғабыс еттік. Өмір бойы ешбір жұмыстан қашқан жоқпыз. Зейнет жасына келген кезде жалақымыз төмен болды. Ауылда еңбекақы 40-50 мың теңгеден аспайтын. Сондықтан зейнет жасына келгенде базалық зейнетақымыз 20-30 мың теңге төңірегінде ғана болды. 2018 жылы еңбек өтілімізді есептеп, 12 800 теңге қосты. Зейнетақы өскен сайын пайыздық өсім тек базалық зейнетақыға қосылады, бұл мардымсыз. Мысалы, қазір инфляция 23 пайыз болса, біздің зейнетақымызға қосылған 8-9 мың теңгеден не пайда бар?
Біз – соғыстан кейін дүниеге келіп, балалық, жастық шағы ең ауыр кезеңге тап болған буынбыз. Хал-қадірімізше еңбек етіп, балаларымызға және өзіміз қартайғанда жұмсаймыз деп банкке жинаған ақ адал қаржымыз күйіп кетті. Оны қайтару үшін Үкімет ештеңе істеген жоқ.
Бүгінде теледидардан еліміз бойынша орташа зейнетақы мөлшері 125 мың теңге деген ақпарат естіп жатамыз. Алайда 1955 жылға дейін дүниеге келген ауыл азаматтарының зейнетақысы өте төмен. Қазіргідей қымбатшылық заманда азық-түлік қана емес, коммуналдық тарифтер, жол билеттері, ем-дом, дәрі-дәрмек бағалары да шарықтап кетті.
Өз басым өмір бойы Азғыр, Капустин Яр әскери полигондарының іргесінде, Орда ауданында тұрдым. Жасымыз 70-тен асып кетті. Денсаулығымыз да жақсы емес. Менің өз атымнан және 1945-1955 жылдар арасында туған еңбек ардагерлерінің атынан сұрайтыным, біздің зейнетақымыздың базалық бөлігіне қоса жинақтаушы бөлігі де өсірілсе екен. Өйткені инфляцияға байланысты зейнетақымызға қосылып жатқан қосымша мардымсыз. Тапқанымыз қапқанымызға жетпей жатыр.
Хабдулқадыр АҚПЕЙІСОВ,
зейнеткер
Орал